​«Анамды іздеп барғаныма өкінем»: түркістандық келіншек ешкімге айтпаған өкінішімен бөлісті

0
612

«Түсі суық, көзі тұздай, қарағанда өңменіңнен өтіп кетеді»


​«Анамды іздеп барғаныма өкінем»: түркістандық келіншек ешкімге айтпаған өкінішімен бөлісті


«Сіздердің сайттан «Әкем бізді үш бөлмелі пәтерге айырбастап алды» деген оқиғаны оқығалы бері менен маза кетті. Себебі сол қызбен тағдырлас екем. Бізді де «ана» деген біреу тастап, ұшты-күйлі жоғалған. Бала жүрек қойсын ба, жақында оны өзім іздеп тауып алдым», - деп бастады әңгімесін ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Ақсәуле.


Түркістан облысының таулы аудандарының бірінде тұратын келіншек қиындыққа толы өмірін баян етті.


«Отбасылы адаммын, Құдай қосқан жарым, екі ұлым бар. Қиындыққа толы балалық шағым өтті, қазір жағдайым жақсы. Десе де әкеме алаңдаймын. Ол қазір сіңліммен бірге тұрады. Сіңлім әкеме қараймын деп тұрмысқа шығуды кешеуілдетіп жатыр.


Ес білгелі анамды көрген емеспін. Бізді әжем мен әкемнің қарындасы өсірді. Әкеміздің арақтан аузы босамайтын. Оны әжем сүйрелеп емдетуге ауруханаға жатқызады. Біраз уақыт қойған болады да, кейін қайта бастайды. Әйтеуір әжем байғұстың өмірі баласымен алысумен, бізге алаңдаумен өтті.


Ес жиып, жан-жағымды бағамдай бастағанда «біздің шешеміз қайда» деп сұрай бастадым. Ол кезде әжем үндемей құтылатын, бір ауыз «есің кіргенде бәрін өзің біліп аласың» деген жаттанды жауаппен өстік. Жалынсам да, жыласам да айтпайтын. Соның кесірінен ертерек есейгім келді. «Осыдан өссем анамды өзім тауып алып, өзінен сұраймын» деген арман болды.


Әкемнің туыстары жабылып әкемді үйлендірген. Бірақ ол кісі де алқаш күйеуіне шыдамады білем, бір күнде ләм-мим демей үйден кетіп қалды. Бәріміз әжеміздің, сосын әпкеміздің мүгедектігі үшін берілетін пенсияға өмір сүрдік. Бірақ ештеңеден кем болмадық, шүкір.


Мектепті бітіріп, кәсіптік колледжге түсер кезде әжем шақырып алды. Ауырып, төсек тартып жатқан кезі-тұғын. «Сен енді есейдің, бойжеттің, менің қанша күнім қалды дейсің. Берген уәдемді орындап, бар шындықты айтайын» деп ағынан жарылды. Айтуынша шешеміз сіңлім 9 айға толған кезде үйден кетіп қалыпты. Оған әкеміздің ішкіштігі себеп болған. «Балаңмен тұра алмайм» деп маған айқайлап, жылай беретін. Кетсең кет, бірақ балаларды саған бермейм» деп айтып едім. Қайдан білейін, екі перзентін қимай, қастарыңда қалатын шығар деп ойладым ғой. Бірақ ол артына қараған жоқ, шықты да кете берді. Обалы не керек, әкелерің саусағының ұшын тигізбеген, тек ішкені үшін шыдамай кетіп отыр» деп әжем жылап қалды.


«Мойнымда қарыз болмасын деп айтып отырмын. Бірақ сен оны іздеме, сендерді керек қылмаған қатында нең бар. Осымен бұл әңгіме жабылсын» деп әжем тыйым салды. Бірақ «іздеме» деген сайын менің іздегім келді. «Бәлкім кетуіне басқа бір нәрсе себеп болған шығар. Әжем өтірік айтып отыр ма? Көңілімізді біржола суыту үшін құрастырған өтірігі болар» деген ой тұрды көкейімде.


Бір күні шешемді іздеп таптым. Түркістан жақтағы ауылдардың бірінде тұрады екен. Мекен-жайын үйтіп-бүйтіп тауып, ауылына іздеп бардым. Сіңліме «менімен бірге жүр» деп едім, үзілді-кесілді қарсы болды. «Маған ақ сүтін бермей, тастап кеткен адамды не үшін іздеймін» деп безірейіп отырып алды. Амал жоқ, жалғыз кеттім.


Шешем кейін тұрмысқа шыққан екен. Үйлері әдемі, жағдайлары жақсы. Күйеуі мектепте мұғалім екен. Шамамда үш баласы бар-ау. Мен есігін қағып едім, өзі шықты. Бірақ түсі сондай суық, қарағанда көзі өңменіңнен өтердей екен. Мені көргенде жылап, құшақтайтын шығар деп қиялдап барғам ғой. Ол сыр бермеді, түсін жылытпады. Бөтен біреумен сөйлесіп тұрғандай, «бір сағаттан соң ауылдың орталығындағы кафеде кездесейік, сен мені сонда күт» деп есігін жауып алды.


Сонша жерден алып-ұшып жеткен көңілім су сепкендей басылып қалды. Айтқан кафесіне барып бір емес, екі сағат күттім. Сол күйі келмеді. Сосын менің намысым келіп, таксимен қалаға қайтып кеттім. «Үйіне барғанда нөмірімді қалдырғам. «Мен келсем жоқсың ғой, неге кетіп қалдың» деп хабарласқан жа жоқ. Соған қарағанда келмеді-ау.


Кеткеніме дым өкінбедім. Себебі өзімді мазалаған бүкіл сұраққа есігін ашқан кезде-ақ жауабымды алғам. Қатыгез, тасжүрек әйел екенін түрінен байқалды. Ондай адамның бізді оп-оңай тастап кете салғаны анық. Бірақ осы уаққа дейін бір мәрте ойланбағаны, сағынбағаны ма? Мен оны «ана» деген атауға лайықсыз деп ойлаймын. Өзімнің екі ұлым бар, бір күн көрмесем сағынып, жанымды қоярға жер таппай кетемін. Ал ол әйел бізді жиырма жыл іздеп келмеді ғой...


Әуелі Алла, сосын әжеміздің арқасында жетілдік қой. Ендігі өмірде сол әйелге күніміз түспесін. Оның сондай тастай жүрегіне Құдайдан мейірім тіледім. Соны да кейінгі балалары «ана» деп сүйіп жүр-ау. Оның екі баланы шырқыратып тастап кеткенін білсе не дер екен?...