Кімдер қауіп тобында? Қалай қорғаймыз?
Сурет: ЖИ
Жаз мезгілі ағза үшін «жеңіл» кезең болып есептеледі: күн сәулесі молынан түседі, қозғалыс көп, жеміс-жидек, көкөністі жиі тұтынатындықтан, дәрумендер жеткілікті. Бірақ іс жүзінде дәл осы ыстық мезгілде көптеген адамдар мынадай күйді бастан кешеді:
- әлсіздік
- жүректің жиі соғуы
- мазасыздық
қан қысымының құбылуы жалпы денсаулық жағдайының нашарлауы
Бұған көбіне жай ғана шаршау немесе күн өту емес, ыстықтан ағзаға түскен жүктемеге қалқанша безінің қайтарған реакциясы себеп болады.
Қалқанша безі – зат алмасуды реттейтін және ағзаның сыртқы жағдайларға бейімделуіне көмектесетін мүше. Температураның, күн тәртібінің және күйзеліс деңгейінің кез келген өзгерісі оның жұмысына тікелей әсер етеді.
Қалқанша безіне ыстық қалай әсер етеді?
Ыстық – жай ғана «жайсыздық» емес, ағза үшін артық жүктеме. Бұл кезеңде:
- жүйке жүйесі белсендіріледі
- гормоналды реттелу өзгереді
- бейімделу ресурсы төмендейді
- тершеңдік күшейеді
- су-тұз теңгерімі өзгереді
- жүрек пен қан тамырларына түсетін салмақ артады
- зат алмасу процестері жеделдейді
Егер бастапқыда нейро-иммунды-эндокриндік жүйеде іркіліс болса, ағза жүктемені көтере алмайды және белгілер (симптомдар) күшейе бастайды. Егер қалқанша безі онсыз да шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұрса немесе қызметінде бұзылыстар болса, ыстық ауа райы жүйені тепе-теңдіктен шығаратын қосымша күйзеліс факторына айналады.
Гипертиреоз кезінде (қалқанша безі гормондарды тым көп бөлетін жағдай) ыстықтың әсерінен:
- тахикардия (жүректің жиі соғуы) күшейеді
- мазасыздық сезімі пайда болады
- тершеңдік артады
- ыстыққа төзу қиындайды
Гипотиреоз кезінде (керісінше, гормондар жетіспейтін жағдай) ыстықтың әсерінен:
- әлсіздік күшейеді
- ісіну пайда болады
- қан қысымы төмендейді
- өзін-өзі нашар сезінеді
Аутоиммунды аурулар кезінде (мысалы, созылмалы аутоиммунды тиреоидит):
- күйзеліске сезімталдық артады
- қабыну процестері күшеюі мүмкін
- жалпы жағдай нашарлайды
Кімдер қауіп тобында?
Егер мынадай жағдайлар болса, әсіресе мұқият болған жөн:
- қалқанша безі аурулары
- гормоналды бұзылыстар
- созылмалы күйзеліс
- ұйқының бұзылуы
- тұқым қуалайтын бейімділік
- аутоиммунды аурулар
Тіпті нақты диагноз қойылмаған болса да, егер белгілер бар болса, ыстық ауа райы осыған дейін жасырын боп келген проблеманың бетін ашып, оның тезірек білінуіне түрткі болуы мүмкін.
Жаздың ыстығынан қалқанша безді қалай қорғауға болады?
- су ішу режимін сақтау (суды жеткілікті мөлшерде ішу)
- денені қатты қызып кетуден сақтау (әсіресе күн ең ыстық уақытта)
- ұйқы режимін қалыпқа келтіру
- күйзеліс деңгейін төмендету
- ағзаға физикалық тұрғыдан шамадан тыс салмақ түсірмеу
Бұл әрекеттер қалқанша безіне түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі. Бірақ ішкі себептер бар болса, оларды жоймайды. Ештеңе мазаламайтындай көрінсе де, жүйелі түрде тексеруден өтіп тұру маңызды:
- Қалқанша безінің УДЗ-сы (УЗИ)
- Гормондарға талдау жасау (ТТГ, Т3, Т4)
- Қажет болған жағдайда – қосымша көрсеткіштер
Ерте диагностика проблеманы айқын белгілер пайда болғанға дейін анықтауға және жаз сияқты жүктеме кезеңдерінде жағдайдың нашарлауын болдырмауға мүмкіндік береді.
Ыстықтың өзі қалқанша безінің ауруларын тудырмайды, бірақ, онсыз да шегіне жетіп жұмыс істеп тұрғанда, жағдайдың нашарлауына себепші болуы мүмкін. Сондықтан ағзаның берген белгілеріне назар аудару, симптомдарды елеусіз қалдырмау және тек салдарымен ғана емес, бұзылудың негізгі себебімен жұмыс істеу маңызды.
Төре СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Досымжан ЕСҚАРАЕВ: «Көруді ЛАЗЕРЛІК ТҮЗЕТУ – әлемдегі ең қауіпсіз әрі тиімді оталардың бірі»


