​«Анамды үйге түскен ұрылар ұрып кетті»: шымкенттік келіншек екі оттың ортасында қалғанын айтады

0
2 432

«Таңға дейін жалғыз жатып қалған. Көрші жеңге келмегенде не болары белгісіз еді»


​«Анамды үйге түскен ұрылар ұрып кетті»: шымкенттік келіншек екі оттың ортасында қалғанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынып отыр


«Дәл қазір шыбын жаным шырқырап, отты шыр айналған көбелектей шарасыз күйде отырмын. Таразының бір жағында жалғыз қалған шешем, екінші жағымда отбасым тұр. Менің жан күйзелісімді түсінбеген күйеуіме деген өкпем қара қазандай», - дейді Жаннұр есімді түркістандық келіншек.


Үш баланың анасы қиын жағдайда қалғанын айтып, ERNUR.KZ тілшісіне мұңын шақты.


«Менің балалық шағым ел қызығарлықтай өтті. Әкем марқұм ағам, сіңлім үшеумізді ештеңеден тарықтырмай, көйлегімізді көк етіп, қарнымызды тоқ етіп өсірді. Ағайынның да алды болдық. Анам ән салғанда бүкіл ауыл «Бағдат Сәмединованың өзі ғой» деп таңдай қағатын. Сондай үлгілі отбасы едік, көз тиді ме, сөз тиді ме, бүгінде бақытты күндерімізден тек тәтті естелік қана қалды.


Осыдан он төрт жыл бұрын тұрмысқа шықтым. Ата-анам аудан орталығындағы сол кездегі ең мықты деген тойханадан ұзатты. Шардараға келін болдым. Өзім Созақтың қызымын. Облыстың бір қиырынан екінші бір шетіне барғаныма анам біраз қиналды. «Сондай жігіт біздің төңірегімізден табылмады ма, қызым» деп талай мәрте айтқан. Бірақ Әсет екеуміз серт етіп, сөз байласып қойғасын, артыма қарайламай кете бардым.


Обалы не керек, барған жерім мені қызындай көрді. Абысындарым да жақсы, әулетке бірден сіңісіп кеттім. Қазір де жағдайымыз жақсы. Екі ұл, бір қызым бар. Бүгінде ата-енеміз еншімізді берген, қалада тұрамыз. Жолдасым тәуір қызметте. Табысы да жаман емес. Бір қараған адамда менен бақытты жан жоқтай көрінеді. Бірақ ішімде «ит өліп» жатыр.

Жалғыз ағам өмірде жолы болмай жүріп, кейіннен үйленді. Екінші қызды болғанын естігенде қатты қуанып, достарымен ішсе керек, перзентханаға бара жатқан кезде мас күйде рөлге отырған көлігімен бірге апатқа ұшырап, тіл тартпай кетті.


Жалғыз ұлының қазасы әкеме де оңай тимеді. Өзі қант диабетімен ауыратын еді, ағамның жаназасынан кейін жағдайы нашарлады да, үш айдан кейін бақилық болды. Анам байғұс жер бауырлап жатып қалды. Бір апта нәр татпай, төсектен тұруға әл-дәрмені қалмай, бәрімізді қорқытты. «Мама, бізді ойлаңызшы, екі немереңізді ойлаңыз, беліңізді бекем буып, мына әулеттің түтінін түзетуге әрекет жасаңыз» деп жүріп, қатарға қостық. Шүкір, қазір анам еңсесін көтеріп, әкемнен қалған үйдің шырағын жағып отыр.


Жеңгем ағамның қырқы өте сала төркініне кетіп қалды. Анам мен сіңлім бір-біріне сүйеу боп, апта сайын балаларымды алып, көңілдерін аулап келуші едім. Бір күні сіңлімді өзімен бірге оқыған студент жігіт алып қашып кетті. «Қашанғы жаныма байлап жүрем, бағы ашылсын» деп анам тілеуін тілеп, артынан жасауын апарып берді.


Содан бері даңғарадай үйде бір өзі. Менің уайымым – анам. Жасы келген кісі, қан қысымымен есепте тұрады. Не істеп жүр екен, қалай өмір сүріп жатыр деп жатсам да, тұрсам да ойлай берем. «Мама, менің бір баламды қолыңызға алыңыз, жаныңызға демеу болсын, онша-мұнша тірлігіңізге қолғанат болады» деп өзім апарып бергем. Сөйтсем әжесіне еркелеп, айтқанын істемей күйдіреді екен. Бір жылдан кейін «Мына балаң көшеге шығады да, балалармен ойнап кетіп қалады. Таба алмай артынан көше-көшені аралап жүрем. Елі бөлек, жиен бәрібір ел болмайды екен. Бірдеңе болса құдалардың бетіне қайтіп қараймын, өз үйіріне апарып қос» деп анам баламды өзіме беріп жіберді.


Қалада өз үйіміз бар, «біздің қолымызға көшіп келіңіз, күйеу балаңыз да қарсы емес» деп талай мәрте айттым. Бірақ көнетін емес. «Өлсем сүйегім өз үйімнен шығады» деп ыңғай бермей отыр. «Әсет, ауылға барып тұрайықшы, қаладан алыс емес қой, барып-келіп істей бересің» деп айттым. «Мен күшік күйеу емеспін. Апаның өзі біздің үйге келсін, бөлме жетеді» деп бет бақтырмай отыр.


Апта сайын артынып-тартынып барып қайтамын. Айына бір сіңлім келіп кетеді. Сонда да көңіл тыныш емес.

Өткен апта қайын жұртта той болып, бара алмай қалғам. Дәл сол күні үйге ұры түсіп, анам оларды ұстап алам деп жанталасқанда қақ төбесінен бір ұрып, талдырып кетіпті. Ертеңіне сүт сатып алуға келген көрші жеңге жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарыпты. Қан қысымы көтеріліп, микроинсульт алған екен. Құдай оңдап, қазір тәуір болып қалды.


Осы оқиғадан кейін біздің отбасымыздан тыныштық кетті. Әсет екеуміз күнде айтысамыз. «Дәл сол үйге көшіп бармасаң да ауылдың бір бұрышынан үй алайық. Танысың көп қой, жұмысыңды ауданға ауыстыршы» деп қоймаймын. «Мен бұл қаладан ешқайда кетпеймін, ауданда дені дұрыс қызмет жоқ» деп бет бақтырар емес. Тағы бір кезекті ұрыста «не мені таңда, не шешеңді таңда» деп шарт қойды. Ата-енем менің жағдайымды түсініп отыр, бірақ біздің ол жаққа көшкенімізді қаламайды. «Құдағи сендерге келсін» дей береді. Ал анам кішкентайынан өзі егіп, баптаған ағаштарын, гүлдерін, шалынан қалған үйді қимай отыр. Не анама, не күйеуіме қазіргі жағдайымды айтып, түсіндіре алмадым. Басым қатып кетті...»