Шоумен Даниель Джеймс: "Барша адамды қазақ тілінде сөйлеуге үйретіп жүрмін"

0
1 158

"Менің қайың-жұртым қазақтар. Содан алты жыл бойы белсенді түрде қазақ тілін үйреніп жүрмін", – дейді африкалық этностың өкілі.


Шоумен Даниель Джеймс:

ERNUR.KZ. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мақсатында мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этнос өкілдері арасында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» бастамасын жариялады, деп жазады Shownews.kz.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың Алматы қаласының этно-мәдени ұйымдарына жолдаған тың бастамасын, қаланың өзге ұлт өкілдері бірден қолдай кетті. Мәселен еліміздегі жиын-тойлардың тізгінін ұстап, домбыраның құлағында шебер ойнайтын шоумен Даниель Джеймсті бұл челлендж бей-жай қалдырмаған. «Алматыдағы 23 орта мектепті бітірдім. Ол жерде қазақ тілін терең берген жоқ. Содан әйеліммен танысқан соң қазақ тілін үйрене бастадым. Өйткені, менің қайың-жұртым қазақтар. Содан алты жыл бойы белсенді қазақ тілін үйреніп жүрмін», – дейді Даниель Джеймс.

Тың бастама мұнымен тоқтамай, өзінің тамыр-таныстарының да арасында жалғасын табатынына Даниель сенімді.

«Мен негізі Жансейіт Түймебаевты қолдаймын. Өйткені, бір тілде сөйлегеннің бір ойы болады. Тірлік, бірлік болады. Сол үшін «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді» құрметте дейді. Сондықтан қазақ жерінде жүргенде, қазақ жерінің заңын құрметтеу керек. Ал ол деген өте оңай. Қазақ тілінде сөйлесу және мен де африка этностың отбасымыздың президентімін. Барша адамға қазақ тілінде сөйлеуге үйретіп жүрмін», – дейді африкалық этностың өкілі.

Ал, орыс ұлтының өкілі Анастасия Ульченко болса, бүгінде Алматыдағы оқу орындарының бірінде студенттерді тәрбиелеуге белсене ат салысып жүрген жас маман.

«Мемлекеттік тілді бәрі білуі тиіс деп ойлаймын. Кіндік қаным тамған жер Қазақстан болғандықтан, қазақ тілінде сөйлеуді жөн санаймын. Бұл менің басқа тілдерді білмегендігім емес, өзімінің туған жерімді құрметтегенімнің белгісі. Менің ойымша егер адам өзге тілде сөйлей білсе, ол рухани бай адам. Өйткені өзге елдің мәдениетін, дәстүрін үйренеді. Басқа тілді үйрену арқылы оның танымы кеңейеді», – дейді Анастасия Ульченко.

Салтанатты жиын-тойларда фото-бейнекамерамен қамтамасыз ететін кішігірім орталықтың басшысы Мұса Ахметов түрік ұлтының азаматы. Ол қазақ тілінде еркін сөйлеуіне ықпал еткен ұстазына алғысын білдірді.

«Алғашқы рет мен қазақ тілін орталық мектепте үйрендім. Өйткені, бізде өте жақсы мұғалім болды. Әр сабақ сайын 20-25 сөзге үйретті. Осы мектепте алған білімім маған қазіргі заманда өте керек. Маңызды. Жұмыста, достарыммен кездесуде біз қазақша сөйлейміз. Өйткені, достарымның көбі қазақтар», – дейді түрік ұлтының өкілі.

Мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі этнос өкілдеріне жолданған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» бастамасы қарқынды қолдауға ие болып, әлі де жалғасын табары сөзсіз.