«Оған тоқалдыққа қыздарын шешелері ертіп әкеледі» деп ұрысты...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Қыз баласы үшін мына әлемдегі ең жақын, жанашыр адам ана емес пе? Жалпы, ана деген баласының бақытты болғанын қаламай ма? Әлде барлық ана бірдей емес пе? Әйтеуір құрбыларымның, басқа да кісілердің сөздерінен аналарына деген ерекше махаббаты сезем. Ал менде ондай сезім жоқ. Керісінше...», - дейді Махаббат (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) есімді бойжеткен.
Университеттің екінші курсында оқитын қыз ешкім білмейтін жан сырын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Үйде екі қызбыз. Әкем бұрынырақта қайтыс болған. Ол кезде мен небәрі бес жаста едім. Бізді нағашыларымыз өздері тұратын қалаға көшіріп алып, үй әперді. Анам әкімдікте есепші боп қызмет етті, күйеуге тиген жоқ. Бірақ ертеректе әр кезеңде екі-үш кісімен көңіл жарастырып, олар біздің үйге келіп-кетіп жүретін.
Сіңлім екеуміздің тәрбиемізбен көбіне әжем айналысты. Анамның жұмысынан қолы босай бермейтін. Әжемнің арқасында нағыз қазақи, ұлттық дәстүрді бойына сіңірген, әдебиет пен тілге құмар қыз боп өстім. Ал сіңлімнің болмысы бөлек, оның сабаққа ынтасы жоқ, үй шаруасына да икемсіздеу болды. Қысқасы, үйде үш адам болсақ та мінезіміз үш түрлі.
Мен мектеп бітірер жылы қыста әжем өмірден өтті. «Айналайын, бағың жансын! Бақытты бол, сабағыңды жақсы оқып, өз рахатыңа өмір сүр, маңдайың жарқырай берсін!» деп әжем ақ батасын беріп еді. Менің оқуға деген ынтамның ерекше екенін сезген ғой. Мектеп бітірген соң өзіміз тұратын қаладағы университеттің біріне грантқа оқуға түстім. Сол жерде жүріп өзімнің сүйіктімді кездестірдім.
Жігітімнің аты – Нұржан. Өнер факультетінде оқиды. Домбырамен, баянмен ән салғанда еріп кетесің. Ауылдың қарапайым баласы, бастысы көңілі таза. Маған деген сезімі ерекше. Екеуміз бір жылдан бері кездесіп жүрміз. «Мен саған үйленемін» деп уәдесін беріп қойған. Келесі жылы оқуын бітіріп, мені ауылына апармақшы.
Бірақ жақында мен күтпеген жағдай орын алды. Нұржанмен жүретінімді білген анам үйде айқай-шу шығарды. «Қайдағы Нұржан? Қайдағы ауыл? Есің дұрыс па сенің? Мына заманда адам әншіге, тем более ауылдың қара баласына тұрмысқа шыға ма? Менің өмірім сендерге сабақ емес пе? Әкелеріңе тиіп, шекем шылқып па еді?» деп небір сөздерді айтты. Қысқасы, Нұржанның ауылдан шыққаны, қарапайым такси жүргізушінің баласы болғаны анама ұнамай тұр.
Ұнамағаны былай тұрсын, жақында мені ертіп алып бір кездесуге апарды. Барсақ бір ер кісі, жүзі таныс, кейін білдім ғой, баяғыда біз кішкентай кезде анаммен кездескен көкелердің бірі екен. Қазір үлкен қызметте екен. «Ереке, баяғы өзің көрген қыз осы. Бойжетіп қалды, жаныңа қызметке алсаң, сабақтан тыс уақытта тәжірибе жинай берсе» деп ойын айтқан. «Менде хатшының орны бос, келсін, алайық» деп уәделескен.
Екі күннен кейін көкенің кеңсесіне бардым. «Мынау жұмыс орның. Сенің алдыңдағы қыз тұрмысқа шығып кеткен. Көп тірлікті көмекшім істейді. Сен келгендерді кіргізіп, шай тасып тұрсаң болды» деді. Ойымда ештеңе жоқ, екі аптадай айтқанын қалтқысыз орындап жүрдім. Бір күні әлгі көкем кешкісін кабинетіне шай алдыртты. «Өзіңе де әкел, екеуміз әңгімелесіп шай ішейік» деді. Әкемдей адам ғой, айтқанын істедім.
«Махаббат, сенбі күні Астана жақтан бір топ группалас кісілер келе жатыр. Соны екеуміз күтіп алып, қонақ үйге жайғастырамыз. Сосын жексенбіге қала сыртына апарып күту керек. Менімен бірге барып, официант қыздарды бақылайсың» деп тапсырды. Айтқанын екі етпедім, жексенбі күні ыңғайлы киімімді киіп, тауды бетке алдық. Күтіп алғанда төрт кісі еді, салт-тұғын. Жексенбі күні жандарына қыздар ертіп алыпты. Қалталы еркектерге ондай нәрсе қалыпты шығар, кинодан көріп жүрміз ғой. Аса мән бермедім. Сөйтсем менің көкем деп жүрген бастығым әлгі жерге менімен көңіл көтеру үшін шақырыпты.
Елдің бәрі сыртта, бассейнге түсіп жатқанда іште жалғыз қалған мені құшақтап, тиісе бастады. «Анаңнан өткен сұлу боп бойжетіпсің» деп мені сүйіп, зорламақшы болды. Ішкен адамда ұят бар ма, ештеңеден тайынар емес. Жан қысылғанда көзге ештеңе көрінбейді екен, жалма жан қорғанатын зат іздеп, үстел үстіндегі десерт турауға әкелген пышақты көріп қалдым. Әлгіге қалай қолым жетіп, алғанымды білмеймін. «Тоқта!» деп айқайладым. «Егер қазір мына нәрсені тоқтатпасаң, өзімді өлтірем! Мен саған көне беретін мамам емеспін!» деп жылап жібердім. Менің түтігіп кеткен түрімнен қорықты ма, әлде сырттағы қонақтарынан ұялды ма, «Боссың, кете бер» деп жібере салды.
Көшеге шығып, такси ұстап, үйге әрең жеттім. Қорыққаннан екі тізем дірілдеп, есім кіресілі-шығасылы боп үйге келсем, анам қарсы алды. «Не болды, тірліктерің бітті ме?» деп түк болмағандай сөйлеп жатыр. «Мама, анауың мені зорламақшы болды. Сондай малдың қолына қалай тапсырдың?» деп жылап жібердім. Аяушылық күткем ғой анамнан. Ал ол шіміркпестен «Ақымақ, есің бар болса етегінен ұстамайсың ба? Сен қыз о баста шала туылып едің, миың сол күйі шала боп қалған екен. Шіріген бай ғой ол, ақшаның астында қаласың. Сендейлер оған тоқал болу үшін не істемей жатыр? Тіпті оған шешелері қыздарын ертіп әкеледі» деп неше түрлі сөздерді айтты. Қысқасы, ол мұны әдейі ұйымдастырған екен. Өзінің бұрынғы көңілдесіне тоқал ету үшін.
Бұдан кейін оны ана деп айтуға бола ма? Егер сол жерде мен әлсіздік танытып, депутаттың құшағында қалып кетсем не болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты. Әзірге бұл туралы Нұржанға айтпадым. «Шешесінің түрі мынау, қызынан не үміт» деп теріс айналып кетердей қорқам. Бірақ шешеммен бір үйде тұрғым келмейді...
Мұндай жағдайда не істеген дұрыс? Әттең, әжем тірі болғанда осы жағдай орын алмас еді. Әжемнің ақылы жетпей жатыр...»