Тelegram мессенджерінде адам басының силикон муляжына микрочип енгізу барысы көрсетілген бейнеролик тарады.
Құрылғыны иненің көмегімен құлақтың артына мүлдем көрінбейтіндей етіп орналастырады. Видео астында бәрін осылай чиптейді деп жазылған. Бұл фейк, деп хабарлайды ERNUR.KZ stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Шын мәнінде, роликте көрсетілген манипуляцияны жануарларға арналған шприц-аппликатормен жасайды. Мұндай құрылғыларды ірі маркеплейстерде және ветеринарлық дәріханаларда сатып алуға болады. Шприцке диаметрі әдеттегіден әлдеқайда кең қуыс ине салынған. Ол арқылы көлемі күріш дәніндей ғана чип өтеді.
Құрылғының функционалдығы өте шектеулі – онда жануардың жасы, шығу тегі және иесі туралы ақпарат, сондай-ақ жоғалған жағдайда үй жануарын табуға болатын сәйкестендіру нөмірі болады. Бұл деректерді арнайы сканердің көмегімен ғана оқиды.
Адамдарды бұлай чиптеу мағынасыз, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, чипте ұсынылған ақпарат (мысалы, иесі мен тұқымы туралы мәліметтер) адамдарға қолданылмайды немесе құжаттарда көрсетілген (мысалы, жасы).
Оның үстіне, диаметрі үлкен инені құлақтың артына енгізу және мұндай процедураны вакцинациямен шатастыру мүмкін емес. Иммундауға арналған препараттар, әдетте, дельта тәрізді бұлшық етке, яғни иыққа егіледі.
Бүгінгі таңда адамдар чиптерді өз қалауы бойынша енгізе алады. Құрылғылар ақпаратты оқу қиын болатын құлақтың артына емес, алақанның сырт жағына тері астына салынады. Мұндай чиптердің функционалдығы да өте қарапайым және олардың көмегімен адамды бақылау мүмкін емес.
Қорыта айтқанда, видеода жануарларға жасалатын манипуляция көрсетілген. Кадрларда – ветеринарлық шприц-аппликатор. Ол вакциналар мен басқа да дәрі-дәрмек егілетін қарапайым инъекциялық шприцтен айтарлықтай ерекшеленеді. Планета халқын чиптеу конспирологиялық теория болып табылады және ешқандай дәлелі жоқ. Бұған дейін біз қазақстандықтарды вакцинациялауға арналған шприцтерден чиптер табылғаны туралы фейкті жоққа шығарған болатынбыз.Бұл роликте де ветеринарлық аппликаторлар көрсетілген еді.