«Ішпе, адам бол» деп айтқаным үшін бауырым мен келінім жақтырмай қалды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Негізі еркектер мың жерден мықты болса да, әйелдің алдында әлсіз екенін бәрі мойындайтын шығар. Баяғының адамдары «Ұлым арам болса болсын, келінім адал болсын, адалынан келсін» деп тілейтін еді. Расында да алған жары жақсы болмаса ағайын-туыстың ауызбіршілігі сөгіледі екен. Мен де інімнен келінімнің арқасында ажырап отырмын», - дейді Дүрия есімді әйел.
Жасы алпыстан асқан оқырманымыз туралығын айтам деп туыстарға жеккөрінішті болғанын ERNUR.KZ тілшісіне күйіне жеткізді.
Бір анадан алты ағайындымыз. Төрт қыздан кейін зарыға күтіп екі бала тапқан анамыз өмірден ерте өтті. Мен қыздардың кішкентайымын. Енді бойжетіп, оң-солымды тани бастағанда жетім қалып, екі ініме өзім пана болдым. Үлкен әпкелерім тұрмысқа шығып кеткен, әйел істейтін үй шаруасының бәрі мойныма жүктелді. Әкеммен қосқанда үш еркектің ас-суын қамдап, анамнан қалған үйдің берекесін қашырмай, екі ініме жақсы тәрбие беруді өзімнің адамдық борышым деп санадым. Сөйтіп «оқимын, мұғалім болам» деген арманымды тұншықтырып тастадым.
Төрт жыл дегенде әкем басқа әйелге үйленді де, мен өз теңімді тауып, тұрмысқа шығып кеттім. Бұл уақытта екі інім ержетіп, бірі әскерге кеткен. Қалада тұрдық, әскерден келген інімді қолыма алып, жұмысқа тұрғыздым. Кейін оның үйленуіне де бар күшімді салдым. Көрші келіншектің сіңлісі көзіме түскен, сонымен таныстырып, ақырында екеуін қостық. Содан ба, басқа бауырларым бір төбе де, өзім үйлендірген Нұрхан інім бір төбе болды.
Екеуі үй болып, құралып кетсе екен деп күні-түні тілегенімді Құдайдан басқа ешкім білмес. Келінім әр баласын босанғанда қосыла толғатып, быламығымды тасып, қырқынан шығуына жәрдемдестім. Өзімде артық екі нан болса, бірін соларға тасығанмын. Менде айналдырған екі бала, киімдері де дым тозбайды. «Нұрханның шиеттей бала-шағасына беремін» деп келген сайын дорба-дорба киімдерді арқалатып жіберуші едім. Мейлі ғой, оның бәрін міндет қылып отырғаным жоқ. Тек кейде сондай жақсылықтарыңды ұмытып, бүгінде өздері болып-толғандай отырғандары жанға батады екен.
Келінім пысық болып шықты. Інімнің анда-санда апталап ішіп, үй ішінің берекесін кетіретіні бар. Сондай кездерде келінім үйге көзінің жасын көлдетіп келеді. «Әпше, ініңіз тағы ішіп жатыр, бірдеңе деңізші» деп жалынады. Ол кеткесін дым болмағандай ауылдарына қыдырып барып, інімді «сығып» кетем. Қысқасы, солар ұрысса күйініп, жарқырап жүрсе сүйінген бірден-бір әпкесі болдым.
Қайбір жылғы карантин кезінде келінім жыларман болып тағы звондады. «Әпше, Нұрхан тағы ішіп алып, берекемізді қашырып жатыр. Балалар намыстанып «полицияға қаматам, бұндай әке керек емес» деп жылап жүр. Менің де шыдамым таусылды. Бүйткенше өлгені жақсы еді, БОМЖ болу ғана қалды оған. Енді тағы ішсе қаңғытып жібере саламыз, шаршадық уже» деп жылады.
Бұрын не жағдай болса да келінімнің сөзін сөйлеп, бауырымды тұқыртатынмын. Осы жолы оның сөзіне ашуым келді. «Әй, Майра, не айтып отырсың? БОМЖ-ы несі?! Ит те болса сол інімнен алты бала туып, өсіп-өніп отырсың ғой. Қартайып, елуден асқанда полицияға берсеңдер ел-жұртқа күлкі болмайсыңдар ма? Қой, сабырға кел» деп сөйледім. Сосын екі күннен соң ініме хабарласып тағы ұрыстым. «Қатының осылай деді, балаларың қаматам деп жатыр екен. Осыншалықты деңгейге қалай түстің? Балаларыңның алдында қадірің қалмапты ғой, қойсайшы енді» дедім. Бар айтқаным – осы.
Сөйтсем інім менің сөзімнен кейін тағы ішіп алып, қатын, бала-шағасын қырған. «Мені әпкеме жамандапсыңдар» десе керек қой. Содан бері келінім менімен алакөз. «Айтқанымды жеткізіп, мені інісімен шағыстырды» деп сыртымнан сөз етеді екен. Бұрын үйлерінде не қуаныш, не той болса алдымен маған айтатын. Қазір тіпті шақырмайтын жағдайға жетті.
Ең сорақысы, бауырым да әйелінің жағына шығып алған. Былтыр қыздарын асығыс-үсігіс ұзатып жіберіпті. Оған басқа әпкелерімнің бәрін шақырған да, мені айтпаған. Сол кезде ішім алай-дүлей болған. «Мейлі, алда қуанышы көп қой» деп үндемей қоя салдым. Былтыр баласын үйлендірді. Сол кезде тойға шақыру қағазын маған емес, балама салыпты. «Әпкеме де айта сал, тойға келсін» деп сәлемдеме айтыпты. Онда да «Өзімнің телефоным тұр ғой, бірауыз айтса қайтер еді?» деп ренжіп, ақырында тойына барып қайтқам.
Енді биыл бауырым 60-қа толды. Осыдан үш ай алдын әпкелерімнің бірінен «Нұрхан той істейді екен» деген хабарды естігем. Бірінші болып қуанғанмын сол кезде. «Бауырыма тәуірлеу жабу жабайын, әніммен шашу шашайын» деп қатты дайындалдым. Сөйткен інім мені тойына шақырмады. Тағы да сол, балама шақыру қағазын салып жібере салыпты. Осы жолы оған қатты ренжідім. Сөйтіп кіші ініме «Мен тойға бармаймын, Нұрхан дұрыстап шақырған жоқ» деп ренжігенімді білдірдім. Ол інім мені ойлаған шығар, ағасына естіген айтыпты. «Әпкемді неге ренжіттің, өзің бірауыз айтпайсың ба?» десе керек.
Қайбір күні Нұрхан ватсабыма хат жазып жіберіпті. «Өкпелепсің, ренішің маған жетіп қалды. Қазір заман басқа, видеоны балаңа салдық, содан көріп келе беру керек. Сосын тойхананың әр орны 10 мың теңгеден, келетін-келмейтіндеріңді алдын ала айтыңдар» деген. Осы енді бауырдың айтатын сөзі ме? Мен оның әріптесі немесе көршісімін бе, балам арқылы шақыра салатын?!
Артынша телефон соғып өкпе-ренішімді білдірдім. Сөйтсем інім «Әкелетіндерің 20 мың, ат пен түйе әкелетіндей неге ренжисіңдер осы?» деп сөйлеп тұр. «Онда ат пен түйе әкелетіндерге жасай бер тойыңды, мен бармай-ақ қойдым» деп телефонды қоя салдым. Содан бері бауырымнан хат-хабар жоқ. «Кешірші, бір ашуыңды бас» деп айтар деп осынша күттім. Менен безіп, той істеп отыр.
Енді осы жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, төрелігін өздеріңіз айтыңыздаршы. Інім мен келінім менен не жаманшылық көрді? Бар айыбым бауырыма «ішпе» деп ұрысқаным ба? Ақырында екеуі бір жақ болып, екі ортада мені жексұрын етіп отыр. Баяғы істеген жақсылықтарым құмға сіңген судай болды. Кезінде бергенім ұмытылған, «20 мыңнан артық әкелмейсің» деп тұқыртып отыр. Не істесем болады, жүрегім ауырады тіпті...»