​«Ағамыздан бас тартып, жеңгемізді таңдадық»: түркістандық келіншек отбасындағы жағдайды баяндап берді

0
1 670

«Жеңгемді емдету үшін бірі үйін, екіншісі көлігін сатты»


​«Ағамыздан бас тартып, жеңгемізді таңдадық»: түркістандық келіншек отбасындағы жағдайды баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өз отбасымдағы бір оқиғаны көпшілікпен бөлісіп, көңілдеріне ой салғым келеді. Мейірімге, жылулыққа мұқтаж заманда өмір сүріп жатырмыз ғой. Біреуге сабақ болса, біреу осыдан өзіне керек ақпар алса, онда уақыттың текке кетпегені, сөздің зая болмағаны деп есептеймін», - дейді Гүлнұр есімді түркістандық келіншек.


Оқырманымыз үлкен жеңгесі Асылкүлдің басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Жеңгем менің атына заты сай адам. Адамзаттың асылы десе дегендей-ақ. Ол келін боп түскенде біз әлі бала едік. Үлкен әулетке, тоғыз балалы үйдің үлкен келіні боп келгенде алдынан шауып шыққан біздер қатты қуанғанбыз. Орамалдың астынан ұрлана қараған жап-жас, сұп-сұлу жеңешем маған періштедей көрінген. Періште пейіліме орай расында да жеңгем сондай адам боп шықты. Үлкен шаңырақтың алғашқы көрген қызығы өзі болған соң бәріне де төтеп берді.


Асылкүл жеңгем жаспын, істей алмаймын деген жоқ, таңертең ерте тұрып сиыр сауып, нан жауып, тамақ істеп, ара-арасында кір жуып, бәріне де үлгеретін. Кір киімдерді көбейтуге көп үлес қосатын біздерге еш қабағын шытпайтын. Үстімізден сыпырып алып сол замат аппақ қылып жуып тастайтын.


Ең бастысы, қолы майлы шықты, ол істеген тамақты бармағымызды жалап жеуші едік. Пісірген бәлішін, қаттамасын айтсаңызшы, шайнамай жұта беруге болады. Осыншама тірліктің басын қайырып, арасында ержетіп, қызға қырындап келе жатқан қайныларының үсті-басын реттеп, қыз-жігіттері жайлы сұрап та үлгеретін. Ата-енем де дән риза, үйге келген қонақты дастарханын жайнатып күтіп алып, сый-сияпатсыз қайтармайтын. «Осы келінімнің қолы ашық, пейіліңе берсін» деп анамыз ақ батасын беріп отырды.


Жеңгемді сұмдық жақсы көремін. Әлі де оған деген кіршіксіз пейілім өзгермеген. Бірақ осы жақсы адамдарды Құдай бір пейілінен қысып қоятыны несі екен? Жеңгем екі ұлды дүниеге әкелген соң, ағамнан тірідей айырылып қалды. «Қалаға барып білімімді жетілдіріп келем» деген ағамыз сыртта жүріс жасайтын болды. Қалада өзге әйелмен байланысып, үйдегі әйелін де, балаларын да ұмытты.

Үйдегілердің көңілінен шығам деп шапқылап жүргенде жеңгемнің ағама көңіл бөлуге уақыты болммады ма, кім білсін? Бірақ ағамның бұл тірлігін ешкім құптамады. Ағайы-туыс, бауырлары ортаға алып, ағама қанша мәрте ұрысты. «Мақұл, қоямын» деп басын шұлғитын да, арада көп өтпей баяғы әдетіне қайта басатын. Ақырында кетіп тынды. Жеңгем «ат айналып қазығын табады, ол келеді, бір күні іздеп келеді» деп көп күтті.


Бұл уақытта кейінгі ағаларым да үйленіп, келіншек әкеле бастаған. Бірақ олардың біреуі де Асылкүл жеңгемнің тырнағына татымады. Бірі - салақ, бірі - олақ, бірі - тілімен орақ орса да, қолынан түк келмейтін болып шықты. Үлкен үйдің тірлігіне шыдай алмаймын деп бірі ойға, екіншісі қырға қашты. Асылкүл жеңгем ғана іргесін аулақ салмай, ағамды сарыла күтті. Қанша қиналып жүрсе де, іштей қамығып жүрсе де сыртқа сыр алдырмайтын. Басқа жеңгелерім шу шығарып, «балаңызбен ажырасам» деп үйге талай келген. Соның бәріне Асылжан жеңешем байыппен қарап, келіндеріне басу айтып, «отағасың аман болсын, оның бәрі өткінші, өтеді, кетеді, қайтесің, басиеңнің басы аман болса, бәрі де болады...» деп жанашыр сөзін айтып, жұбатып жіберетін. Өзі сол бақытты сезіне алмаған соң, басқалар да бардың бағасын білсін деді ме, әйтеуір әулетіміздің бірлігін бірінші орынға қойды.


Пайым-парасаты соншалықты жоғары, данагөй жеңгемді сондай шақта жүгіріп барып құшақтап сүйіп-сүйіп алатынмын. Уақытым жетіп, мен де ұзатылып кеттім. Бірақ қиналған кездерімде жеңгемнің ақылы, оның маған көрсеткен үлгі-өнегесі өмірлік азығым болып, ашуды сабырға жеңдіріп, бүгінде үш баланың анасы боп отырмын.


Күтумен күндері өткен жеңгем ағам қайтып келмесе де біздің босағадан кеткен жоқ. Ағам сол кеткеннен мол кетті. Тіпті туған әке-шешесін де, бауырларын да ұмытты. Әкеміз өмірден өткенде жаназасына бір сағатқа келді де, көпшілікпен ілесіп көрінбей шығып кетіпті. Інілері барып талай мәрте алып келді, бірақ қайтып кетіп қала береді. Басын дуалап алған-ау, әйтпесе ағам оншалықты адамдықтан кеткен жан емес еді...


Орнында бар оңалар демекші, ағамнан қалған екі бала ержетті. Екеуін апам мен жеңгем үйлендіріп, бүгінде немере сүйіп отыр. «Қарағым, Асылым, баламнан көрмеген рахатты өз балаңнан көр. Тағдырыңда бар екен, қайтейін, алдыңда айыптымыз» деп анам тойда көзіне жас алып, жылап қалып еді. Жеңгем «Ерден кетсем де, елден кетпедім. Менің ендігі бар арманым - баламның балаларын бағып, ақ жаулықты әже боп отыру» деп көпшіліктің көңілін босатып еді.

Бірақ көп ұзамай жеңгемді жаман ауру айналдырды. Атын айтуға қорқатын жаман ауру жеңгемді тоздырып жіберді. Баяғы кір-қоңын жуып, өзі өсірген қайныларының бәрі де бүгінде әжетіне жарап, жеңеше деп бар қаражатын көтеріп жүгіріп жүр. Екінші ағам қаладағы екі бөлмелі пәтерін, үшіншісі астындағы көлігін сатты, одан кейінгісі несие алып, жеңгелерін Израильге апарып, ота жасатып келді. Жеңгелерінің жақсылығын білгені ғой. Аянып қалмады.

Қазір жеңгем түбегейлі жазылып кетпесе де, басын көтеріп, ас-ауқатын ішуге жарап қалды. Жаратқанның бір кереметіне сенім артып тілеумен жүрміз.


Айтпағым, арада жиырма жыл өткенде азып-тозып, екі көзі шүңірейіп, жағы суалып, адам танымастай өзгеріп кеткен ағам үйге келді. «Әзімхан аға қайтып келіпті, апам бәріңді шақырып жатыр» дегесін төркінге жетіп бардым. Баяғы еңселі, сұңғақ бойлы ағамды таппай қалдым. Ұрлық жасаған адамдай ана бұрышқа бір, мына бұрышқа бір отырып, өз бауырларын жатырқады.

«Бойыңнан әл кетіп, күш-қуатың сарқылғасын қатының қуып шықты ма? Қай бетіңмен менің алдыма келіп тұрсың? Саған жиырма жыл ішінде шеше де, бала да керек болмап еді ғой» деп апам әбден ұрысты. «Сен мен үшін әкеңнің жаназасынан қашып кеткен күні өлгенсің! Мен үшін шіріген бір жұмыртқасың. Ақ сүтімді ақтамадың. Сенен гөрі бөтеннен келген келінім адал боп шықты. Ас-суымды әзірлеп, отымды сөндірмей отырған келінім менің қызымдай боп кетті. Сол себепті мына үйде саған орын жоқ. Қайдан келсең сонда кет, өлмегенге бір өлі балық жолығар» деп анам соңғы сөзін айтты. Басқа бауырларым да анамның шешімін қоштады. Үлкен ағамның кешірімін де, өкінішін де ешкім тыңдамады. Жеңгемнің де жүрегі күте-күте тасқа айналған екен. «Үйден кетсін» деп соңғы сөзін айтты.


«Кешіре алсаңдар, кешіріңдер» деп үйден шығып кеткен ағамдың қазір қайда, қалай күн көріп жүргені белгісіз. Бауырдан безіп, ата-анадан бас тартқан адам қартайған шақта осылайша қор болып қалды. Ал жеңгеме әулетіміз дән риза. Алла ендігі өмірін жарық етіп, ұзақ өмір сүрсе екен...»