«Көршім ұяттан кірерге тесік таппай қалды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы, жаман болса, жердің асты жақсы» деген. Менің көздей көршімнің қыздары әке-шешесін жерге қаратып, ауылда гу-гу әңгіме, өсекке қалды», - дейді Шарипа есімді әйел.
Айтуынша, апалы-сіңлілі екі қыз бір жігітке жар болыпты. Тосын оқиғаны қостанайлық Шарипа ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Баяғыда өзімізді әке-шешеміз қатал ұстаған. Әсіресе қыз баласына «жат жұрттық» деп қарап, үйден бей-берекет шығармайтын. Соның арқасында біз «ұят болады» деген түсінікпен өстік. Мейлінше әке-шешеміздің атына сөз келтірмейік, оларды жерге қаратпайық деп әр ісімізді ақылға салып істейтінбіз.
Ал бізден кейінгілер «баланы еркін өсіру керек» дегенді миларына «тоқып» алған. Қызына да, ұлына да «тәйт» демейді. Нәтижесі міне, алыстан іздеудің қажеті жоқ, көршімнің екі қызы бір еркекке бәйбіше, тоқал болып тиіп отыр.
Темірбек пен Сәбиралар біздің елге осыдан жиырма жылдай бұрын көшіп келген. Ол кезде екеуі де енді үйленген-тұғын. Темірбек ауылда тіс дәрігері болып істеді, әйелі мектепте музыка пәнінен сабақ берді. Үйемелі-сүйемелі екі қыздары бар. Көз алдымызда өсіп, бойжетті. Темірбек екеуін де өздері қалаған оқуға түсіріп, бар жағдайын жасады. Бітірген соң екі қызы да «біраз жұмыс істеп, аяқтан тұрып алайық» деп күйеуге тимей жүріп қалды.
Осыдан үш жыл бұрын, отыздан асқанда үлкен қызы тұрмысқа шыққан болатын. Сәбира «Апа, Мақпалды ұзататын болды. Әкесі екеуміз келістік. Отырып қалмай, өзі ұнатқан жігітке тиетініне қуандық» деп үйге сүйіншілеп келген.
Күйеу балалары қалада жұмыс істейді екен. Тойды да қалада өткізді. Дәл сол кезде денсаулығым сыр беріп қалды да, қызықшылығына қатыса алмадым. Бірақ ауылдың адамдары «той керемет болды» деп ауыздарының суы құрып келген. Айтуларынша, той қымбат мейрамханада өтіпті. Біраз уақытқа дейін дастарханға қойылған таңсық тағамдарды аңсап, жыр қылып айтып жүрді. Атаулары да, адамның тілі келмейтін өзгеше. Кілең біз естімеген тағамдар. «Ауқатын қойшы, екі жас бақытты болып, өздерінен көбейсе болды да» деп мырс еткем.
Таяуда алыстау тұратын көршім «Темірбек пен Сәбираның екінші қызы тұрмысқа шығады екен ғой, сен естідің бе?» деп қалды. Арамызда үй жоқ, жанында тұрып естімегеніме біртүрлі болып қалдым. Содан кешкісін шалымды ертіп, көршіміздің үйіне бардық. «Құда келіп жатыр екен, кештеу естіп қалыппыз. Құтты болсын! Қай елмен құда боп жатсыңдар?» деп шалымыз екеуміз сұрақты төпелетіп жатырмыз.
Сәбира көзіне жас алып қалды. Темірбек күмілжіп,абыржып кетті. Кейін отбасындағы жағдайды амал жоқ, бізге айтып берді. Кішкентайдан қолымызда өскен Маржан қызымыздың кімге тұрмысқа шығып жатқанын естігенде, есімізден танып құлай жаздадық. Мұндай да сұмдық болады екен. Тіпті айтуға тіл бармайды. Көршіміздің екінші қызы өзінің туған жездесіне тиіп жатыр екен.
«Басқа түссе баспақшыл. Басқа түскен соң көнеді екенсің» деп Сәбит сөз бастады. Айтуынша, үлкен қызы бала көтермепті.
«Күйеу бала мен қызымыздың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Дәрігерлердің бәрін аралап шықты. Олар қызымыздың бедеу екенін айтыпты. Екеуі ойлана келе суррогат ананың көмегіне жүгінбекші болған. Жан-жақтан іздестіріп, өздеріне ұнайтын адамды таппапты. Сол сәтте екінші қыз «Сендерге мен суррогат ана болайын, перзентті болыңдар» деп ұсыныс білдірген. Үлкенім аңқаулау ғой, сіңлісінің бұл ойын дереу құптап, үшеуі бір үйде тұра бастаған.
Біраз уақыт өткенде кіші қыз жездесінен жүкті болып қалған. Онымен қоймай, жездесі екеуі бір-бірін ұнатып қалыпты-мыс. Содан үшеуі келісе отырып, кіші қыз жездесіне тоқал болатын болып шешіпті» деп Темірбек кемсеңдеп жылап қалды. Сәбираны тіпті аяп кеттім. Екі көзі шүңірейіп, жағы суалып қалған.
Мұндайда онсыз да іштен іріп отырған адамдарға «балаға дұрыс тәрбие бермегенсіңдер» деп ақыл айту да орынсыз шығар. «Әй, әлде де ақылға салып, кіші қызың іргесін алыстатар. Ортаға алып көрсеңдерші» дедім. «Апа-ау, айтпады дейсіздер ме, тыңдар құлақ болса айтылмаған сөз қалмады» деп терең күрсінді.
Біздің қазақ «Е, Құдай, бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп айтқан. Осы сөзді естіген сайын «қазақ қалай ғана өзегін жарып шыққан баласын қиып, осылай айтады екен» деп ойлайтынмын. Қазір ойласам, әлгі сөз осындай ұяттан безген, жетесіздерді көргенде күйінгеннен шыққан екен-ау.
Көршімнің басындағы жағдайды ешкімге бермесін. Өкінішке қарай, қазір үлкеннен қаймығу, салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен жүру, қан тазалығын сақтау, ардан аттамау деген қасиет, таным-түсінік кейін қалып барады. Қазіргі келіндер балаларын тым еркінсітіп жібермей, адами қасиеттерді алға шығарса, балаларының санасына сіңіре берсе екен деп осы әңгімені айтып отырмын. Ойланайық, ой түйейік».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Қайынағам «қосылайық» дейді»: жесір келіншек ата-енесінің де осыны қалап отырғанын айтады
«Келінім үш миллион теңгеге «отырғызып» кетті»: шымкенттік әйел құдаларының несиесін төлеп жүр