​«7 мың теңге үшін шапалақ жедім»: түркістандық келіншек сараң күйеуінен шаршағанын айтады

0
3 392

«Сыйлық түгілі, жейтін тамағымызды әрең әкеліп береді. Алған көйлегімнің бағасын дүкеннен барып сұрап біліп келіпті...»


​«7 мың теңге үшін шапалақ жедім»: түркістандық келіншек сараң күйеуінен шаршағанын айтады

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Сіздің үйде келген кірісті, ақшаны кім ұстайды? Әрине, еркектің тапқаны, ақшаны ұқыппан жинағаны берекелі болады дегенді естиміз. Бірақ кейбір еркектер солай екен деп әйелінің керегін әпермей, шығын шықпаудың жолдарын ойластырып жүреді екен. Мәселен, түркістандық Айнара есімді келіншек ішерге ас, киерге киім таппай қалдым деп шағынып отыр.


Күйеуінің ерсі қылықтарын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Баяғы заман болса түсінер ем, жоқшылық, үнемшілдік дегенге көндігіп жүре беретін. Бірақ мынау дамыған заманда қалаған нәрсемізді жей алмасақ, ел қатарлы дұрыс киіне алмасақ, онда бұл өмірдің несі қызық?


Мен күйеуіммен төрт жыл жүріп, әбден білдім-ау дегенде тұрмысқа шықтым. Аты – Жомарт, бойдақ кезінде атына сай адам еді. Әр сенбіде бір құшақ гүлімен келіп, бұрын көрмеген, білмеген жерлерге қыдыртатын. Мен де оның риясыз көңілін аулау үшін шәкіртақымды там-тұмдап жинап, оған да сыйлық жасап тұратынмын. Жомарттың ақша табуға, оны баптап ұстауға мықты екенін бірден аңғардым. Бір теңгеден екі теңге шығару үшін түрлі айла тәсілдерді іздестіріп жүретін. Оған қоса бойдақ болса да өз қатарластары жетпеген жетістікке жетіп те қалған еді. Студент күнінен пәтерге ақша жинайтын, мені кездестірген кезде қалтасында біраз қаражаты бар жігіт еді. Осы бір қасиеті де оның маған жақсы жар боларын аңғартты. Мақсаты айтқын, дегеніне жете алатын жігіт болып көрінді. Осылайша ұзақ ойланбастан оның тұрмысқа шығу ұсынысын бірден қабылдадым. Ол менің өмір бойы іздестірген адамым секілді көрінді.


Екеуміз үйленген жылы мен университетті бітіргем. Жомарт мені қаладағы мектептердің біріне ағылшын тілінен мұғалім етіп кіргізіп қойды. Енем бірнеше жыл дәрігер боп жұмыс істеген, қазір зейнеткер. Үлкен екі қызы басқа қалада тұрады.


Жұмыс істеп, алғашқы жалақымды алған күні Жомарт бәрін сыпырып алып қойды. «Бұл үйде ақшаны мен ұстаймын. Еркек ұстаған ақшада береке болады. Керек нәрсеңді маған айтсаң, әперіп тұрамын» деді. Бастапқыда пәтерге ақша жинап жүргенін білген соң, дегеніне жетсін деп үндемедім. Тапқанымды шашау шығармай қолына ұстатып жүрдім. Енем де сөйтеді екен. Зейнетақысын баласына береді.


Бастапқы бір жылға дейін еркелігімді көтеріп, жегім келетін нәрсені әперіп, ара-тұра кафеге, киноға апарып тұрды. Ол кезде аяғым ауыр еді. Қазір бір қызымыз бар. Балалы болғалы Жомарт қатты өзгеріп кетті. Енді баланың жөргекпұлын да алып қояды. «Келерде памперс ала кел, сүт керек, печенье...» деп айта бастасам бітті, «тамақтан басқа нәрсе айтпайды екенсің» деп тұтқаны тастай салады. Ақша ұстап көрмегелі қай заман. Ашуланып, ерегісіп дүкеннен қарызға алсам, сол күні төбеме әңгіртаяқ орнатады.


Кейде күйеуім табыс таппайтын, тапса да түрлі азарттық ойындарға жұмсайтын еркектерден әлдеқайда жақсы ғой, осыған да шүкір деп ойланамын. Дегенмен, көңілім тыныш емес. Бұрын «Еркектің қолына ақша тисе, оны басқа әйелдерге жұмсайды. Сен алмаған дүниенің қызығын басқа әйел көреді» дегенді естуші едім. Үйленгенімізге енді бір жылдан асса да, көңіліме түрлі күдік ұялаған. Шынымды айтсам күйеуім табысы жайлы айтпайды. Шотымызда қанша ақша барын да білмеймін. Сондықтан, кімге қалай кетіріп жатқанынан хабарсызбын.


Енемнің де туысы көп, той-томалаққа барғысы келеді. «Балам, бүгін тойға барам, пәлен теңге бер» десе, «Сол біздің тойға келіп пе еді өзі, мінезі дұрыс емес, сыйлағанды білмейді, бармай-ақ қойыңыз» деп тоқтатып тастайды.


Артымнан төркінім әкелген киімдердің бәрі тар боп қалды. Бірде ағам сүндет той жасайтын болды да, тойға киетін киім таппай, Жомартпен бір апта айтысып жүріп көйлек алуға көндірдім. Онда да алатын көйлегімді «инстаграм» арқылы көрсетіп, таңдатып, әрең алдым. «Қырық мың жете ме?» деп берген. Алған көйлегім отыз үш мың теңгеге түсті. Қалған жеті мыңына ішкиім, шұлық сияқты майда-шүйде алдым. Артылған тиынды сөмкеме салып қоя салғам. Кешкісін күйеуім жұмыстан келіп, «көйлекті қаншаға алдың» деп сұрасын. Бетім бүлк етпестен «қырық мыңға әрең түсіріп алдым» деп соқтым. Сөйтсем бұл кәззап инстаграмнан әлгі дүкенді тауып, арнайы барып, бағасын біліп келіпті.


Ертеңіне жұмыстан келіп қырғын салды. «Сен өз күйеуіңді тонайын дедің бе? Қалған ақша қайда деймін саған?! Шығар кәне, неге өтірік сөйлейсің?!» деп жағыма шапалақпен тартып жіберді. Сол жерде осы уаққа дейін ішіме жинап келген өкпемді ақтарып салдым. Артынан қызымды алып, төркініме кетіп қалдым. Артымнан кешірім сұрап қайта-қайта келіп жүр. Бірақ менің Жомарттың қылығына әбден тойыппын, сезімім де суып кеткен сияқты.


Осы бір таңдауым үшін қатты өкінемін. Бұлай тапқан табыстың пайдасы қандай? Жағдайымыз жақсы, күйеуім алған екі бөлмелі пәтерді жалға беріп қойған. Ақша жоқ емес, бар. Бірақ ол бізді бақытты етпеді. Кейде табысты жігітке тұрмысқа шыққанша, өзімді қадірлейтін жақсы азаматқа шығуым керек еді деп өкінемін.


Бойдақ қыздар менің қателігімді қайталамаса екен деймін. Қателікке бой алдырып, сан соғып қалмаңыздар. Бірінші кезекте жігіттің қалтасына қараудың қажеті шамалы екен. «Табыс таппайтын еркек жоқ, құрарын айт» демекші, адамгершілігі, түсінігі мол адаммен бас құраған дұрыс».