«Жерге итеріп құлатты да, басымнан тебе берді»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
ERNUR.KZ редакциясына «Құдайдан жатсам да, тұрсам да әке-шешемнің ажырасып кеткенін тілеймін» деп басталатын ерекше хат келді. Шымкенттегі университеттердің бірінде оқитын Ж. есімді қыз жолдапты.
«Мен өзімнің, бауырларымның болашағына алаңдаймын, ал бәрінен де әкемді аяймын. Қайран өмірі қор болды», - дейді ол.
Отбасындағы жағдайды Жанерке ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Мынау жер бетінде менің әкемдей, ата-әжемдей жан жоқ. Ауылға қадірлі, ағайынға сөзі өтімді жандар. Ал шешемнің жағдайы мүлдем бөлек. Қу арақ құлқынын тесіп, адамгершіліктен жұрдай етті. Біз түгілі ата-енесін адам ғұрлы көрмейді. Біз оны жек көреміз, тек ең кішкентай інім ғана айналшықтап, жанынан шықпайды.
Қашан, қалай араққа салынып кеткенін білмеймін, есімді білгелі көріп келе жатқанымыз осы «концерт». Ауылда өзі сияқты алқаш құрбылары бар. Бастары қосылса гулетеді. Әкемнен сәл-пәл аяқ тартады, ал ол жұмыста болса үйдің астаң-кестеңін шығарып, бәрімізді бір шыбықпен айдайды. Әкем ұрды да, соқты да, жай сөзбен де айтты, бірақ нәтиже жоқ. Таяқ жеген кезде жылап-еңіреп төркініне кетеді, олар көрші ауылда. Артынан ешкім іздеп бармағасын шешесін ертіп өзі келеді. Әкем байғұс бізді ойласа керек, талай рет кешірім беріп, үйге кіргізген. Бір айдай тып-тыныш, тәп-тәуір болады да, тура бір айдан соң баяғы әдетіне қайта басады.
Біздерді туғаны болмаса шешемнің ешқайсысымызға да еңбегі сіңген емес. Бәрімізді әжем бағып қағып өсірді. Түнде бесікке бөлеп, жаялық тазалайтын. Анам тек емізуге келетін. Осының бәрін үйдің үлкені боп көріп өскен соң ба, әжемді ерекше жақсы көремін. Ал анам мені сол үшін ұнатпайды. Қазір студент болып біраз бәледен құтылдым ғой. Әйтпесе мектепте жүргенде көресіні әбден көргем.
Анамды жек көріп, қатты көңілім қалғаны, бір жолы әжеме төркініне ет ұрлап апарғанын айтып қойғаным үшін өлгенше таяқ жедім. Жерге итеріп құлатты да, басымнан теуіп тастады. Әкем келіп, ажыратып, мені ауруханаға апарғанда миымның шайқалғанын білдік. Дәрігерлер «кімнен таяқ жеді, полиция шақыртамыз» деп шыққанда әжетайым «ақылың бар ғой, елге күлкі болмайық, талдан құлап қалдым деп айта салшы» деп көндірген. Бір ай емделіп, үйге келгенімде «сені Құдай да алмаған ба, тіріліп келіпсің ғой» деп кекете күлген. Сол сөзі жүрегімде қалып қойды.
Атам да, әжем де жуас жандар. Соны біліп алған шешем үйдегі бар жақсыны төркініне таси береді. Тіпті әжеміздің інілеріме мектепке ұстасын деп әперген сөмкелерін төркініне беріп жібергесін, одан не үміт, не қайыр? Бауыр еті балаларынан інісінің балалары артық боп тұр ғой сонда.
Бір жолы үйге әжемнің сіңлісі қыдырып келді. Жатарда қолындағы сақинасын, құлағындағы сырғасын шешіп, жастығының астына қоған екен. Шешеміз соны түнде ұрлап, шешесіне апарып беріпті. «Түнде ғана осында қойғам» деп Сара әпкем шыр-пыр болды да қалды. Ішімізден бәрін біліп тұрсақ та үндей алмадық. Әжем байғұс жерге кірер тесік таппай қалды. «Пенсиямнан әперем, менің мойнымда» деп құтылды.
Менің ойымша мұның бәрі шешемнің көріп өскен тәрбиесінен-ау. Өйткені нағашы әжеміз атамызды адам ғұрлы көрмеген. Байғұс ата қартайған шағында бір өзі екі бөлмелі времянкада тұрды. «Сасып кеткен» деп үлкен үйге кіргізбейтін, тамағын сонда апарып беріп тұрды. Ауырып жатқан атам ақыры осы қайғысынан кетті-ау.
Бір жолы әкем үйге бес литр май әкелді. Әжем ертеңіне қаттама пісірейін десе әлгі май жоқ. Қай уақытта, кімнен беріп жібергенін білмейміз. Әжем сонда алғаш рет шыдай алмай шешеме қарап сөйлеген. Соңы үлкен айқайға ұласты. Енесінің айтқандары намысына тиді білем, былтыр ішкіш құрбыларымен тойып алып, үйге келіп «концерт» қойды. Аяғынан тұра алмайды. Әжеме «е, қақпас, мен төркініме тасысам тасимын, нең кетті» деп есіктің алдында айқай салды. Оны көршілердің бәрі естіді. Масқара болдық. Әкем әзер дегенде үйге кіргізді.
Үлкен інім «шешең алқаш» деп мектептегі балалар айтса, тура ұрып өлтіргім келеді» деп жылады. Ал одан кейінгі сіңлім «құрбыларымның бәрі мамаң ұры екен ғой, өз үйінен ұрлайды деп естідік. Оған қоса жүргіш екен» деп айтқанда асылып өлгім келеді» деп күрсінеді. Ал мен әке-шешемнің ажырасып кеткенін шын пейілмен тілеймін. Өйткені анамның осындай тірліктерінен бүкіл отбасымызбен көшеде бас көтеріп жүре алмай қалдық.
Бір жолы тағы да ішіп келді. Оның жауы ата-әжем ғой. Келе сала соларға тиісті. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Әкемнің қой дегенін құлағына да қыстырар емес. Ақыры әлі келмеген әкем нағашы ағамды шақыртты. Қаладан қара түнек болып түтеп келген нағашы ағам шешемді жерге жатқызып алып тепкіледі. Әбден күйген ғой.
«Мына байыңнан басқа ешкім сені қатын қылмас еді, сен оған рахмет айт. Егер тұрмаймын десең, жүр, алып кетейін, бес балаңды өзің асырап, бақ!» деп тепкілегенде жаным ашып кетті. Содан бері екі ай тыншып жүрді. Енді кеше сіңлім «мамам тағы ішуін бастады» деп хабарласты. Оның енді өзгеріп кетуі екіталай, қанына сіңіп кеткен әдет болды.
Шешемнің осы бір қылығы үшін жігіттерге де жоламаймын. «Алқаштың қызы» деп сыртымнан әңгіме қылғандарын қаламаймын. Бірақ бұл қашанғы жалғасады? Бұлай кете берсе күйеуге тимей қаламын ба деп қорқамын. Арағын қойдыратын емханаларға апарайық деп әкеме айтсам, «ондайдан пайда жоқ, бір мәрте апарғам» деп отыр. Мұндай жағдайда көмектесе алатын арнайы мамандар бар ма? Көпшіліктен кеңес сұрасам деймін».