"Әке-шеше демей эгоист болу керек екен": сүрбойдақ жүрген жігіт алдымен өз жағдайын жасамағанына өкінеді

0
406

Тек «ұн таусылды», «газ кіргізу керек», «тоңазытқыш бұзылды» деген сөздер естимін...


"Біз үйде көп ағайындымыз. Қазір бәрі отбасылы, ата-анам қартайған. Үйде менен бір жас кіші інім екеуміз өте арманшыл болдық. Ұл болсақ та оқушы кезден бастап күнделік арнап, армандарымызды айтып сырласатынбыз. Арманымыз ұқсас еді. Басты арманымыз – қалада тұру, көлік міну және әке-шешемізге қаладан үй әперу болатын" деп еске алды бала кезін ERNUR.KZ порталының оқырманы.


"Ержеттік. Мемлекеттік грантпен оқу оқып, маман атандық. Мен жұмысқа орналастым. Бір жылдан кейін інім де диплом алып, мектепке жұмысқа тұрды. Мен ай сайынғы жалақымды ата-анама жіберіп, керек-жарақтарын әперіп тұрдым. Ал інім ақшасына жаңа киімдер алып, тек өзіне жұмсады. Қыздармен танысты, кездесті. Сосын ақшасын топтап магистратураға түсті.

Мен оның бұл істерін эгоистікке баладым.

«Тек өзіңді ойлайсың. Ата-анамыздың жағдайын жасаймыз деген арманың қайда?» деп ұрыстым. Сонда ол «Көріп отырсың ғой, ата-анамыздың бізді үйлендіруге шамасы жоқ. Өз жағдайымызды жасап, үйленіп отбасы құрсақ, ата-ана үшін сол көмек. Бір уайымы азаяды. Ал үйлену үшін алдымен танысу керек. Үстіңе тәуір киім алшы. Адам көркі – шүберек. Әдемі киініп жүрсең, өзіңе ұнаған қыздармен ұялмай таныса аласың. Биыл үйлен, әйтпесе келесі жылы мен үйленіп кетем» дейтін.

Сонда деймін-ау, өзіме ақша қимаймын ғой. Інім «Ескі үйді жөндей бергеннен гөрі жаңа үй салу керек қой. Сол ақшаға өзіңе жер алып, үй салуды бастамайсың ба? Сосын ата-анамызды көшіріп қолыңа аласың» деп те ақыл айтты. Тыңдамай, ата-анамның ауылдағы ескі үйін жөндеуге кірістім. Едендерін, есік-терезелерін ауыстырдым. Жыл сайын қақпаны бояп, тапқанымды ауылға жөнелтіп отыруды жалғастырдым. Бір күні үйленем деп едім, әкем «Бізде ақша жоқ. Әпкелеріңді оқытамыз, ұзатамыз деп бүкіл малды саттық. Қоя тұр» деп жағдайын айтты.

Қара шаңырақта ағам тұрады, оның төрт баласы бар, өзі жұмыссыз. Ауылға барған сайын «ұн таусылды», «газ кіргізу керек», «тоңазытқыш бұзылды», «мал қора құлайын деп тұр, бұзып қайта соғу керек», «немерелерге жаңа аяқ киім әперуім қажет», «қарындасың тұрмысқа шығам дейді, оның жасауы да әжептеуір ақша» деген сөзді әке-шешемнен естіп қайтатынмын. Осындай сөздерді естіген соң жалақымды қалайша түгел өзіме жұмсаймын? Сөйтсем, бұндай мәселе ешқашан таусылмайды және бір адамның тапқаны шелекке қасықтап су құйғандай түк те болмайды екен.

Ал інім бұл уақытта бір қызбен кездесіп жүрген, ақшасын топтап жинады. Жазғы демалыста үйленетінін айтты. Қалыңмалды өзі тауып, беташарға қажетті күріш пен қойды сатып әкеп қойған соң ата-анам қолдады.

Содан бері 18 жыл өтіпті. Інімнің қазір үш баласы, даңғарадай үлкен үйі, жап-жаңа көлігі бар. Әйеліне де көлік мінгізіп қойған. Жыл сайын шетелге саяхаттайды. Екі оқу орталығының жұмысын жүргізіп отырған табысты кәсіпкер. Ал мен сол күйі үйленбедім. Астымда көлігім, тұрақты жұмысым бар. Жалақым бір басымнан артылмайды.

Пәтер жалдап тұратын едім. Жаңа жыл қарсаңында інім әкем мен шешемізге қаладан екі бөлмелі үй әперді. Сонда анамыз «Жас жұбайлар ата-енеден бөлек тұрғысы келсе, қартайғанда шал мен кемпір де өз алдына өмір сүруді қалайды екен. Асүйі, жуынатын жері, әжетханасы бар кішкентай бір бөлмелі пәтер болса, қалада тұрсақ деп әкең екеуміз армандап жүргенбіз. Арманымызды орындаған балама рақмет» деп көзіне жас алды. Мен қазір әке-шешеммен бірге тұрып жатырмын.

Айтайын дегенім, тапқанымды жапсырған қара шаңырақ - ағамдыкі. Қазір бәрібір ескі ол үй. Ай сайын киім әперген ұл-қыздарының алды қазір бала-шағалы. Ал менде не баспана, не бала жоқ. Адам ең бірінші өзін ойлап, өз жағдайын жасау керек екен. Сонда қырыққа келгенде басқа бауырларыңа, ата-анаңа да көмектесуге жағдайың болады. Яғни, алдымен өзің аяққа тұрып алып, содан соң басқаларға көмектескен дұрыс екен."