21 қазанда 8-сынып оқушылары жатақханада өздерін бір класс төмен оқып жүрген балаларды соққыға жыққан. Біреуі бәрін видеоға түсірген.
ERNUR.KZ. Степногордегі Бөгенбай батыр атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында болған оқиғадан кейін осы мекеменің басшысы қызметінен босатылды, деп жазады sputnik.kz.
Желіде тараған видеодан кейін Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықпаев Степногор қаласына барып, шұғыл кеңес өткізді. Сол жерде Бөгенбай батыр атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының директоры Тұрсынбай Тоққожиновты жұмыстан босату туралы шешім қабылданды.
Ал облыстық денешынықтыру және сопрт басқармасының жетекшісі Әсет Бүкібаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
Бұдан бөлек, Степногор қаласы әкіміне оның орынбасары Гүлнәз Әбілованы тәртіптік жазаға тарту ұсынысы енгізілді. Ол осы салаға жауап береді. Сондай-ақ кәмелет жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияны басқарады.
Шұғыл жиын кезінде мектеп-интернатында болған оқиғаның мән-жайы да жарияланды.
21 қазанда 8-сынып оқушылары жатақханада өздерін бір класс төмен оқып жүрген балаларды соққыға жыққан. Біреуі бәрін видеоға түсірген.
Сол күні психолог жатақхананы аралағанда видеоны көріп қалады. Сосын бірден интернат басшылығына хабар берді. 29 қазанда директордың шешімімен бұзақылық жасап, оқушыларды соққыға жыққандар оқудан шығарылды.
Алайда білім беру мекемесінің басшылығы құқық қорғау органдары мен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі комиссияға есеп бермеген. Осылайша, тиісті органдарға хабар беру тәртібі бұзылды.
Артынан видео ата-аналар чатында тарады. Сөйтіп, 12 қарашада жергілікті пабликте жарияланды. Келесі күні кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі комиссияның шұғыл отырысы өтті.
Ал Ақмола облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 141-бабы (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) және 194-бабы, 2-тармағы (Қорқытып алу, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.