​«Менің өмірім осымен бітті...»: Саят Медеуов әкесінің қазасын еске алды

0
1 346

«Маған айтқан өсиеті санамда сақталып қалған»


​«Менің өмірім осымен бітті...»: Саят Медеуов әкесінің қазасын еске алды


Әнші Саят Медеуов «Қызықты уикенд» бағдарламасында марқұм болған ата-анасын еске алды.


«Әкем баян тартатын. Сегіз қырлы, бір сырлы адам еді. Штанга көтеретін, ұрғанда да «удары» мықты болатын. Ол кісіден көп адам тайсалатын, бойы ұзан да емес, бірақ мығым еді. Тәрбиесін алдым, бірақ еңбекқорлығы жұқпапты. Шөп шабатын, сонда ауылдың адамдары әкемнің шөп шауып кеткен жерін бірден табатын. Кәдімгі трактормен орғандай етіп тап-тұйнақтай етіп шабатын.


Әкем 79-ға келіп қайтты. Ол кісі анамның кеткенін көтере алмады. Анам қайтыс болған кезде «болды, енді осымен өмір бітті» деді де, 14 күннен кейін кете барды. Ондай махабатты алғаш көруім,анамның қазасын қатты қабылдады. Ол кезде ковид өршіп, елдегі жағдай түсініксіз болып жатқан кез еді ғой, қалай болғанын түсініп үлгермедік. «Жастар аман болсын, өлсек біз сияқты жасарын жасағандар кетсін, менің өмірім осымен бітті» деп бүк түсіп жатып алды да, кете салды ғой. Ішқұсалық па десем, сөздерінен ондай байқалмайды» деді Саят.


Әншінің айтуынша, әкесі өмірден өтетінін алдын ала сезген екен. Сөйтіп баласына өсиет айтып үлгерген.


«Анам ковидтен кетті, ал әкем ауырмай-сырқамай өмірден өтті. Укол салып, күш беретін дәрумендер салғымыз келіп еді, «әуре болмаңдар, мен ондайды қабылдамайм, бұл бәрібір маған көмектеспейді» деді. Өле-өлгенше жұмыс істеп кетті ғой, менің үйіме келсе есігімнің алдындағы қарды күреп, шөпті орып, тыным таппайтын.


Бір жолы маған «Е, балам, қарапайым токарь болдым. Өстіп шалқып өмір сүрем деп ойладым ба? Құдайға мың тәуба, сенің маңдайыңды жарқыратып, бізді саған еркелеткізіп қойғанына шүкір. Бірақ, балам, ұмытпа, «сен тұрмақ, Кенен атаңның да «Волгадан» түсіп, «Москвичке» отырған кездері болған. Сондықтан сен ешкім емессің, бүгін шалқып тұрсаң, ертең төменге құлдырауың мүмкін. Тым асқақтай берме, осыны ұмытпа» деп өсиет айтты. Осы менің санамда мәңгіге сақталып қалған» деді Саят Медеуов.