«Сонда сабақты қалай өтеміз?» Оқушы телефонына қатысты мәлімдеме мұғалімдердің наразылығын туғызды
Сурет: ЖИ
Соңғы уақытта білім саласы қызметкерлерінің арасында ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – сабақ үстінде оқушылардың телефон қолдануы, оны шектеу мәселесі болды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының негізгі түйіні:
«Ешкімді де өз мүлкінен соттың шешімінсіз айыруға болмайды»
Бұл бап адамның жеке меншік құқығын қорғайды. Оқушыға және оның жеке меншігі – смартфонына да қатысты.
Заң жүзінде мұғалімде немесе мектеп әкімшілігінде оқушының жеке мүлкін билеп-төстеуге, оны күшпен алып қоюға, тәркілеуге немесе заттарын тінтіп, ішін тексеруге құқығы жоқ. Осыған байланысты «Мұғалімнің оқушы телефонын еркінен тыс тартып алуға құқығы жоқ» деген мәлімдеме педагогтер қауымдастығы арасында үлкен наразылық толқынын тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Желідегі мұғалімдердің пікірін сараласақ, басым көпшілігінің көкейінде бір ғана сұрақ тұр: «Сонда сыныптағы тәртіпті қалай ұстаймыз және сабақты қалай өтеміз?»
Мұғалімдер неге ренжулі?
Әлеуметтік желілердегі педагогтердің пікірлерінен бұл шешімге эмоционалды әрі шаршаған күйде жауап бергенін көруге болады.
«Мұғалімнің құқығы қайда?»
Көптеген ұстаздар заңнамалық бастамалардың көбі оқушының құқығын қорғауға бағытталғанымен, мұғалімнің эмоционалды және кәсіби қауіпсіздігі ескерусіз қалатынына қынжылады.
«Сабақ процесінің бұзылуы»
Ашық сабақта немесе бақылау жұмысы кезінде оқушының телефонға телміруі, ойын ойнауы немесе мұғалімді жасырын видеоға түсіріп отыруы, суретке түсіріп, күлкілі стикер жасап әжуалауы – бүгінгі мектептің шынайы көрінісі. Мұғалімде ықпал ету тетігі болмаса, білім сапасы туралы қалай сөз қозғауға болады?
«Жауапкершілік тек мұғалімде»
Оқушы сабақта телефон қарап, тоқсан соңында төмен баға алса, бәрібір «оқыта алмады» деп мұғалімнен жауап талап етіледі. Бұл – «екіжүзді» стандарт.
Құқықтық факт мен мектеп тәртібінің аражігі
Мәселені эмоциямен емес, суық санамен талдап көрейік. Мұнда екі түрлі ұғымды шатастырмау маңызды.
1. АТА ЗАҢ ТҰРҒЫСЫНАН: Мұғалімнің оқушының жеке заттарын тінтуге, телефонды тартып алып, өз сөмкесіне салып қоюға, қайтармай ұстауға немесе оның ішін ашып қарауға құқығы жоқ. Бұл – азаматтық меншік құқығы.
2. МЕКТЕПТІҢ ІШКІ ТӘРТІБІ ТҰРҒЫСЫНАН: 2024 жылы ҚР «Білім туралы» заңына енгізілген өзгерестерге сәйкес, оқушыларға сабаққа кедергі келтіретін заттарды пайдалануға тыйым салынады. Яғни, оқушының сабақта телефон ұстауының өзі – мектеп ережесін бұзу. Ішкі тәртіп бойынша бұл сабақ кезінде телефонды пайдалануға шектеу қоя алады. Шектеу амалдары арнайы жәшікке салып қою немесе сөмкеде ұстау сынды жолдармен жүзеге асырылады.
АЙЫРМАШЫЛЫҚ НЕДЕ? Мұғалім телефонды тартып ала алмайды, бірақ оқушыдан ережені сақтауды, телефонды сөмкеге немесе арнайы ұяшыққа қоюды талап ете алады.
Конфликтісіз шешім қадамдары
Бұл мәселеде мұғалімнің қолы толықтай байлаулы емес. Сабақ уақытында білім алу процесін бұзуға жол бермеу үшін мына қадамдарды жасай аласыз. Егер оқушы сабақта телефоннан бас тартпаса, мынадай құқықтық алгоритмді қолданған абзал.
- Шекараны алдын ала белгілеу. Оқу жылының басында (немесе сынып сағатында) мектептің ішкі тәртіп ережесін оқушыларға да, ата-аналарға да хабарлап, сабақ үстінде гаджет қолдануға тыйым салынатыны анық көрсетілген хаттамаға қол қойдыру.
- Сөмкеге салуды немесе арнайы орынға өткізуді заңды талап ету. «Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес, педагог оқушыдан телефонды сөндіріп, сөмкесіне салып қоюды немесе сыныптағы арнайы телефон жинағыш жәшікке өткізуді талап етуге толық құқылы. Мұғалім телефонды қолмен тартып алмайды, бірақ мектеп ережесін орындауды бұйырады. Эмоцияға берілмей, сабырлы үнмен мектеп ережесі бойынша сабақта телефон ұстауға болмайтынын, оны сөмкеге немесе арнайы жәшікке салу керектігін ескертіңіз. Егер оқушы бұл талапты орындамаса, ол сабақ тәртібін бұзған болып саналады.
- Ескерту және Акт толтыру. Егер оқушы телефонды салып қоюдан бас тартса, сабақты тоқтатып, бүкіл сыныптың алдында салғыласпау үшін мектеп психологын, кезекші администраторды немесе сынып жетекшісін шақырту. Оқушыны сабақтан кейін сөйлесу үшін оқу ісі меңгерушісінің бөлмесіне жіберу. Оқушының сабақ тәртібін бұзғаны және мұғалімнің заңды талабына бағынбағаны туралы мектеп әкімшілігінің атына баяндама жазып, істі мектептің Тәртіптік кеңесіне өткізу.
- Ата-ананы тарту. Оқушының ата-анасын мектепке шақырып, мектеп ережесін бұзғаны туралы ресми түрде хабарлау. Телефонды тартып алудың орнына, оны ата-анасының өзіне тапсыру немесе олармен бірге оқушының жауапкершілігін талқылау.
Заңның бұл талабы мұғалімнің қолын байлау сияқты көрінгенімен, іс жүзінде мұғалімді артық арыз-шағымдардан қорғайтын құралға айналдыруға болады. Ұстаздың басты қаруы – дауласу немесе затты тартып алу емес, білім ордасында бекітілген ереже мен құқықтық алгоритмді қатаң ұстану.
Ханбибі ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


