"Азу үшін не істемедім? Ақыр соңында ауру таптым..."

0
736

"10 сағатқа созылған күрделі операция өтті. Асқазаным мен көкбауыр толығымен алып тасталды. 1,5 метрлік тоқ ішектің жартысы кесілді"


көрнекілік үшін сурет: journal.medizzy.com

"Өмірге өкпелеп, күйкі тірлікпен шапқылап жүріп, жасымның 55-тен асқанын байқамай да қалдым. Бақытты сәттерімді құр жіберіп алғаныма, бақытты болуға өзіме рұқсат бермегеніме өкінем. Мен сияқты бақытты болуды кейінге ысырып жүрген әйелдерге сабақ болсыншы деймін" деп хат жазған ана ERNUR.KZ редакциясынан өзі жайлы деректерді жарияламауды өтінді.


"Тұрмысқа шыққан соң бақытты болам", "Ана атанғанда шын бақытты болатын шығармын", "Ұл-қыз мектепке барып, өздері тамақ құйып жеп үйренгенде қыдырып, саяхаттаймын", "Балалар өз шаңырақтарын құрғаннан кейін өзіме көңіл бөлем, сол кезде небір көйлектерді киіп, әдемі болам" деп жүргенде, өмірдің бел ортасынан астым.

Небір бақытты сәттер, қайталанбас оқиғалар басымнан өткен екен, бірақ мен сол кезде аңғармаппын. Мысалы, жүкті боп жүрген кездерім - бақытты сәттерім екен . Ал мен уһілеп, "ертерек 9 ай болса екен" деп күн санап жүріппін. Түн ұйқым төрт бөлінгенде "Қашан ұйқым қанып ұйықтаймын?" деп талай рет жылағанмын. Баламның түнде құшағыма тығылып емгені де - бақытты сәт екен. Қазір есейген ұл-қыздарымның әрқайсысының өз шаңырағы, құшақтайтын балалары бар. Ал мен олардың кішкентай кезін сағынам.

Азамын деп өзімді астан тыйып, қинағанымды қайтерсіз. Азу үшін не істемедім мен? Ал қазір дәмді ас ішкім келгенімен, іше алмаймын. Әр сәтке қуанып бақыт табайын десем, күле де алмаймын. Өйткені мен үшін қазір ештеңе қызық емес. Ауру адамның көңіл-күйі болушы ма еді...

Үш жыл бұрын ауырып ауруханаға түскенде қатерлі дертке шалдыққаным анықталды. Диагнозды естіген соң ұйқы да, маза да қашты. "Неге мен? Не жазығым бар еді? Осымен өмірімнің біткені ме? Емделгенім дұрыс па, әлде бос әурешілік пе? Күресейін бе немесе ажалымды күтейін бе?" Санам осындай сан сұрақтан босамады. Бір шешімге келу қиын болды.

Дәрігерлер "Уақытты өткізіп алғансыз. Метастаздар ағзаңыздың көп мүшесіне жайылып кеткен. Операция жасаған күнде де аман қалуыңызға кепілдік бере алмаймыз" деп түсіндірді. Шетел клиникалары да соны айтты. Сонда да тәуекел жасап көруге бел байладым. Өйткені мынау өмірді қимадым. Балаларымның қызығын көрер шақта ажалмен күресемін деп шештім. Үш бөлмелі пәтерімізді, көлікті саттық.

Қасыма әпкемді ертіп, Корея еліне жол тарттық. 10 сағатқа созылған күрделі операция өтті. Асқазаным мен көкбауыр толығымен алып тасталды. 1,5 метрлік тоқ ішектің жартысы кесілді, яғни жарамсыз бөлігін алып тастады. Бірнеше рет химиотерапия алдым. Әлі де толық сауығып кеткен жоқпын.

Қазір жазуға оңай болғанымен, операциядан кейінгі қиналысымды жеткізе алмаймын. Бастапқы айларда тек су, сорпа ішсем, қазір тек блендерден өткізіп жеймін. Онда да төрт-бес қасықтан артық жей алмаймын. Шіркін, етті шайнап, алманы тістеп, салқын көжені кесемен сіміріп ішу де – бақыт екен ғой. Тым қатты арықтап кеттім, өте әлсізбін.

Қазір ойланып отырып, бұрын диета ұстап, өзімді дәмді тағамдардан тыйып ақымақ болған екенмін ғой деймін. Жайнап-жадырап жүрер шақта өзімді бақытсызға балаппын. Негізі денсаулығым бар кезде бақытты, көрікті болған екенмін ғой.

Халқымыздың «Басты байлық – денсаулық» деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Денсаулықтың қадірін енді түсіндім, бірақ бәрі де кеш. Уақытты артқа қайтарар мүмкіндік болса ғой, шіркін?!

Енем марқұм "Тәбетің жақсы, ұйқың тыныш боп, таңертең еш жерін ауырмай оянсаң, бұл - жарты бақыт. Балаларың ауырмаса - жарты бақыт. Ал отбасыңда ешкім ауырмаса бұл - үлкен бақыт" деп отыратын еді. Менен біреу "Бақыт деген не?" деп сұраса, мен енемнің сөзін қайталар едім. Бақыт – деннің саулығы. Денсаулық бар кезде әр күні бақытты болып, болмашыға шағымданбай, күліп жүріңдерші!"