​«Атам үйді өртемекші болды»: түркістандық әйел қайынсіңлісінің қиын жағдайда қалғанын айтты

0
968

«Жеті жылдың ішінде адам танымастай өзгеріп кетіпті»


​«Атам үйді өртемекші болды»: түркістандық әйел қайынсіңлісінің қиын жағдайда қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Екі адамның басы қосылған жерде әңгіме-дүкеннің қызатын әдеті ғой. Күні кеше құрбан айттың демалысын пайдаланып ауылға қыдырып бардық. Қайтыс болған кісілердің үйіне кіріп, айттық апарып, абысыным екеуміз біраз шаруаны тындырып тастадық. Бұрын басқа қалада тұрғанбыз, жырақта жүрген соң ауылдың жай-күйін онша біле бермейміз ғой. Осы жолы ағайындардың үйін аралап, біраз нәрсе есітіп қайттым» - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Сара есімді әйел.


Түркістан облысына қарасты ауылдардың бірінде тұратын оқырманымыз туысының басынан өткен жағдайды жеткізді.


«Абысыным екеуміз ағайын қайынағамыздың бірінші айтына бардық. Сол үйдің үлкен қызы анасының жанында отыр екен. Жеті жыл алдын, ұзатылар кезде көрген қыз ғой. Топ-томпақ, әп-әдемі бойжеткен еді. Осы жолы оны танымай қалдым. Айналдырған бірнеше жыл ішінде азып, қу сүйек боп қалыпты. Жарқын-жарқын шығатын даусы бар еді, ауылдың келіндері оны баяғыда «әнші қыз» деп еркелететін. Кеше көргенімде даусы шықпай қалыпты. «Жансаясың ба, жаным-ау, түріңе не болған, бай болады екенсің, танымай қалдым» дедім әзіл-шынын араластырып. Қайынсіңлім осы сөзімді естігенде «Ой, жеңеше, бұлай бай болмай-ақ қойдым» деп мұңайып қалды. Сөйтсем айналдырған бір жылдың ішінде отбасының астаң-кестеңі шығыпты.


Бұл қайынсіңліміз бұрын үйленіп, ажырасқан жігітке тұрмысқа шыққан еді. «Бір үйдің жалғыз қызы ғой, неге ондай жігітті таңдады екен» деп таңғалғанымыз есімде. Екеуі бірін-бірі сүйіп қалған соң, қайынағамыз өз рұқсатын берген еді. Кейін ата-енем құдалығына барып, «Қыздың атасы басқа бір әйелге кетіп қалған екен, бірақ арасында бұл үйге де келіп-кетіп жүре береді екен» деп айтып келген-тұғын.


Үш-төрт жылда әлгі құдамыз өмірден өтті. Өлімі де сол күйі түсініксіз. Көз алдарында сап-сау жүрген кісі еді, айналдырған бір-екі аптада есінен адасып, әйелі, бала-шағасы тұратын үйді өртемекші боп, ақырында өзін өртеп өмірден өткен. Қайынсіңлім осы жағдаймен байланысты бір оқиғаны әңгімелеп бергенде жағамды ұстадым.


«Атамыздың өлімін естіген шығарсыз, жеңеше, сол кезде бәріміз түк түсінбей, аңырап қалып едік. Қазір сол жағдайдың неден болғаны белгілі болды, - деп бастады әңгімесін қайынсіңлім. – Мен күйеуге шыққалы сол үйдің проблемасы көбеймесе азайған жоқ. Атамыз бұрыннан бір әйелмен жүретін еді, бірақ отбасын да қимай, екі ортада барып-келіп жүре беретін. Енемнің одан көңілі суып кеткен, басқа бөлмеде бөлек жататын, жанына жолатпайтын. Сонда да бала-шағаның көңілі үшін араласты. Біз үйленгенде де, қайынсіңлімді ұзатқанда да екеуі қатар тұрып, той-құдалықты атқарды.


Арада екі жылдай уақыт өткенде атамыз «мен енді түбегейлі үйге қайтамын» деп киім-кешегін арқалап, біздің үйге көшіп келді. «Бәлкім немерелі болғасын сыртта жүріс жасағанынан ұялған шығар, қартайған соң әлгі әйеліне керек болмаған шығар» деп топшылағанбыз. Обалы не керек, атамыз жап-жақсы жүрді де, екі апта өтер-өтпес бізді танымайтын халге жетті. «Сендер кімсіңдер, мына үйден кетіңдер» деп бақырғанда өзіміз шошып кеттік. Ақыр-аяғында «менің үйімді босатпасаңдар сырттарыңнан өртеп кетем» деп айқайлайтын болды. Бір күні айтқандай-ақ бір шөлмек бензинді алып, үйді айналдыра шашып жатқанын күйеуім көріп қалыпты. Әкесін тоқтату үшін жүгіріп бара жатқанда ол кісі қалған бензинді өзінің үстіне шашып, күйеуімнің көз алдында отқа оранып кетті. Үйді өрттен көршілер әрең алып қалған.


Сол жағдайдан кейін біздің берекеміз кетті. Екінші балам ДЦП ауруымен дүниеге келді. Оны көрсетпеген жеріміз жоқ. Қыруар ақша кетті, массажы бар, емі бар, тұрақты түрде ішетін дәрі-дәрмегі бар, тынбай еңбектенгеніміздің нәтижесінде баламыздың буыны қатайып, өзін-өзі ұстай алатын жағдайға жетті.


Осы кезде енем «енді уақыт өткізбей үшіншісін туып ал, өзім қарасамын, мына балаға алаңдама» деп ақыл қосты. Сөйтіп мен үшіншімді көтердім. Жүктілігім жап-жақсы өткен, туатын кезде қатты қиналдым. Баланы дәрігерлер әрең алып қалды. Қан кетіп, оны тоқтата алмай, жансақтау бөліміне жатқызып, екі аптада өз-өзіме әрең келдім. Қазір ол балам екі жасқа толып қалды. Жап-жақсы боп өсіп келеді. Бірақ менің денсаулығым кетіп жатыр. Түсініксіз бір дерт шыр айналдырды.


Дәрігерлердің істемегені жоқ, біресе «бүйрегіңнен» деді, біресе «бауырыңда дақ бар» деп, сонымен арпалысты. Енді «қалқанша бездің қатерлі ісігіне шалдықтың» деп отыр. Үш рет операция жасады, қайта-қайта наркоз қабылдау да оңай емес, қатты әбіржіп кеттім. Балаларыма қарайтын шамам жоқ, тағы енем бәріне шыдас беріп, өзі бағып-қағып жатыр.


Өткенде сол кісі адам оқитын, емшілігі бар кісіге барған екен, «Үйлеріңе үлкен дуа жасалған. Болып жатқан оқиғалардың бәрі соның әсерінен» деп айтыпты. Күйеуім бұрын дуа, сиқыр дегенге сенбейтін. Осы көктемде бау-бақшаның жерін аударып жатып пакетке оралған бірдеңені қазып алыпты. Кәдімгі көк пакетке біреу небір нәрсені салып, көміпті. Енемнің жаны қалмады, әлгіні дереу емшіге апарған екен, «мен айтқан дуа бұл емес, бұл бұрынырақта сіздің күйеуіңізге жасалған. Тағы біреу балаңыз бен келініңізге де жасаған, менің кеңесім, ол үйді дереу сатып, басқа жаққа қоныс аудару керек» депті.


Күйеуім бақшаның бәрін қопарып, түгін қалдырмай аударып, тағы бір түйіншекті тауып алды. Содан бері бізде маза жоқ, қайтсек те мына үйді сатып, басқа қалаға көшіп кетсек пе деп отырмыз. Бұрын мұндаға мүлдем сенбеуші едім, көзімізбен көріп, үйімізден шыққан соң мойындамасқа лажымыз қалмады. Әлгі емші «тағы бір жыл сол үйде тұрсаңдар тағы бір кісінің жаназасы шығар еді» депті. Мен өліп қалар ма едім, кім білсін...»


Қайынсіңлім осылай деп басынан өткен жағдайды баяндап берді. Естігенде мен де естен тана жаздадым. Қанша жерден сенбейін десең де дуа, сиқыр бар сияқты. Әйтпесе ешкімге жамандығы жоқ, гүлдей жайнап тұрған қыз еді, денсаулығы құрып, құр сүлдерін сүйретіп қалыпты. Бар жаманшылық осымен артта қалып, қайынсіңлім күйеуімен бақытты ғұмыр кешсе екен деп тілеп отырмын».