«Еркектер деп айтуға аузым бармайды» : Меруерт Түсіпбаева трагедияға қатысты пікірін білдірді

0
6 148

«Әлі қанша әйел өлуі керек?»


«Еркектер деп айтуға аузым бармайды» : Меруерт Түсіпбаева трагедияға қатысты пікірін білдірді

ҚР Еңбек сіңірген қайреткері, белгілі эстрада әншісі Меруерт Түсіпбаева Алматы қаласында үш баласымен тоғызыншы қабаттан секіріп қайтыс болған Бақтыгүл Қадырбаеваның өлімі туралы ойын инстаграм парақшасындағы тікелей эфирінде баяндады. Меруерттің айтуынша, ол осыдан бірнеше ай бұрын Аяжан Еділованы қинап өлтіргенде түнімен ұйықтай алмай, қыздарға «Танымайтын еркектің үйіне кешке бармаңыздаршы!» деп жазғанда, қыздың туыстары жекесіне шығып, жазбаны алып тастауды өтініпті. Сосын бұл жолғы трагедиядан кейін ешнәрсе жазбауға бекініпті. Алайда, фэйсбук желісінде белгілі қорғаушы Ләззат Ахатова марқұм келіншекке қатысты жаңа деректер келтіргенде, ашуға булығып, тікелей эфирде ойын ашық айтуға шешім қабылдапты.


Қорғаушы Л.Ахатова былай деп жазған болатын.

«Тағы бір сұмдықтың беті ашылып жатыр... Күйеуі өзі көңілдесіне кетіп қалғанымен қоймай, құрылыста істейтін екі інісін балалары мен әйелінің қасына балаларға қамқор болу үшін қалдырып кеткен екен. Яғни титтей бір бөлмеде үш баласымен әзер сыйып отырғаны аздай, соқталдай екі еркек те бірге тұрған. Ол екеуі басқа жағынан “қамқор” болған сияқты.. БАҚ-қа жарияланған деректерге қарағанда, екі қайнысы келіншекті жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген, нақты айтқанда, зорлаған..

Жас ананың жағдайы біз ойлағаннан да ауыр болған сияқты... Өлуден басқа бұл тозақтан құтылатын жол таппаған. Өсіп келе жатқан екі қызын ана малғұндарға қалдыра алмаған-ау..Оларды да зорламасына кім кепіл?..

Жаның түршігеді..Егер ол келіншек осылай жасамағанда, шындық ешқашан ашылмас еді. Оған келісетін шығарсыздар. Күйеуіне інілерің зорлады деп айтса, өзін кінәлап, соққыға жығуы әбден мүмкін. Олай болған да шығар, білмейміз ғой. Есіл-дерті екінші “махаббатына” ауып кеткен еркек бұның жан айқайын, жанын түсінеді деймісіз..Онысы екіқабат екен. Бақыттан басы айналып жүрген бассыз адам өзі кеткенімен қоймай, отбасын сондай шырғалаңға тастап кеткен.

Ал төркініне барайын десе, қайтып келді деп, ел бетіме басар, балаларымды түртпектеп, жаутаңдатар деп, қаймықты ма екен?..Ажырасқан келіншек деп, әр ақымақ басынып, сөз айтар деген болу керек. Қайныларының өзі азаматының жоқтығын, қорғансыздығын пайдаланып, қорлап отырғасын, кімге сенеді? Сонда да соңғы хатында ешкімді кінәламаймыз деп, абыройын сақтағысы келген, шындықты ашық жазбаған. Бірақ “кінәлілер өздері біледі” - деген соңғы сөйлемнің астарында үлкен нәрсе бар...»

Эстрада жұлдызының айтуынша, Ләззат Ахатова бұл мәлімет сенімсіз болса ол бұл мәліметті жарияламас еді.

«Дені дұрыс, көзі ашық келіншек оқымаған надан жігітке 7 жылда 3 дені сау, әп-әдемі баланы туып беріп, оларды бағып-қағып өсірді. Оның өте жақсы ана болғанын мектеп ұжымы растады. Күйеуі пәтердің ақшасын төлеп тұрамын деп басқа әйелге кетіп қалған.

Ешкім ешкімді байлап ұстамайды. Ал ол 40 квадрат бөлмеге соқталдай екі еркекті кіргізіп кеткен. Сол жерде кішкентай қыздарды зорлады ма, келіншекті зорлады ма, белгісіз. Еркектер деп айтуға аузым бармайды. Егер бұл әйелдің зорланып, қорланғаны дәлелденсе, іске қатысы бар еркектердің ешқайсысын аямау керек. Олар да қорлықты сезінсін. Өз туған балаларын терезеден лақтыруға итермелегені үшін жазаларын тарту керек. Мәйіттерді жер қойнына тапсырмас бұрын экспертиза жүргізілуі тиіс еді.

Ол мәжбүр болды. Қазақтың әйелдері қанша уақыт қасірет шегуі керек? Әлі қанша әйел өлуі керек? Заң қабылдануы үшін», - деді Меруерт Түсіпбаева тікелей эфир барысында.