Күйзеліс - ұл перзентті дүниеге әкелу мүмкіндігін азайтады.
Ғалымдар жүктілік кезіндегі күйзеліс пен жағымсыз эмоциялардың көп болуы баланың дамуына және босану нәтижесіне де әсер ететінін әлдеқашан дәлелдеген.
Ал ғалымдардың жаңа зерттеулері жүкті келіншектің физикалық және психологиялық тұрғыдан күйзелісте болуы, жүктілік кезеңіне және іштегі нәрестенің жынысына тікелей әсер ететінін айтады.
Жүкті кездегі күйзеліс әсері
Егер жүкті келіншек күйзеліске түссе, онда оның ағзасында соған сәйкес адреналин, норадреналин және кортизол гармондары көптеп бөліне бастайды. Нәтижесінде бұл глрмондар ағзадан шығып кетеді, бірақ бір бөлігі іштегі нәрестенің жолдасы арқылы балаға өтіп, оның белсенді қимыл-қозғалысына және жүрек соғуының жиілеуіне әкеледі. Жүктіліктің 17-ші аптасынан бастап, бала күйзелісті, жағымсыз әсерлерді толықтай сезіне алады. Мұндай әсер қанайналымының бұзылуына, бірден тарылуына әкеліп соғады. Ал оның соңы оттектің және қоректік заттардың жетіспеуіне алып келеді.
Күйзеліс - ұл перзентті дүниеге әкелу мүмкіндігін кемітеді
Ғалымдар зерттеулерінің нәтижесі көрсеткендей, күйзелісте жүрген, ашушаң немесе физикалық тұрғыдан шаршап жүрген келіншектер көп ретте қыз бала босанады екен. Негізі ұлдар мүмкіндікке көп ие болады екен, алайда күйзеліс пен түрлі физикалық, психологиялық әсер салдары іштегі сәбидің жынысына әсер етіп, қыз балалар басымдық танытады.
Баланың денсаулығына да әсер етеді
Сондай-ақ мамандардың айтуынша физикалық, психологиялық күйзелісте жүргендер қан қысымының жоғары болуынемесе калориялы өнімді шектен тыс пайдалану салдарына ұшырап, баланы ай-күніне жеткізбей босанып қойып жатады екен. Сондай-ақ мұндай аналар дүниеге көбіне жүрек қағысы дұрыс емес, орталық жүйке жүйесі өте жәй дамитын нәресте әкеледі.
Жүктілік кезде күйзелісті қалай өткеруге болады?
Ең алдымен сабырға келу қажет. Жүктілік кезеңде әрбір ана үшінішіндегі баланың жағдайынан басқа ұсақ-түйек мәселелер маңызды болмауы керек. Психолог мамандар ұсынған төмендегі кеңестер жүкті келіншектердің өз-өзін ұстай білуіне, сабырлыққа келуіне, уайымнан арылуға, күйзеліске түсіп кетпеуіне көмектеседі.
- Үрейге бой алдырмау керек. Болмашыға алдын ала алаңдап түрлі жағдайларды, жәйттерді естіп жоқ жерден қорқа бермеу керек. Мысалы қазіргі көпшілік әлеуметтік желіге көп кіреді. Онда дәлелі жоқ небір өтірік ақпараттар тарап жатады. Алма, банан жеуге болмайды, мына бір дәріні ішсең іштегі бала дамымай қалады, мынандай жасасаң бұлай болып қалады, т.б көптеген жәйттар. Мұның барлығын көңілге алып, қорқа беруге болмайды. Сақ болған дұрыс, бірақ үрейленбеу қажет.
- Өз ойын, арманын тікелей, тура айту қажет. Ер азаматтардың көпшілігі тікелей айтпаса, жәй ғана тұспалды түсіне қоймайды, жаратылысы сондай. Сондықтан да жүкті кезде өз-өзінен менің ойымды тапсын, тұспалдадым ғой, түсінсін депкүтіп жүре берудің қажеті шамалы. Жетіспей жүрген назарды, жегің келген асты т.б жәйттар сол күйінде айтылу керек.
- Жүкті келіншектер өз-өзін аялай білуі қажет. Яғни кішігірім қуанышты сәттерді құр жібермеген жөн. Дүкен аралау, тәтті ас, пісірме дайындау, жәй ғана демалу, мөлшерін шамалап қалаған асын жеу т.б осындай әрбір қарапайым істерден ләззат алып, өзінің көңілінің хошымен жасаған тірлігіне шынайы қуана білуі қажет. Бұл іштегі нәрестенің де жақсы дамуына көмектеседі.
- Толғақ пен босанудан алдын ала қорқпаған жөн. Бұл әсіресе алғаш босанатын немесе алдыңғы босануы қиын болған жандарда жиі кездесетін жәйт. 1-2 сағатта өтіп кететін қиналыстан гөрі, өмір бойына қуантатын сәбиді көбірек ойлау керек.
- Жүкті екенін айту керек. Әлемдегі ең әдемі әйел – ол жүкті әйел. Сол себепті де ана мен балаға көз тимесін, сөз тимесін деп көпшілік келіншектер өзінің жүкті екенін біршама уақытқа дейін жасырғанды дұрыс көреді. Бірақ бұл кей кездерде мәселенің туындауына әкеледі. Мысалы, қызметкерінің жүктілігінен хабары жоқ басшы оған қиын, ми шаршататын жұмыстар ұсынуы мүмкін, т.б жәйттар. Басшы немесе айналадағылар хабардар болған жағдайда ең құрығанда дауыс көтеріп сөйлемейтін болады.
Қортындылай келгенде жүкті ананың тыныштығы баланың жақсы дамуына, жүктіліктің қалыпты өтуіне, жеңіл босануына, туылған баланың денінің сау болуына тікелей әсер ететінін естен шығармау керек.
Дайындаған: Э.Базарбаева,