Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бүгін желдің жылдамдығы секундына 28 метрге жетіп, боран болатынын ескертті.
ERNUR.KZ. Қар жауып, боран ұйытқуы салдарынан Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында жол жабылды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бүгін желдің жылдамдығы секундына 28 метрге жетіп, боран болатынын ескертті. Іле-шала облыстық ПД баспасөз қызметі боран соғып, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі аумақтың жабылғанын хабарлады.
Сонымен бірге Шұбарқұдық ауылынан Атырау облысының шекарасына дейінгі аралықта көлік қозғалысы шектелді.
«ҚазАвтоЖол» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша 21 қараша күні сағат 07.30-дан республикалық маңызы бар Самара – Шымкент жолы (394-526 км, Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін) барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды», - делінген БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хабарламасында.
Жолдың жабылу себебі – қар аралас жаңбыр мен көктайғақтың болуы. Сондай-ақ осындай себеппен Самара – Шымкент жолының (710-526 км) Құршасай ауылынан БҚО шекарасына дейінгі аралығы да жабылған.