"Ата-анама жасаған қиянаттарымды ойласам, өзімді кешіре алмаймын"

0
930

"Қарттар үйіне тапсырсам ба деп те ойландым..."


Сурет: cdn.communitycarereview.com.au

"Осы уақытқа дейін ата-анама жасаған қиянаттарымды ойласам, өзімді кешіре алмаймын. Қазір әкеме бар мейірімімді төгіп, күн сайын кешірім сұрап, барынша жағдайын жасап отырмын. Бірақ анамның көзі тірісінде есімді жиып, кешірімі мен батасын алмағаным өзегімді өртейді" деді ERNUR.KZ редакциясына өзін Гүлшар деп таныстырған оқырман.


"Жұмыстың қиындығынан ба, бар мінезім сол ма, әйтеуір қабағым бір ашылмайтын. Кәрі әке-шешем бар тәттіні аузыма тосып отырады. Сонда да, әкем қақырынып қалса тыжырынып, алдымдағы тамақты итеріп, төгіп жіберетінмін. Анам сол кезде «Қарғам-ай» дейтін де, төгілген тамақты үнсіз жинап алатын.

Анам да, әкем де қартайған... Жүріс-тұрыстары қиындай бастаған шақта, тіпті қарттар үйіне тапсырып тастасам ба екен деп те ойланып жүрдім. Өйткені, қатты шаршап келгенде өзіммен-өзім болып, рахаттанып демалғым келетін. "Үйге бір кіріп, бір шығып неғып тынымсызданып кетті?" деп ашуым келетін. Қазір сол қылықтарым үшін қатты өкінемін және ұяламын.

Астанада жақсы қызметке орналасып, су жаңа соңғы үлгідегі үлкен көлік алдым. Сол жеке көлігіме әке-шешемді мінгізгім келмей, оларды барар жеріне автобуспен жүргізіп қоятынмын.

Туған бауырыммен сыйыспай, ата-анамды сол бауырымның отбасымен араластырмадым. Анама да, әкеме де дауыс көтеріп, бұйыра сөйлеу күнделікті дағдыма айналды.

Осының барлығын ішіне жұтып, уайымын маған көрсетпей жүру оңай дейсіз бе? Бір күні әдеттегідей жұмысыма кеткенмін, аяқ астынан анамның жүрегі ұстап құлап қалыпты. Әкем дереу көршілерге хабар беріп, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіпті.

Телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау шалған адам анамның ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқанын айтқан кезде денем дірілдеп сала берді. Алқынып ауруханаға жеттім.

Анам кереуетте жатыр екен. Көзі жұмулы. Қасына жетіп жығылып, өкіре жыладым. «Тастамашы, мамау! Тастамашы! Мені кешірші?! Кешірші мені! Қазір-ақ бауырыма қоңырау шаламын, татуласамын. Барлық жағдайыңды жасаймын, тек көзіңді ашшы» деп көз жасымды төге бердім.

Анамның саусағы әзер қимылдады. Дәрігер бұл анамның өміріндегі соңғы минуттары екенін айтып, «Соңғы сөздеріңді тез айтып қал» деп күбірледі. «Мама! Мені кешірсең, қолымды қысшы!» дедім жанұшыра.

Бұл сөздерді не үшін айтқанымды білмеймін. Бәлкім өзіме кішкене жеңіл болсын деп, кейін өз-өзімді жегідей жемес үшін айтқан шығармын. Анам қинала қимылдап, саусағымен қолымды бір рет қысқандай болды. «Расымен бе? Мен бейбақты, мен сорлыны кешіресің бе, мама?!» дегенімде, бірер секундтан соң, анам саусағын тағы қимылдатты. Бұл жолы анамның мені естіп жатқанына, жауап қатқанына сенімді болдым.

Осыдан кейін бірер секундтан соң, анам мәңгілік сапарына аттанып кетті. Ебіл-себіл боп жылап, анамның бетін, саусағын сүйе бердім. Бұрын анам тірі кезінде бетімнен сүймекші боп ұмтылғанда «Әжімдерің бетіме тигенде жиіркенем» деп сүйгізбейтінмін. Сенесіздер ме, анам кереуетте жатқанда, сондай тәтті болып кетті. Әжімі де сондай сүйкімді болатын...

Мен ақымақты бір сәтте өзгертіп, тәубеме келтірген қандай құдірет екенін білмеймін. Бір білерім – өмір бойы анама істеген істерім үшін өкініп өтемін...

Әкем де «анам қайтыс болды» деген хабарды естіген бойда жүрегі ұстап, құлап қалды. Содан ол да ауруханаға түсті. Оның жағдайын білу үшін ауруханаға күніне үш рет барып тұрдым. Телефонмен де сағат сайын сөйлесіп, жағдайының жақсарып кетуі үшін барынша тырыстым. Әкемнен де кешірім сұрап, оған деген қарым-қатынасымды түзеттім. Оған да шүкір етемін, анама жасай алмаған жақсылығымды әкеме жасап, оның батасын алуға тырысып жатырмын. Әкеме мейірімімді төгіп, күн сайын кешірім сұрап, барынша жағдайын жасап отырмын. Қаншама жылдан бері қатыспай кеткен бауырыммен де арамызды дұрыстап, қазір шүкір, барлығы реттелді. Бір ғана өкінішім сол, анамның көзі тірісінде бағалай алмадым."