«Басқа қызға үйленіп алыпты»: тараздық келіншек күйеуінен айырған себепті іздейді

0
4 988

Ерлі-зайыптылардың айырылысуына молда алдында некесін қидырмағаны әсер етуі мүмкін бе?


«Басқа қызға үйленіп алыпты»: тараздық келіншек күйеуінен айырған себепті іздейді

Фото: i.pinimg.com

Некенің екі түрі бар – заңды және азаматтық. Екеуінде де шариғат бойынша куәгерлер қатысып, неке дұғасы оқылуы керек. Бұл құдайдың да, адамның да алдында ерлі-зайыпты болғанын жариялау боп табылады.

Дегенмен азаматтық некені дұрыс көргендердің кейбірі некесін қидыруға мән бермейді. Ал тараздық Зәкира есімді келіншек күйеуінің төрт жылдан кейін кетіп қалуын осымен байланыстырады. Ол күйеуінен емес, кінәні некесінің қидырылмағанынан іздеп отыр.



Бұл туралы кеңірек тәптіштеп ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

«Мен күйеуіммен ол өмірден түніліп кафеде ішіп отырған кезінде танысқанмын. Басқа қаланың жігіті. Мұнда жұмыс істеуге келіп, үш айдан соң-ақ қысқаруға іліккен екен. Енді жалдап тұрып жатқан пәтерінің иесі «Үйді сатамын, босат» деп, бұл не істерін білмей отыр.

Ішінде қызуы болған соң ба, әлде өзі сондай боркемік жігіт пе екен, әңгімесін айтып отырып жылап алды. Ер жігіттің жылағанын көру ауыр екен. Аядым. Жұмыс тапқанша, мәселелерін реттеп алғанша уақытша пәтерімде тұруына рұқсат бердім.

Менің өз пәтерім бар. Ол кезде оң жақта отырып қалған 34 жастағы қыз едім, жалғыз тұрамын. Таңертең асығып университеттегі жұмысыма кетем, кешке шаршап қайтамын. Бәрібір бос тұрған пәтерімді уақытша паналағанынан маған зияны жоқ.

Есімі – Асан. Менен екі жас кіші, келбетті жігіт. Әңгімешіл, зеріктірмейді. Бірақ басқа қалада тұратын әке-шешесі, бауырлары туралы айта бермейтін еді.

Жұмысы тұрақталған соң пәтерге шықпақ болғанда оны алып қалған өзім едім. Бірге тұрған бір айдың ішінде кәдімгідей оған бауыр басып қалдым. Бір күні арамызда сезім оты жанып, бір төсектен табылдық. Содан бері ерлі-зайыптыларша өмір сүріп жаттық. Шариғат бойынша некемізді қидырмадық, ешкімге жария да етпедік.

Мен кімге айтам? Әке-шешем қайтыс боп кеткен. Екі әпкем басқа облыста, олардың өз отбасы бар. Менімен шаруасы жоқ. Ал Асан «Әке-шешемнің қазір мені үйлендіретін жағдайы жоқ. Кейін жариялармыз» деп, заңды некені қаламады. Шынымды айтсам, мен үшін де ол аса маңызды емес.

Бір жапырақ неке куәлігі нені шеше алады? Ондағы мөр сезімді ұстап ала алмас. Оның үстіне күйеуімді қинағым келмеді. Бірақ сонда да мешітке барып, неке қиюымыз керек еді-ау деген өкінішім бар. Мүмкін сол неке дұғасы бізді ажыратпай қорған болар ма еді, кім білсін?!

Тепсе темір үзетін аяқ-қолы балғадай, ұзын бойлы, келбеті келісті жігіт бастапқыда мені шынымен де жүрегімен сүйді ме, әлде оған тұратын баспана мен ыстық тамағын даярлайтын күтуші әйел керек болды ма, оны да білмеймін. Білетінім, ол мені алғаш құшқан еркек, әйел бақытын сезіндірген осы Асан болды.

Фото: img1.goodfon.ru

Ес-түссіз сүйіп қалдым. Ең алдымен өзімді емес, оны ойлайтынмын. Тіпті таныстарымның есігін қағып жүріп, Асанды әскери бөлімшеге жұмысқа орналастырдым. Негізі ол сол жерде жүргізуші еді, ал мен лауазымы бар қызметке ауыстырттым.

Мен одан бір ұл тудым. Уақыт өтіп жатты. Асан бір күні «Әкем ауырып жатыр екен, барып қайтуым керек» деп жолға жиналды. Үш аптадан соң келді. Содан кейін анасы операция жасатайын деп жатқанын айтып, Шымкентке тағы да бірнеше рет барып келді. Күдіктенбедім. Өйткені мен оның жүрегі, сезімі менімен мәңгі бірге деп сендім.

Бірақ бірде оның киімдерін кір жуатын машинаға салмақ боп, қалтасынан жұмысын Шымкентке ауыстырып жатқаны туралы құжат қағазын тауып алдым. Сол күні өзі айтар деп күттім, бірақ ол менімен сөйлеспестен ұйықтап қалды. Таңға дейін әрең шыдадым, таңертең қағазды алдына қойдым да «мынау не, түсіндіріп берші» дедім.

Асан бастапқыда біраз күмілжіп, көзін тайдырып әкетіп, жауап бергісі келмеді. Сосын айқайлап өзіме ұрысты. Соңында ол маған барлық шындықты айтты.

Асан әу баста әкесімен ренжісіп, басқа қалаға кетіп қалған екен. Олармен хабарласпай қойған. Әкесі ауырып жатырмын деп алдап шақыртып алыпты. Екі жетінің ішінде үйлендіріп, беташарын да өткізіп үлгеріпті.

Сенерімді, сенбесімді білмей, күле бердім. Сосын «Төрт жылдан бері бірге тұрып жатқан әйелің мен ұлыңның бар екенін неге айтпадың? Осынша жыл бірге тұрған мені қалайша оңай тастап кете салмақшысың?» деп жыладым. Ал Асан «Әкемнің қалауы сол болды. Жұмысымды да ауыстыртып жатқан әкем. Біздің үйде әкемнің айтқаны – заң» деп отыр. Жүзінен өзін кінәлі сезіну, мені аяу байқалмады. Шынымен сезімі селк етпеді. Жұмысын ауыстырса, кетуге дайын. Көзінен қимастықты көрмедім. Өзімді қор сезіндім.

Онымен өткен жылдарым көз алдымда кино лентасындай өтіп жатты. Мен оны бақытқа балаппын, ал өзімді бақытты әйелдер қатарына қосып өзімді-өзім алдаппын. «Кетсең, кет. Ұстамаймын» деп қырсықтым. Ол да осыны күтіп отырғандай, киімдерін сөмкесіне салды да, «Кешір» деген бір ауыз сөзді де айтпастан кетіп қалды.

Жыладым, сықтадым. Мендей әйел таппас, қадірімді біліп, баласын сағынып қайтып келер деп ойладым. Бір жыл жолына қарап жүрдім. Бірақ келмеді. Мен төрт жыл бойы алданып, одан кейін тағы бір жылды өзімді өзім алдап өткізіппін ғой. Енді Асанға емес, өзіме ашуланатын, өзімді кінәлап жазғыратын боп алдым.

Ойламайын десем де ойлай берем. Жыламайын десем де жылай берем. Бірақ сыртқа білдіртпеймін. Көңілімдегі кірбіңді жасырып көзімді бояп, сыртта жұмыста өтірік күлімдеп жүрем.

Іштей жылап тұрсам да «Қалай жағдай?» дегендерге «Менде бәрі жақсы» деп алдаймын. Тіпті күйеуімді сұрағандарға «Іс-сапарда» деймін. Осылай өзгені, өзімді алдап өмір сүріп жатырмын.

Мен Асанның сезіміне, сүйгеніне сенем. Сұймесе төрт жыл біргетұрмас еді ғой. Ал қазір екі жақта өмір сүріп жатсақ, бұл шариғат заңы бойынша некемізді мешітке барып қимағанымыздың жазасы шығар. Құдай осылай бізді жазалап жатқан сияқты. Ерлі-зайыптылардың айырылысуына молда алдында некесін қидырмағаны әсер етуі мүмкін бе?..»


Зәкира өзін-өзі жұбататын жауап іздеп отырғандай түйілді. Әлде расында да неке дұғасы оқылмай жақындасқаны үшін құдай тағдыр талқысын тартқызып жатыр ма екен? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?



Ұқсас оқиғалар:

«Күйеуің таксист болмасын»: шымкенттік келіншек бұл сөздің бекерге айтылмағанын растап отыр


«Келінімнің үйден қуып шыққанына қуанамын»: павлодарлық келіншек Түркістаннан қалай көшіп кеткенін айтып берді