Бекжан Тұрыс: Неге өсек пен төсек төңірегінен аса алмай қалдық?

0
2 811

Актер талқылайтын басқа тақырып табылмағанына шамданды.


Бекжан Тұрыс: Неге өсек пен төсек төңірегінен аса алмай қалдық?

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері Бекжан Тұрыс қазіргі қоғамда болып жатқан мәселелерді көтерді. Бұл туралы актер әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Актер екі күннен бері әлеуметтік желілерді шулатып жатқан 82 жасында отау құрған әншіге қатысты жұрттың талқылауына пікір білдірген. Талқылайтын басқа тақырып табылмағанына шамданып, өсек пен төсектің айналасынан аса алмай қалғандарға күйінген.

"Сендерде кінә жоқ шығар. Көретіндерің – әншілердің қызылды-жасылды өмірі. Телеарналарда да – соларға арналған бағдарламалар, солар жүргізетін – жеңіл-желпі бірдеңелер, елді ойландырып, жұртты толғандыратын, ұлтты рухтандыратын дүниелер діңкелеп тұр ғой қазір. Ал шындап келгенде, біз ойлануға тиіс мәселе толып жатқан жоқ па!?", - дейді актер.
"Байырғы бабаларымыз да ел болуды, өзгелермен терезесі тең болуды көкседі. Ұрпағына ұлан-байтақ қоныс, ұлағатты өсиет-өнеге қалдырды. Ата-бабаларымыздан қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын, қиялда ғана болатын қиян өлке қалды. Яғни, көктегі құс пен жердегі аңға дейін қазақтың ұлттық байлығы. Ащы болса да ашығын айтайық, өкінішке қарай, дарқан даланың ұлы мұрасы түгел тоналып болды..."Тоналмаса, осыдан бірнеше жыл бұрын мына «Алтын емел» асуынан асқанда үйірімен жүретін құланым қайда? Неге көрінбейді? Бұл өлкеде аңнан бұрын адамының да құны қалмағанын түз тағылары қайдан білсін... Құланмен бірге құндылықтардың құрып бара жатқанына екі бірдей қорықшының бейбіт күнде оққа байланғаны дәлел емес пе?! Аң тұрмақ, адамының да құны қалмаған қазір, – дейді Бекжан Тұрыс.Актердің сөзінше, жұлдызбен сырласа білген ұлттың ұрпағы бүгінде телефонға телміріп, желіге байланғанын ашына айтты.
"Жай телміріп отырған жоқ, титімдей қалта телефоны арқылы ғаламтордағы қатыгездік пен жауыздық атаулыны бойларына сіңіріп жатыр. Ұсақ әңгіме мен арзан сөзге жақын болмайықшы осы біз! Есептен де, өсектен де биік болайық. Орынсыз сұрақ қойып, артынан ойға батқан інішекке құба белде жорта алмай қалған құландай іштегі мұңымды осылай жеткіздім", - деп сөзін қорытындылаған.

ERNUR.KZ