көрнекілік үшін сурет: ixbt.com
Телефонға телміріп, әлеуметтік желілерге көп уақыт арнап жүрсің бе? Бірақ шынайы өмірді, жаңа әлемдерді, ерекше оқиғаларды тек кітаптан ғана табуға болады. Кітап оқу – бұл тек білім емес, бұл нағыз саяхат, шытырман оқиға мен терең ойлар әлемі.
Оқуды әдетке айналдырған адам өзгеше ойлана бастайды, ерекше дүниелерге қызығады. Кітап оқу - білім мен танымды кеңейтеді, фантазияң мен шығармашылық қабілетіңді дамытады, сезім мен жан дүниеңді керемет әсерге бөлейді. Сондықтан әр оқушы кітап оқуды әдетке айналдыру керек. Ал сенің соңғы оқыған кітабың қандай?
Егер әлі есіңе түспесе, уайымдама. Біз саған әлемдік және қазақ әдебиетінің бірнеше ерекше туындысын ұсынамыз.
Әлемдік бестселлерлер
Энди Вейр, "Марсианин"
- Адамзаттың Марс ғаламшарында тіршілік етуге жасаған алғашқы қадамдары жайлы айтылады. Бас кейіпкер Марк Уотни Марста жалғыз қалып, өз өмірі үшін күреседі. Оның тапқырлығы, қиын жағдайдан шығу жолдарын іздеуі оқырманды өзіне тартады. Шытырман оқиғаларды жақсы көретін болсаң, бұл кітап саған ерекше әсер қалдырады. Әрі бұл кітап ғылыми-фантастика жанрында.
Эрнест Клайн, "Первому игроку приготовиться"
- Виртуалды әлемде өмір сүретін адамдардың оқиғасы. Бас кейіпкер Уэйд арнайы жұмбақтарды шешіп, байқауда жеңіске жету үшін бар күшін салады. Кітап болашақ технологияларды сипаттап, виртуалды өмірдің қызығы мен қиындықтарын көрсетеді. Егер компьютерлік ойындарға қызығатын болсаң, бұл кітапты міндетті түрде оқуың керек.
Джон Грин, "Виноваты звезды"
- Бұл кітап екі жасөспірімнің өмірге деген көзқарасы туралы. Олар ауыр дертке шалдықса да, өмірдің әр сәтін бағалауға тырысады. Бұл кітап сүйіспеншілік пен достықтың адам өміріндегі маңызын көрсетеді. Бұл оқиғадан соң біраз ойланып, өміріңнің басты құндылықтарын тани бастайсың.
Қазақ әдебиетіндегі ерекше туындылар
Мұхтар Мағауин, "Мен"
- Бұл – автордың өз өмірінен алынған оқиғалары арқылы қазақ халқының мәдениеті, тарихы және қазіргі жағдайы туралы баяндалған туындысы. Мұхтар Мағауин бұл кітапта адамның рухани құндылықтары мен өмірлік жолын терең әрі әсерлі сипаттайды. Кітапта автормен бірге көп әсерге бөленесің, тіпті өзіңді осы оқиғалардың бір бөлігі ретінде сезіне бастайсың.
Алмас Мырзахмет, "Қала мозаикалары"
- Бұл – қала өмірінің шынайы бейнесі, қала тұрғындарының ішкі жалғыздығы суреттелетін шығармалар жинағы. Әр түрлі кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар арқылы қазіргі заманның күрделі шындығы суреттеледі. Автор оқырманды күлдіре отырып, қоғамдағы маңызды мәселелер туралы ойлануға мәжбүр етеді. Жеңіл тілмен жазылғанымен, әр оқиға сенің санаңда ұзақ уақыт сақталады.
Әлібек Асқаров, "Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді"
- Бұл – трагикомедия жанрында жазылған ерекше шығарма. Автор туған жер, қазақтың рухы, ұлттық болмыс және өмірдің қайшылықтары туралы баяндаған. Әзіл мен мұңды шебер үйлестіреді жазушы. Тіпті күлкіге қарық боласың десек, артық айтқандық емес. Бірақ, күле отырып көптеген өмірдің ащы шындықтарымен де бетпе-бет келесің.
Кітап оқу – бұл тек сөздер жиынтығы емес, бұл – өмірді танудың, түсінудің ерекше жолы. Әлемдік және қазақ әдебиетінің туындылары сені жаңа әлемдерге жетелеп, түрлі сезімдерге бөлегісі келеді. Мүмкін, сенің қолыңа алуыңды күтіп жатқан кітаптар бар шығар? Олар сені ерекше ойларға жетелеп, өміріңе жаңа мағына сыйлауға дайын!
Енді өзіңе сұрақ қой: сен қандай кітап оқып жүрсің? Телефонды шетке қойып, жаңа сезімдерге, қызықты оқиғаларға толы кітап әлеміне қадам басуға дайынсың ба? Біз ұсынған тізімнен қай кітапты оқығың келеді?
Материалды дайындаған: Кәрімхан Ж.