«Шет елге тегін қыдырасың дегенге есім кете қуандым»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Сәлеметсіздер ме, ERNUR.KZ ұжымы! Менің атым – Жайна. Шымкенттегі университеттің бірінде төртінші курста оқимын. Дәл қазір сырымды айтар, ақыл-кеңес сұрар ешкім жоқ болған соң, өздеріңізге хат жазып отырмын», - депті редакцияға хат жолдаған оқырманымыз.
Жайна алаяқтардың құрбаны болып, несиеге баттым деп күйініп отыр. Өкінішке қарай, ата-анасы бұл оқиғадан хабарсыз. Сондықтан алаяқтықпен айналысатын мекеме жайлы ашып жазбапты.
«Биыл жазда ауылға қайтпадым. Мамандығым бойынша жұмыс істеп, күздік киім-кешегімді, керек-жарағымды өзім алайын деп шештім. Сосын көшеде ілініп тұрған «Онлайн работа. Высокий доход, гибкий график» деген жарнаманың біріне хабарластым. Ыңғайлы жұмыс кестесі деген қызықтырды. Себебі таңнан кешке дейін кеңсеге байланып отыруды жаным қаламайтын.
Көрсетілген нөмірге хабарласып едім, «айлық жалақысы 120 мың теңгеден жоғары. Қалаған уақытыңызда келіп, берілген тапсырманы орындап кетсеңіз болды. Егер жұмыс ұнаса басшымызбен сұхбаттасуға жазып қояйын» деп бір қыз бәрін түсіндірді.
Келесі күні көпқабатты бизнес-орталықта отыратын мекемеге бардым. Мен секілді жұмыс іздеп келген адам көп екен. Әлгі мекемеге деген сенімім арта түсті. Жұмыс істеп отырған қызметкерлердің көбі жастар, әп-әдемі киініп алған. Жақсы жер екен деп қуанып қалдым.
Сұхбатты 25-26 жас шамасындағы жігіт жүргізді. Мен жайлы бәрін сұрап алды. Сосын өздерінің компаниясы нарықта он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, денсаулыққа қажетті биологиялық белсенді қоспаларды адамдарға насихаттап, алушы табылса жеткізіп берумен айналысатынын айтты. «Біздің өнімдеріміз былтыр «Жылдың үздік тауары» деген номинацияны жеңіп алған» деп арнайы дипломдарын, кубоктарын көрсетті. «Жұмысты қалай бастаймын деп уайымдамаңыз. Үш күн өзіміз оқытып, бәрін түсіндіреміз» деп лыпылдап кетті. Мен әлгі басшының сөзіне имандай сеніп қалдым.
Ақымақ басым, бұл жұмыс жайлы ешкіммен ақылдаспадым. Себебі кетерде әлгі жігіт «Өзіне сенімді адам, жетістікке жеткісі келген адам тәуекелшіл болады, ешкімнің сөзіне құлақ аспауы тиіс, себебі табысты адамдарды аяқтан шалатындар көп» деп санамды улап тастаған. Айлыққа шығып, әжептеуір табыс тауып жатқанда бір-ақ айтармын деп мұны бәрінен жасырып қалдым. Тіпті интернетті ашып, бұл компанияның өнімдері жайлы мәліметтерді де қарамаппын ғой. Тегін оқытамыз деп отыр, барып көрейін, нем кетеді деп ойладым.
Оқудың бірінші күнінде адам өте көп болды. Екі әйел компанияның өнімдері, оның денсаулыққа пайдасы жайлы түсіндірді. Бәрімізден ой-пікірімізді сұрады. Ал екінші күні адам анағұрлым аз болды. «Кешегі кісілер қайда, бүгін адам аз ғой» деп сұрап ем, екі әйелдің біреуі «Олар аудандық филиалдарда жұмыс істейтін қызметкерлер ғой, қалған ақпаратты өз аудандарында алады, ауылдарына қайтып кетті» деп соқты. Сөйтсем бұл бизнестен хабары барлар лохотрон екенін түсініп, екіші күні келмей қалған екен ғой.
Екінші күні бізге өнімдерді нарықтағы арзан бағаға алып, үстіне ақша қосып сатса, ай сайын айлығына бонус қосылатынын айтып қызықтырды. Одан бөлек шет елге саяхаттауға жол ашылады, Алматыда өтетін бизнес-форумға тегін жолдама беріледі деп қызықтырды. «Бір өзің бес адамның продажасын бірден істесең, онда жылдың соңында Канар аралдарына баратын саяхатқа тегін қатыса аласың» деген соң ойланбай банкке бардым.
Маған 620 мың теңге несие шықты. Оның жетпіс мыңын келесі айда несие төлеуге алып қалдым да, 550 мыңын әлгі компанияға құйдым. «Уайымдамаңыз, сіз мына несиеңізді екі-үш айда ойланбай жауып тастайсыз» деп сендірді. Орнына сегіз құты БАД берді. «Алған тауарды сату міндетті емес, алдымен өзің пайдаланып көр. Сосын біздің компанияны таныстарға, туыстарға насихатта, әлеуметтік желілер арқылы жарнамала» деп тапсырды. Алғашқы айда күн-түн демей жұмыс істеп, 120 мың теңге табыс таптым. Келесі айда жоспарды орындай алмай, дымсыз қалдым. Одан кейінгі айда да небәрі 30 мың теңге түсті. «Сіз екі ай жоспарды орындамаған соң шет елге саяхаттай алмайсыз, ол үшін алты ай жоспарды артығымен орындау керек еді» деп сөздерінен айнып шыға келді. Мына сөзден кейін өзімнің оңбай алданғанымды түсіндім де, қолы бір сілтеп кетіп қалдым.
Бұл туралы әке-шешем де, бауырларым да біледі, бірақ несиеге батып, санн соғып қалғанымнан хабарсыз. Шәкіртақымның бәрін несие төлеуге кетіп жатыр. Сабақтан соң дүкенде жұмыс істеп, тапқанымды тамағыма әзер жеткізіп жүрмін. Арасында волонтер болып істеймін. Несие төлеймін деп тентіреп кеттім.
Әлгі компанияға мен сияқты жұмыс іздеп барып жатқан адам көп. Алданып қалмаса болар еді деп ойлап қоям. Жалпы, соңыңнан адам тартасың дегенге мүлдем жоламау керек екен...»
«Әйелім квартирант келіншекпен бірге үйден қуып шықты»: шымкенттік азамат отбасына орала алмай жүр
«Келінім істеген тамағымды төгіп тастайды»: түркістандық кейуана өзін асырап алатын адам іздеп отыр