​Адам ағзасындағы ең маңызды мүше – ЖҮРЕК ЕМЕС!

0
14 658

Адам ағзасындағы ең басты мүше – жүрек дейтіндермен келіспеймін. Ол жүрек те, бауыр мен бүйрек те емес. Сонда қай мүше дейсіз бе?


​Адам ағзасындағы ең маңызды мүше – ЖҮРЕК ЕМЕС!

фото: educaedu.com

Адам ағзасындағы ең маңызды мүше – өкпе! Ағзаңыздың құрылысын жақсы білесіз бе? Қарасаңыз, өкпе жүректі, ал өкпені 24 қабырға сыртқы соққыдан қорғап тұр. Ал, сіз ше? Өкпеңізді аурудан қалай қорғап жүрсіз?

21-қараша – Дүниежүзілік өкпенің обструктивті ауруымен күрес күні қарсаңында мен осы ағзаның басқа мүшелер алдындағы беделін көтергім кеп отыр. Және ағзасын тексертуге барғандардың осы мүше саулығына да айрықша көңіл бөлгенін қалаймын.


Неге өкпе ең маңызды мүше?

1) Менің пікіріммен келіспейтіндерге «Оң қолыңыздың алақанымен аузыңызды, сол қолыңыздың екі саусағымен мұрныңызды жабыңыз» дегім келеді. Иә, ауасыз қанша уақыт шыдап тұра алады екенсіз? 1-2 минут па?

Британдық медицина ғалымдарының анықтауынша, адам тамақсыз (тек су ішіп) екі ай шыдай алады екен. Сусыз 7-15 күн, ұйқысыз бір апта. Ал, ауасыз 5 минут ғана шыдап тұра алады. Демек, адам ағзасындағы ең маңызды мүше – өкпе.

2) Адам суға батып тұншыққанда, тыныс алу жолдары арқылы су өкпеге, өкпеден қанға өтеді. Осының салдарынан қан плазмасындағы натрий, кальций және хлор иондарының мөлшері артып, қан қоюланады. Бұл жүректің жұмысын тоқтатады. Міне, өкпе жұмысы тоқтап еді, жүрек те қызметін тоқтатты.

3) Адам суға батты, оған қандай алғашқы көмек көрсетіледі? Адам ағзасындағы басты мүше – жүрек деп санайтындар жүрекке массаж жасаудан бастайтын шығар?! Қателеспеңіз, бұл әрекетіңізден түк шықпайды. Ең бірінші, тұншыққан адамның басын, кеудесін иіп тыныс алу жолдарын судан тазарту керек. Мұрнын жауып тұрып аузыңызбен аузы арқылы тыныс алу жолдарындағы суды сыртқа «тартып» шығаруға да болады. Сосын тегіс жерге жатқызып жасанды тыныс беруге кіріскен дұрыс. Содан соң ғана қажет болып жатса жүрекке массаж жасалынады.

4) Өкпе күніне 24 сағат, аптасына 7 күн, жылына 365 күн тынымсыз жұмыс істеп, жүректі де, басқа мүшелерді де оттегімен қамтамасыз етіп отырады. Оттегі қажетті мөлшерде жеткізілмесе, ағза жұмысы бұзылады. Қарапайым әрі жалпыға түсінікті мысал, оттегінің жеткіліксіздігінен қанайналымы нашарлайды, ас дұрыс қорытылмайды. Бұл «нашарлаулар» метаболизм үдерісін баяулатады. Ал бұдан іш қату орын алады. Анығырақ айтқанда, жеген асыңыз уақытылы сыртқа шықпайды. Көрдіңіз бе, төмендегі тік ішектің жұмысы да денеңіздің жоғары жағында тұрған өкпенің қызмет ету белсенділігіне байланысты.

5) Адамның көңіл күйі де тыныс алумен байланысып жатыр. Сабырлы адам бірқалыпты тыныс алады. Ашулы кезде адам жиі әрі қысқа-қысқа тыныс алады. Ал, бірнеше рет терең-терең тыныс алсаңыз, ашуыңыз да жайлап басылады. Сондықтан да, өкпені эмоцияны да реттейтін «пульт» деуге болады.

6) Тыныс алу жүйесіне – ауыз, мұрын, көмей, кеңірдек, бронх тамырлары кіргенімен, олардың басқарушысы – өкпе. Өкпе тыныс алу жүйелері арқылы дене температурасының тұрақтылығын сақтайды. Ал, дене температурасы 38 градустан асса және 26 градустан төмендесе қауіпті.

7) Ауа – қуат, ауа – тазартушы. Тыныс алу арқылы ағза ауамен қуаттанады, ал ауаны сыртқа шығарғанда іштегі көмірқышқыл газынан тазарады. Ағзаға бір сәтте қуат беріп және сол арада оны лас ауадан тазарту тек бір ғана мүшенің қолынан келеді. Ол – өкпе!

Айта берсем, өкпенің адам өміріндегі қызметі көп-ақ. Айтпағым: онсыз да қызметі көп оның жұмысын қиындатпаңыз, керісінше жеңілдетуге тырысыңыз! Қалай?


Өкпеге қалай көмектесе аласыз?

фото: syl.ru

- Ең бірінші, дұрыс тыныс алуды үйреніңіз. Оның түк қиындығы жоқ, ағзаңыздағы м.үшелердің атқаратын қызметін білсеңіз болғаны. Кейбіреулер ауызбен тыныс алады. Ауыз асты шайнауға, мұрын тыныс алуға арналған. Мұрын арқылы «жұтылған» ауа танау қуысындағы түктер арқылы шаң-тозаңнан тазарады және дене температурасына лайықталып жылытылады. Ауыз арқылы тыныс алсаңыз, мұрынның қызметін де өкпе атқарып, ол қиналады. Ауаны ауызбен шығаруға болады, бірақ жұтуға болмайды. Әрине, (тұмау, гайморит т.б. ауруға шалдыққанда және тыныс алу жаттығуы барысында ауызбен тыныс алуға рұқсат етіледі.

- Қарынмен де тыныс алып үйреніңіз! Ауаны жұтқанда өкпені кере бермей, қарынды да керіп үйреніңіз. Бұл өкпенің диафрагмасына пайдалы. Байқасаңыз, кеудемсен тыныс алсаңыз, өкпе тек керіледі. Ал ол жиырылуы үшін тыныс алғанда қарынды керіңіз. Осылай сіз өкпеге сәл де болса тыным беріп, оны тынықтыра аласыз. Қарынмен тыныс алуды бастапқыда қарын үстіне кітап қойып, оның қозғалысын бақылап үйренуге болады. Қарынмен тыныс алуға арналған жаттығу көп, күнде кешке ұйықтар алдында 5-7 минут уақытыңыз бөлсеңіз де жеткілікті.

- Аптасына бір рет мынандай жаттығуды жасау арқылы да өкпенің жұмысына жәрдемдесе аласыз. Мұрынның оң танауын саусағыңызбен басып тұрып, сол танаумен терең тыныс алыңыз. Сосын сол танауды жауып тұрып, оң танаумен ауаны сыртқа шығарыңыз. Кейін жаттығуды керісінше жасайсыз. Бұл жаттығуды 20-25 рет қайталау керек.


Дұрыс тыныс алып жүрсіз бе?

фото: kak-uvelichit-grud.ru

* Дұрыс тыныс алып жүргеніңізді анықтау үшін, ауаны жұтқанда және оны сыртқа шығарғанда арнайы өлшеуішпен кеудеңізді өлшеңіз. Айырмашылығы – 4-6 см болуы керек.

* Мамандардың айтуынша, тыныс алуға қарағанда ауаны сыртқа шығару ұзақтау болуы керек екен. Мысалы, тыныс алу – 2-3 секундқа созылса, 2-3 секунд кідіріп, сосын ауаны сыртқа шығару уақыты – 4-5 секунд болуы тиіс.

Дұрыс тыныс алуды анықтайтын тәсіл де, өкпе жұмысын жеңілдететін жаттығу да жетерлік. Менікі, жай ғана – бағыт-бағдар нұсқау ғана. Ал, саулығын ойлаған адам ары қарай ізденіп, өкпесін өкпелетпеуге тырысады деп ойлаймын.

Жазира СМАҒҰЛОВА.

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Етеккір кезіндегі бұл белгілер қауіпті саналады!

Шәует түсі мен көлеміне қарай еркек денсаулығын білу қиын емес

Тұмаумен ауырған адамның емделу кезіндегі қауіпті 5 қателігі