Әншінің кітабы балаларға арналады.
Еліміздің сахнасында жүрген танымал әнші жігіттердің бірі - Нұрболат Абдуллин, өзінің балалық шақтағы естеліктерінен кітап жазып шықпақ ниетте екенін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Балалық шағымнан естеліктерім көп-ақ ,әдеби тілмен көркемдеп балалар оқитын шағын кітап жазу мақсатым.Бәлкім бір бала болса да қызығып оқитын шығар" - деп жазады әнші.
Әншінің ойға алған ісі оқырмандарының пікірін екіге бөлген. Бір бөлігі әншіге қолдау білдіріп, ізгі тілектерін арнаған.
"Өзгелер секілді күрделі тақырып туралы жазғанша, осы балаларға арналған жеңіл, түсінікті шығарма(кітап) жазған дұрыс. Әңгімелеріңіз де кәсіби жазушылардың стилінен ауылы алыс емес, байқағаным", "Жігітке жеті өнер де аз деген, мақсатыңызға жетіңіз, қолыңыздан келеді", "Бүлдіршіндер үлгі аларлықтай қызықты кітап болсын!" - деп жазады.
Ал кейбір желі қолданушылары әншінің бұл ісін құп көрмеген.
"Бәрің шеттеріңнен кітап жазып кеттіңдер ғой. Карантинде істейтін нәрсе таппай қалдыңдарау", "Имам, палуан, жазушы, келесі кім боламыз", "Бұлар сегіз қырлы, бір сырлы болып тұр ғой. Болашақта әнші, биші, күйші, актер жазушы деген атақ алады", - деп жазады оқырмандар.