"Біз үшін одан артық қағаз болған жоқ": Асхат Садырбай аттестатты қоқысқа тастаған жас түлектерді сынға алды

0
1 592

"Ауылдағы мектепке компьютер біз 10-сынып оқып жүргенде келді", - дейді журналист.


Елге белгілі журналист, продюсер Асхат Садырбай биылғы жас түлектерді сынға алып, өзінің мектепте оқыған кезіндегі жағдайды еске алды. Оның айтуынша, қазіргі балаларда мүмкіндік көп. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.

Асхат Садырбай: "Аттестаттарын қоқысқа тастап жатқан оқушылардың видеосын көріп ойланып қалдым...

Бәріміз де оқушы болдық, бала болдық. Бірақ мемлекеттік емтиханды аман-есен тапсырып алған соң аттестатты асыға күтіп, мектеппен қоштасарда бар ойымыз оқуға, грантқа түсу, бір мамандықты игеру болды. Сол бір жапырақ қағаздан (аттестаттан) артық қағаз болған жоқ қой сол кезеңімізде.

Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 20 жыл болды. 20 жылдық кездесуді дүркіретіп тойладық. Мектебімізге, ұстаздарымызға сый-сыяпат жасап, баталарын алдық. Бәрінен бұрын сыныптастарымызбен сағыныса қауышып, таңды таңға жалғап әңгіме айттық, ойнадық, биледік, сол қызық болды. Мектеп бітіретін уақытта бәріміз армандарымызды бір параққа жазып жетекшілерімізге жинап беріппіз. 20 жылдан соң сол қағаздарды оқып тағы бір таңғалдық.

20 жыл деген көп уақыт та емес шығар бәлкім. Бірақ сол уақыт пен қазіргі уақытты салыстырар болсақ тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы кезеңі, дүкенде азық-түлік бүгінгідей толып тұрмайды. Асханадан 1 пирожкиді жесең жедің, жемесең қыздар алып келген нандарын қанағат тұтасың. Компьютер, телефон, планшет, ноутбук атымен жоқ. Ауылдағы мектепке компьютер біз 10-сынып оқып жүргенде келді. Оның өзіне тек информатика сабағында кіресің, болды.

Қазір ше? Әр балада бір-бір телефон, интернет, тик-ток, каспи голд. Шүкір ғой. Қазіргі мектептегі білімді сынаған жазбаларды көзім шалып қалды. Ал, жарайды білім соншалықты төмен екен, ал тәрбие ше? Баланың тәрбиесіне де мектеп жауапты ма сонда? Құндылық, жауапкершілік, әдеп қайда қалды? Прикол үшін, контент үшін десеңіз қайтадан сол тәрбиеге келіп тірелеміз. Ал, шын білім іздеген бала қолындағы телефонды алып қоқыс жәшігінен контент жасағанша оқиды, ізденеді, өзінше білім алады. Басқасының бәрі бос сөз бен сылтау".


Мұны оқыған желі қолданушылары журналистің сөзін қоштап, "Ия, казіргі окушылар өте қиындау. Биыл мектеп бітіру кешіне келмеймін деп қиғылық салғандарын көріп, қынжылдым. Осылардың ой - өрістері басқа ма??Не арман жоқ,не мақсат жоқ. Былайша айтқанда, мәңгүрт па дерсің!?", "Сол тәрбие ақсап жатыр ау. Қазір тек сен кереметсің деп қана өсіріп жатқан сияқтымыз. Бұрын ұят, обал, сауап деуші еді. Ойланарлық мәселе бұл, өте дұрыс жазып отырсың, бауырым" деген сынды ойларын жазып жатыр.