Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты 50-ден астам іс қозғалды

0
151

13 ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша сот шешімдері шығарылды.


Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты 50-ден астам іс қозғалды

© Sputnik / Тимур Батыршин

ERNUR.KZ. Жыл басынан бері қылмыстық құрылымдардың басшылары мен қатысушыларына қатысты 51 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы екі жыл ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, басқару және оларға қатысу фактілері бойынша қозғалған 90-нан астам қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілді.
13 ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша сот шешімдері шығарылды. Аталған істер бойынша 130-дан астам адам 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

"Мысалы, "Qarmet" АҚ нысандарынан ұрлық жасауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты көп эпизодты қылмыстық іс бойынша 24 адам әртүрлі мерзімге сотталды, оның ішінде топ басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Полицияда хабарлағандай, Алматы қаласының полиция департаменті күзет қызметі түрінде әрекет етіп, іс жүзінде бұзақылық, бопсалау және қару сақтау сияқты заңсыз әрекеттермен айналысқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеп жатыр. Олардың заңға қайшы әрекеттері ағымдағы жылдың қаңтар айында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тарапынан тоқтатылды.
Қазақстан криминалитетінің өкілдеріне қатысты трансұлттық қылмыстық қауымдастық құру және оған басшылық ету фактісі бойынша алғаш рет сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған істер бойынша қылмыстық қудалау аясында тек ел ішінде ғана емес, шетелде де ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдар бар.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті, мемлекеттік күзет қызметі және бас прокуратурамен бірлесіп, дәлелдемелер жинау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жалпы 150-ден астам адам жауапкершілікке тартылып жатыр.