"Әке орнына әке болған - анам да, күйеуім де емес..."

0
559

"Маған ең көп қамқорлықты сол кісі көрсетті"


көрнекілік үшін фото wsj.com алынды

"Мұнда ене жаман немесе келін жаман деген пікірлер өте көп жазылады екен. Бәлкім мен білмейтін шығармын кімнің басында қандай жағдай болғанын. Алайда, арадағы ынтымақ пен татулық, қарым-қатынастың жақсы не жаман болуы әр адамның өзіне байланысты екенін жақсы түсіндім."

Осылай деп ой бөлісті ERNUR.KZ порталы тілшісімен сырласқан алматылық оқырман.


"Шындығында мен де мұндай қиындықтарды бастан кешірдім. Әрине, екі бөлек өмір сүрген адамдардың бір шаңырақ астында тоғысып, бір-біріне үйренісуі үшін уақыт керек, шыдам керек, сабыр мен ақыл да тиісінше қажетті дүние. Алдымен ене ақылды, дана болуы қажет. Өйткені, жас келінге қарағанда өмірден көргені мен түйгені мол, отбасы болуда өмірлік тәжірибесі мол адам ретінде қандай жағдай туындаса да реттей алу да үлкен даналықты қажет етпей ме?

Мен осы орайда өз енеме шексіз алғысымды айтқым келеді. Өйткені, жаңадан келін болып түскен кезімде балалығым, шалалығым, білместіктерім көп болды. Осының барлығын түсініп, сабырмен, қажырмен үйрете білген, шыдай жүріп, шыңдай білді. Кім біледі, басқа бір енеге тап болғанымда қалай боларын?!

Алайда, Алла да теңімен қосады екен. Келінінің жастығын ескермей, оған үйретуден бұрын, дереу қателіктерін былш еткізіп бетіне басып, тауын шағу – ақымақ ененің белгісі. Қанша жерден жақсы сөзбен түсіндіріп, ақылын айтып отырса да, оны қабылдай алмай, өзімбілермендікке салынып, бағынбай кететін келіндерді де көрдік.

Өзім небәрі он жеті жасымда тұрмысқа шықтым. Отбасындағы жалғыз қызбын. Анам ғана бар. Әкеміз бізді тастап, басқа әйелге үйленіп кеткен. Төрт жаста екенмін сол кезде. Содан бері мен әкемді көрген жоқпын, оның тәрбиесін алған жоқпын. Әкем бізді тастаған кезде тым кішкентай қыз болсам да барлығын сезетінмін, отбасымыздағы көңілсіздік бала жүрегіме әсер етпей қоймайтын.

Сол бала кездегі алған жан жарақатының жазылуы үшін біраз уақыт кетті. Мүмкін әлі де бар шығар, енемнің көңіліне жалтақтап қарайтыным, күйеуіме қатты бақылау жасайтыным бар.

Қазір Аллаға шүкір, енемнің қолдауының, көмегінің арқасында ондай ауыртпалықты сезінбеймін. Мені келін етіп түсіргеннен бастап жолдасыма үнемі "Жарыңа әке орнына әке болуың керек" деп үйретті үнемі. Бірақ соны күйеуіме үйреткенмен, ең көп қамқорлықты өзі көрсетті. Қазір біреулер "әке орнына әке болды" деп анасын, күйеуін айтып жатса, мен енемді айта аламын.

Бұл өмірдегі біздің баға жетпес қазынамыз – ана-анамыз. Біздің көз қуанышымыз, әркез тілеуімізді тілеп, біз үшін Жаратушыдан тынымсыз дұға жасап отырушы жандар. Жалғандағы сенімді серіктеріміз, қанша рет ренжітсек те бізге деген махаббаты мен мейірімі сарқылмайтын алтын тұлғалар. Кез келген қиыншылық пен мәселені ақылдасып, дұрыс шешім қабылдауымызда осы кісілердің алар орны ерекше. Ата-ананың көзі тірісінде разылығын алуға талпыну, олардың айтқан әрбір сөзі мен ақылын тыңдап, оған құлақ асу біздің перзенттік парызымыз болмақ. Ол кісілер қартайғанда кішкентай балалар секілді болып қалады. Оларға ешқашан «түһ» деп жекуге, сөз қайтаруға, қарсы сөйлеуге мүлдем болмайды.

Өмір алма-кезек. Уақыт өте бізде ата-анамыз секілді перзенттер тәрбиелейміз. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген сөзде терең мағына жатыр. Ата-анамызға қандай қарым-қатынаста болсақ, кейін балаларымыз да бізден көрген әрекеттерді қайталайды. Ендеше, ана-анамызды көзінің тірісінде құрметтеп, қадіріне жетейік, құрметтілерім.

Ата-енемізді де өз ата-анамыздай құрметтеп, жолдасыңның бауырларын да өз бауырларыңдай көрсең, кез келген әйел бақытты бола алады. Мен өз өмірімнен осы мысалды айта аламын."