Қорғаныс министрлігі жауынгерлік авиация техникасы дезинфекция жұмыстарын жүргізуге қолданылмайтынын мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі әскери тікұшақтардың елді мекендер үстінен дезинфекция құралдарын шашып жатқаны айтылған видеоға түсініктеме берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
"Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде елді мекендер үстінен дезинфекция құралдарын шашуға әскери тікұшақтар қолданылып жатқаны туралы видео тарады. Қорғаныс министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды", - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Сонымен қатар қорғаныс министрлігі жауынгерлік авиация техникасы дезинфекция жұмыстарын жүргізуге қолданылмайтынын мәлімдеді. Олар орман және дала өртін сөндіруге көмек көрсету мақсатындағы іс-шараларға қатыстырылуы мүмкін. Ондай жағдайда арнайы су ағызу құрылғылары жалғанады. Ал олар шашыратуға арналмаған, тек су қоймаларынан су алу және оны ағызу үшін қолданылады.
"Қазақстанның әскери-әуе күштері ұшу құрамының 2020 жылдың 2 маусымына дейінгі жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, орман және дала өртін сөндіру және ірі көлемдегі жүктерді тасымалдау бойынша оқу-жаттығу ұшулары өтті", - деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.
Оқу-жаттығу ұшулары кезінде елді мекендер, құрылыс, адамдар мен жануарлар көп жиналатын жерлердің үстінен ұшуға тыйым салынатын құжат басшылыққа алынған. Соған сәйкес, су ағызу құрылғысын пайдалана отырып жүзеге асырылған ұшулар елді мекендердің үстінен емес, жазық жердегі екі әуеайлақта орындалған. Су қоймасынан су алынып, сол жерге тасталған.
"Сонымен қатар тарап кеткен видеода тікұшақтың су ағызғыш құрылғыға арналмаған мүлде басқа түрі түсірілген. Осылайша, әлеуметтік желіде тараған әскер авиациясының тікұшақтарын елді мекендер үстінен дезинфекция құралдарын шашу үшін пайдаланып жатыр деген ақпарат жалған және арандату әрекеті болып саналады", - деп мәлімдеді министрліктегілер.
Сондай-ақ, қорғаныс министрлігі мұндай жалған ақпаратқа сенбеуге және мәліметті тек ресми дереккөзден алуға шақырды. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, деп ескертті ведомство.