​«Бала-шағама нан апаруға қорықтым»: Бағлан Әбдірайымов құмар ойынынан тапқан табысы жайлы айтты

0
2 302

«Әйелім болары болып, бояуы сіңгенде бір-ақ білді»


​«Бала-шағама нан апаруға қорықтым»: Бағлан Әбдірайымов құмар ойынынан тапқан табысы жайлы айтты

«Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов «Ұрпақ» подкастында құмар ойын ойнап жүріп отбасын қалай сақтап қалғанын айтып берді. Өнер иесі әйеліне бірнеше жыл бойы лудоманиямен ауыратынын айтпай, жасырып келген.


«Отбасында құмар ойынға салынған күйеуіне әйелі талап қойса және ол орындалмаса, әйел азамат қолын бір сілтейді де, балаларын алып кетіп қалады. Өйткені одан болашақ көрмейді. Егер әйел күйеуінің дұрыс емес жолда жүргенін көретін болса, бірінші кезекте бала-шағасының тәрбиесін ойлайды. Өйткені ол күнде үйіне келіп «концерт» қойса, көшедегі нәрселерін үйде жасайтын болса, күнделікті үйге проблема кіргізе беретін болса, онда шынымен де бала-шағаның психологиясы бұзылады. Сондықтан кетіп қалудан басқа амал болмайды. Ал енді кейде әйел ер азаматының немен айналысып жүргенін білмей қалды. Ондайда отбасын сақтап қалуға болады.

Менің келіншегім, мысалы, әбден болары болып, бояуы сіңген кезде білді. Мен кіммен араласып жүрмін, не істеп жүрмін, не тіршілік жасап жүрмін, яғни көшедегі тіргілішімді үйге келіп, әйеліме айтар болсам, онда ол маған ақыл айтып, қалай жүріп-тұруым керегін үйретіп кетер еді. Ал мен «концертте жүрмін, гастрольдетіп кеттік» деп отбасымды сақтап қалу үшін өтірік айттым. «Не істейсің, ал! Мен ойнап жүрмін» немесе «Күшті екен, мен ойнап мынанша ақша ұтып алдым» деп айтсам да болар еді. Бірақ олай етпедім. Тауым шағылып, еңсем түсіп, абыройдан жұрдай болғанда, тіреліп, шығарға тесік таппай қалғанда бір-ақ білді. Соңында білгені ол үшін де, мен үшін де қайырлы болған шығар», - деп өткенін есіне алды өнер иесі.


Әнші казинодан тапқан табысына үйіне нан апарудан қорыққанын жасырмады.


«Аса бір діндар, білімді, тақуа адам емеспін ғой. Дегенмен де казинодан тапқан ақшамнан бала-шағама нан алуға қорқатынмын. Оған дейін де маңдай терсіз, таза еңбексіз келіп-кетіп жатқан ақшалар болды ғой, үйіме, отбасыма жаратпайтынмын. Сондықтан осы бір кішкентай ғана ниетім, амалым отбасымды сақтап, құмар ойынанан алыс кетуіме көмектескен шығар», - Бағлан Әбдірайымов.