Қазавиақұтқару авиациялық қызметінің тікұшағы Түркістан облысының Жетісай ауданынан Шымкент қаласына санитарлық рейс орындады.
ERNUR.KZ. Жетісай ауданына қарасты Алғабастағы өрт кезінде зардап шеккен тағы бір адам ТЖМ тікұшағымен Шымкентке жеткізілді, деп жазады baq.kz.
Қазавиақұтқару авиациялық қызметінің тікұшағы Түркістан облысының Жетісай ауданынан Шымкент қаласына санитарлық рейс орындады.
Санитарлық рейс «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» РМҚК-ның үйлестіруімен ұйымдастырылды. Рейс барысында Түркістан облысындағы өрт салдарынан зардап шеккен, 1990 ж.т. азаматша Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді. Науқас Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, Шымкентте орналасқан гипербариялық орталыққа ауыстырылды, - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, зардап шеккен азаматшаны межелі жерге жеткізді.
Қону сәтінен кейін азаматша арнайы мамандандырылған дәрігерлердің бақылауына тапсырылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысындағы өрттен зардап шеккен 1986 жылғы ер адамды Шымкентке жеткізілген болатын.


