Қайрат Әділгерей: Біз енді тіпті өлмейміз

0
3 124

Бұл әңгімені тарап кетеді деп ойламадым, дейді актер.


Қайрат Әділгерей: Біз енді тіпті өлмейміз

Халықтың тұрмысы мен мұң-мұқтажын айтуға әркімнің батылы бара бермейді. Дегенмен, әлемді жаулаған індет кезіндегі елдің қиын жағдайын, жанайқайын жеткізуде батылдық танытып жатқандар баршылық. Әсіресе Қайрат Әділгерейдің кекесін әзілі халықтың көкейде жүрген мәселені дөп басты.

Актердің дубляж студиясында түсірген видеосы бір күннің ішінде әлеуметтік желіні шулатты. Танымал журналист Серік Аббас-Шах өз парақшасында жариялағаны сол еді көпшілік актерді қолдай жөнелді.


Желіні шулатқан видеоның қалай түсірілгені жайлы актердің өзі айтып берді.


"Ауылда әкемнің інісі осы коронавирустан қайтыс болды. Тағы бір-екі ағайындарымыз қайтыс болды. Бара алмадық, бата оқи алмадық. Біздің, танымал адамдардың әлеуметтік желіге көптеген хат келеді. Біз 30-40 хатпен оянамыз таңертең. Біреу кредитімді төлеп бер, біреу ауырып жатқан баламның емі деген сияқты сұрақтармен бізге өтініш айтады. Біз әрбіріне көмек бере алмаймыз. Сол эмоциямен шығып кеткен пікір бұл", - дейді Қайрат.




Инстаграм желесіндегі тікелей эфирде айтылған бұл пікірдің таралып кететінін актердің өзі күтпеген.


"Мен айтқаннан кейін осындай резонанс тудырып кетті. Мен өзі бұл әңгімені тарап кетеді, дүмпу болады деп ойламадым. Бірақ қазір жағдай өте қиын. Инстаграмды ашуға қорқып қалдық, жағымсыз жаңалықтар, кісі өлімі...Тек көңіл айтып кетіп жатырмыз. Мұндай кезде тек бір-бірімізді қолдау керекпіз", - дейді актер.


Актердің коронавирус тақырыбында түсірген екінші видеосы да әлеуметтік желіде кең тарап жатыр. Бұл видеода ашуға булыққан актер Үкіметті сынға алды. Ол коронавирусты емдеуге бөлінген қаржының көптігі сонша онымен тіпті өлімді де емдеуге болатынын жеткізген.


"Біз коронавируспен енді ешқашан ауырмаймыз. Себебі біз осы вирустан жазылу, ауырмау үшін 18 млрд доллар жұмсаған мемлекетпіз. Бұдан кейін біз ешқандай аурумен ауырмаймыз. Біз тіпті енді өлмейміз, себебі 18 млрд теңгенің ақшасына тіпті өлімді де емдеп жіберді. Рақмет, біздің үкіметке. Сіздер қолдан келмейтін істі жасадыңыздар", - дейді әзілкеш.