​«Әйелім квартирант келіншекпен бірге үйден қуып шықты»: шымкенттік азамат отбасына орала алмай жүр

0
1 737

«Екінші қателігімді әйелім кешірмейтін сияқты»


​«Әйелім квартирант келіншекпен бірге үйден қуып шықты»: шымкенттік азамат отбасына орала алмай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Еркек десе өзімізге тиеді, бірақ кейде нәпсіге тұсау сала алмай, айрандай ұйып отырған отбасымыздың ойранын өзіміз шығарамыз ғой. Болмайтын жерден жіберген қателік өмір бойы бетіңе шіркеу болатынын кейде аңғара бермейміз», - дейді Қалдыбай есімді шымкенттік азамат.


Әйелінен, екі қызы мен бір ұлынан айырылып, үйінен қуылған Қалекең өз өмірінен сыр шертіп, ERNUR.KZ оқырмандарына өз кеңесін ұсынды.


«Сорлы басым жылтырағанға көз салып, сорлап қалдым. Жасырын жүрістің соңы бұлай боларын білгенде күні-түні үш ауысымда жұмыс істесем де үйге квартиранттар алмас едім.


Өздеріңіз білесіздер, қазір өмір сүру оңай емес. Бір айлықпен келесі айға жете алмайсың. Әсіресе жас баласы барларға қиын. Екеуі бақшаға барады, анау-мынауын есептемегеннің өзінде бақшасының өзіне ай сайын 30 мың төлейсің. Оның үстіне пәтерді ипотекаға алғанбыз. Зырылдап айдың соңы келеді де тұрады. Әйелім екеуміз тірнектеп жинап, несиеге құямыз.


Бір күні шыдай алмадым. «Үйге квартирант алайық» дедім әйеліме. Ол бірден келісе кетті, «енді үйленген ерлі-зайыптылар болса» деді. Мен онымен келіспедім. Ерлі-зайыпты адамдар болса, оларға келетін-кететін туыстар шығады. Ертең бөпелі болса, тағы да тыныштық жоқ. Одан да студент екі қыз дұрыс деп шештік.


Содан не керек, бір студент қыз әпкесімен тұратын болды. Әпкесі бұрын тұрмысқа шығып, ажырасып келген екен. Ауысыммен мейірбике болып істейді. Бастапқы екі ай жап-жақсы тұрдық. Екі айдан кейін әлгі студенттің әпкесі маған көзін сүзе бастады. Үйде ешкім жоқта шайға шақырып, көзімен мені ішіп-жеп, жоқ жерден ойымды бұзды. Әзілдесіп, мені өзіне жақын тартқысы келіп, ақырында дегеніне жетті. Қолынан ұстап, құшағыма тартып едім, дым қарсыласқан жоқ, құлай кетті. Ары қарай түсінікті ғой енді...


Квартирант бикешпен жасырын кездесуіміз үш айға созылды. Әйелім мектепте істейді, жетекшілік ететін сыныбы бар, кешке қарай бір-ақ келеді. Ал мен түскі үзілісте әйеліме білдірмей үйге келіп жүрдім.


Бірде көрші көңілдесім төсекте жатқан жерімнен суретке түсіріп алған, онысын ватсаппен маған жіберген. Өшіруді ұмытып кетіппін. Кешкісін әйелім үйге келіп, менің телефоныммен қарындасыма звондамақ болды. Бақшадан келген екі қызымды құшақтап, ойнатып жатқам. Бір кезде әйелімнің жан даусы шықты. Жүгіріп барсам еңіреп тұр, қолында менің телефоным. «Сен оңбаған ақ төсегімді арамдап, сезімімді аяққа таптап не істеп жүрсің?!» деп қолына түскен затпен ұра берді.


Қолындағы телефонды жұлып алдым да, көз ілеспес жылдамдықпен қабырғаға атып ұрдым. Ондағы ойым телефон быт-шыт болса, ішіндегі суретте мен екенімді дәлелдей алмайтын шығар деген ой еді. «Сен интернеттегі біреудің суретін көріп алып, менімен шатастырып тұрсың деп» әйелімді ақымақ қылғым келді. Бірақ онымнан түк шықпады. Екі кеште мені де, квартирант қызды да үйден қуып шықты.


Екі-үш күн көзіне көрінбейін, ашуы басылсын деп жүрсем, сотқа ажырасу туралы арыз тастап, менің киім-кешегімді жинап қойыпты. Қолыма ұстатты да, есіктің аузынан қайтарып жіберді.


Негізі әйелімнің өкпелейтіндей жөні бар. Бұған дейін таксист болып жұмыс істеп жүріп те, бір әйелмен байланысып қалғам. Түнге қарай табыс көп болады деп кешкі тамағымды ішіп алып, жорыққа шығатынмын. Бір күні тойханадан шыққан бір келіншек қол көтерді.


«Аға, тойдан шықтым. Қалтамда сізге төлейтін ақшам жоқ» деп сықылықтай күлді. Кішкене ішіп, қызып қалғаны көрініп тұр. Үндемей отырғанша әңгімелесейін дедім де, «қарындас, онда маған қарыздар боп қаласыз ғой, ал мен өзіме қарыз адамдарды ешқашан ұмытпаймын» деп әзілге бұрдым. Жаныма жайғасқан әдемі келіншек «Біреуге қарыз болып көрмеген адаммын, тап осы жерде құтылып кетсем қалай?» деп маған бас салды.


Сол қызбен бір жыл бойы кездесіп жүрдік. Бір күні телефоныма жазған хабарламасын әйелім оқып қойып, үйде кішігірім соғыс болған. Сол кезде мың жасағыр кешіріммен қарап еді. Енді ондай жеңілдік жоқ сияқты.


Басымдағы бақты осылайша әйелқұмарлықпен ұшырып алдым. Бәрінен де үш перзентімнен обал болды. Әкелерінің жүріс жасағанын өсе келе естиді ғой, сонда олардың бетіне қалай қараймын? Далада қалдым, жер болдым. Бітті бәрі...


Менің басымдағы жағдай кез келген еркектің басына түсуі мүмкін. Сондықтан бұл нәрседен опық жеген адам ретінде інілеріме кеңес берейін: тек жүрсең – тоқ жүресің, жылтырағанның бәріне көз сүзе беруге болмайды. Отбасыңды ойла, інім!»