Тапсырыс берген блогер торттың ақшасын төлемеді дейді кондитер.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде құрақ көрпе түрінде жасалған 600 мың теңгенің торты дау тудырды. Оны әзірлеген кондитер Нұршат Ақбергенова танымал блогер Аселина Батыр оның ақысын төлеуден бас тартып отыр дейді. Оның айтуынша, салмағы 18 келі тортты пісіру үшін 440 мың теңгенің өнімдері алынған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Осы ақпаратты таратуды сұраймын. Мен өз жұмысым үшін ақысыз қалдым. Бір блогердің іс-шарасына тапсырыс орындадым.Төлемін күткеніме бір апта болды.Бүгін ол мені бұғаттап тастады.Материалдарға өз қалтамнан 440 мың теңге жұмсадым (түбіртектің бәрі бар). Торттың салмағы 18 келі болды. Тек сапалы өнімдер қолдандым, кондитерлік өнімдердің бағасын білетіндер түсінеді. Торт тапсырыс берушіге де, қонақтарға да ұнаған, стористерден соны байқауға болады», - дейді Ақбергенова.
Кондитердің айтуынша, бұл тортты 4 адам қосылып бір апта дайындаған көрінеді.
«Бүгінгі күнге дейін мен тек еңбегім мен тортқа кеткен материалдардың ақысын ғана емес, сонымен бірге осы жобаға еңбек сіңірген қызметкерлерімнің еңбекақысын да төлей алмай отырмын. Ол адам мені бұғаттап тастағандықтан, осы ақпаратты таратуларыңызды сұраймын. Мен екі баласын жалғыз өзі тәрбиелеп, қамтамасыз етіп отырған жалғызбасты анамын. Бұл адамшылыққа жатпайды», - деп жазған ол.
Бұл жазба әлеуметтік желіде кеңінен тралап кеткені сонша, блогерге теріс пікір жазғандар көбейген. Аселина Батырдың өзі бұл айыппен келіспейтінін айтты.
«Бұл адам жағдайды мен төлем жасаудан бас тартқандай етіп көрсеткен және адамдардың жаны ашып, маған қарсы шығуы үшін драма қосқан. Торттың бағасы туралы алдын ала келіскен жоқпыз. Мен алдын ала 100 000 теңге төледім, бұл әрдайым болжалды құнның 40, 50 немесе 60%-ы ретінде жасалады. Соңғы күнге дейін, тіпті тортты тапсыру сәтінде де баға айтылмады. Іс-шарадан кейін түнде ғана маған 600 000 теңгелік шот келді. Біз мұндай сомаға ешқашан келіскен жоқпыз», - деп жазды ол.
Блогер ол торттың құны ең көп болса 300 мың теңге деп отыр.
«Мұндай соманы алдын ала келіспей талап ету қателік. Мен қанша рет оның бағасын сұрадым. Тіпті, тортты алып келгенде де қанша теңге екенін сұрадым. Бірақ ол үндемей тұрды. Кейін осы бағаны айтып тұр. Бұл таза бопсалау», - дейді блогер.
Тараптар әлі күнге дейін келісе алмаған. Олардың әрқайсысы өздерінікін дұрыс деп санап отыр. Сондықтан олар сотта кездеспекші екен.