​«Ата-енем қорғаным еді»: 9 жыл бұрын өмірі өзгерген келіншек жан сырын ақтарды

0
643

Жаназа шығарылып бола салысымен «Осы қатын келіп, әке-шешемді жұтты» деп айғайлағанда...


​«Ата-енем қорғаным еді»: 9 жыл бұрын өмірі өзгерген келіншек жан сырын ақтарды

көрнекілік үшін сурет: pinterest.com

"Тоғыз жыл бұрын бірінші жолдасыммен қайынапам үшін ажырасқан болатынмын. Күйеуімнің әпкесі «келін деген – күң» деген түсініктегі адам ба, қысқасы отбасымызға келіп араласа берді. Жөнімен келіп, жөнімен кетпейтін. Қайынапам келе жатыр дегенді естігеннен қол-аяғым дірілдей бастайтын, қорқытып тастағаны соншалықты..." деп есіне алды ERNUR.KZ оқырманы өзінің редакцияға арнаған жазбасында.

"Тұрмысқа шыққанда ата-енем болды. Ол кісілерді жаман дей алмаймын. Көпті көрген, жайлы кісілер еді. Бірақ, отбасының берекесін қашыратын бір адам болса, сол жеткілікті екен шаңырақтың шайқалып кетуіне.

Бір жыл өтіп, тұңғышымды босандым, сол кезден бері құлағыма тыныштық болмады. Қызым өте мазасыз болды. Бала қараудан тәжірибем болмағандықтан ба әлде бір жері ауырып жылай ма, әйтеуір тым жылауық еді. Түнімен ұйықтамайды, содан маған да ұйқы жоқ. Таңғы бес-алты кезінде енем оянып, сол кісі алып кетіп қарайтын. Сосын барып қалжырап ұйқыға кетемін. Сондағысы таңғы 9, ары кетсе, 10-ға дейін ұйықтап, содан кейін тұрып, үйдің тірлігіне кірісетінмін.

Қайынапам сол ауылда тұратын. Таң атпай неменеге жетіп келе беретінін білмеймін, аңдығаны мен әйтеуір. Айқайлап, «Шаңқай түске дейін мынау неғып ұйықтап жатыр, маубас келін алғансың ба өзі?» деп енеме дауыс көтеріп, одан маған тиіседі «Сен қатын әбден құтырғансың» деп.

Ата-енем мені жақтайтын. «Біз барда араласпа, біз өлсек, сонда тәрбиелерсің» деп қайынапамның аузын жауып тастайды. Шынында да ата-енем барда онша бата алмай жүрген екен.

Араға екі жыл салып ата-енем бірінің артынан бірі қайтты. Сол кезде қайынапам олардың өлімінің себебін менен көрді. Тура абыр-сабыр, жаназа шығарылып бола салысымен айқай шығарса бола ма? Адамдардың көзінше маған бас салды. «Осы қатын келіп, әке-шешемді жұтты» деп айғайлағанда қалай шыдап тұрғанымды білмеймін. Одан қалса «Өтірік жыламай, шаруаңды жаса» деп аза тұтып отырған әйелдердің қатарынан қуып жіберген.

Қазір сол кез есіме түссе өзіме жыным келеді. Жиырма жастағы сүмірейген бала екенмін ғой. Қорласа да, мазақ етсе де, төзіп жүре берген не деген жүрек мендегі деймін.

Ата-енем өмірден өткен соң қайынәпкем баспанасын, жүргізіп отырған бизнесін – бәрін сатып, қарашаңыраққа көшіп келді. Үйде күнде айқай басталды. Күйеуімнің оған сөзі өтпейтін. Әпкесіне қарсы ештеңе айтпайды, тек қатты ұрыс болып кеткен кездерде «Қойсаңызшы, қашанғы бұлай жалғасады?» деп дауысын шығарып қояды. Соның өзіне «Кім үйретіп отыр саған? Ұнамаса, кетіңдер пәтер жағалап. Бұл – әке-шешемнің үйі. Кезінде мен жаңалап бергем, қазір менің үйім. Қатының екеуің дайын асқа тік қасық болып, әке-шешемнің мойнында отырдыңдар, енді мен асырамаймын сендерді» деп аузына келгенді ойланбай айтатын.

«Менің мойнымда отырсыңдар» деген сөзі қатты өтіп кетті. Сөйтіп жұмысқа орналастым. Оны көрмес үшін, ойым бөлінсін дедім, бір жағынан, намысқа тырыстым. Енді қызымды балабақшаға беріп, өз-өзіме қарай бастадым. Қайынәпкемнің сөздерін бұрынғыдай көңіліме ауыр қабылдамаймын, маған оның бары да, жоғы да бәрібір болып қалған еді. Сөйтіп, маған сөзі өтпейтінін білгенде енді кішкентай қызыма тиісіп бастады.

«Осы бір қызбен қуарып қала ма менің інім, бізге ұл керек» деп маған айтады, күйеуіме келіп, «Әйелің сенің басыңды айналдырып алып, төркініне күшік күйеу етіп кіргізіп қоймақшы. Мінезін көрмейсің бе сазарып» деп екеуміздің арамызға от салуға кірісті.

Мен сол кезде алғаш рет ол кісіге қарап аузымды ашып сөйледім. Мұндайды күтпесе керек, дереу төбелесуге оқталған адам секілді, тарпа бас салуға келе жатыр еді, күйеуім ажыратып алды. Қайынәпкемді тыныштандыру үшін мені сүйрелеп далаға шығарып жіберді. Ерте көктем кезі болатын. Дала суық. Бір ғана халатпен тоңып, кешке дейін сыртта жүрдім. Сөйтсем, сол кезде аяғым ауыр екен. Өзім білмегенмін. Сол түннен бастап біраз күн іші ауырып жүріп, қоймағасын дәрігерге бардым. УДЗ аппаратына түсіріп, құрсағымда бала бар екенін және егіз екенін айтты. «Өкінішке орай, екеуінің де жүрегі тоқтап, қатып қалған, жатырды тазалау керек» деді.

Басымдағы жағдайды күйеуімнен басқа ешкімге айта алмадым. «Бөлек кетейік» деп едім, құптамады. Бұлай өмір сүре алмайтынымды түсініп, өзім кетіп қалдым.

Содан бері тоғыз жыл өтті, қызымның әкесі «қайта бас қосайық» деп келген жоқ. Бізді керек етпеген адамның алдына мен не деп барамын? Бар кінәм әпкесінің қорлығына сол үшін көнгенім бе?

Әрине, менде қатты күйзеліс болды. Бірақ, барлығына уақыт емші екен, жылдар өтіп, ол күйзелісті де жеңіп шықтық. Қызыма қарағанда менің мұңаюға, түңілуге хақым жоқ екенін түсінемін. Өйткені мен анамын.»