«Ата-анамның сөзінен аса алмадым»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
ERNUR.KZ сайтында жарияланған «Екі сағатта үйленіп кеттік» деген тақырыппен болған оқиға жарияланған еді. Онда түркістандық әйелдің күйеуімен танысқан кезі туралы жазылған еді. Осы мақаладан кейін редакцияға хат жазып, хабарласқандар өте көп болды. Солардың бірі – Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданының тұрғыны Гүлайым.
Оқырманымыз өз басынан өткен жағдайды тілшімізге баяндап, сайтқа жариялауымызды өтінген екен. Қаз-қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Жалпы, кез келген адам үшін үйлену, тұрмысқа шығу өте жауапты іс қой. Өмірлік серігің кім болады, қандай адам, не қызмет істейді, мінезі жайлы ма, соның бәрін сараптап, саралап, жүрек қалауын тыңдап, ақылға салып барып келісім бересің. Ал менің жағдайымда ондай мүмкіндік болмады. «Ұят болады», «Бізді жерге қарата гөрме» деп әке-шешем жалынған соң тұрмысқа шығып кете бардым. Яғни таңдау мүмкіндігі берілген жоқ. Десе де тағдырыма ризамын. Тәуекел еткеніме қарай Құдай да жақсы күйеу берген екен.
Туған әпкем алыстау бір құда баламен танысып, екеуі біраз уақыт араласқан екен. Сосын жігіт әпкеме үйленуге ұсыныс білдіреді. Әпкемдікі балалық болды ма, әлде сол кезде шынымен жігітке көңілі ауды ма, әйтеуір ұсынысын қабыл алған. Ол жігітті менің әке-шешем де жақсы таниды. «Сүйек жаңыртатын болдық» деп жігіттің әке-шешесі келіп, құдандалы болатынын айып, екі жақ уәделеседі. Сырға салу, құдалықтың күні белгіленеді.
Сөйтіп ол кісілердің біздің үйге ырғап-жырғап, қоржын-дорбаларын әкеліп, үйде ұлан-асыр той болған. Жігіттің жеңгелері әпкемнің құлағына сырға салып, болашақ күйеу бала отқа май құйып, құдалар жағы жілік ұстасып, бата беріп, үлкен думанды тойға ұласты. Жігіттің әкесі «қыздарыңыздың қалыңмалы» деп әкеме ақшаны ұстатып, әпкемді әкететін күнді белгілеп, ауылдарына қайтқан-тұғын.
Белгіленген күнге тұп-тура бір апта қалғанда әпкем ешкімге ескертпей, ешкіммен ақылдаспай басқа жігітке тұрмысқа шығып кете барды. Онымен де сөз байласып, кездесіп жүрген ғой сонда. «Маған сырға салып қойды» дегеніне қарамай әлгі жігіт алып қашқан ба, әйтеуір «өз еркіммен келдім» деп хат жазып беріп, оны үйге хабаршылар алып келгенде бір-ақ білдік. Оны естіген кездегі әке-шешемнің жағдайын айта алмаймын. «Бата бұзды, енді менің бетімді көрмесін, есігіме келмесін» деп әкем нала болды. Анам төсек тартып, ауырып жатып қалды. «Енді құдалардың бетіне қалай қараймыз» деп екеуі абдырап, ақырында мені ортаға алды ғой.
«Бізді тыңдасаң әпкеңнің орнына сені ұзатқалы отырмыз. Басқа амалымыз қалмады. Ол кісілермен жекжаттығымыз бар, екі әулеттің арасы өмір бақи ажырағалы тұр. Басқа кісілерге кесіріміз тиіп кетеді. Менің жүрегім ауырмасың, әкең елге қарабет болмасын десең, әлгі жігітке сені береміз» деп анам жылап қалды.
Мына сөзді естігенде менің жүрегім тілім-тілім болды. Себебі менің де кездесіп жүрген жігітім бар еді. «Үйленем, қашан десең сол уақытта сені алам» деп жүрген. Мен оған «алдымда әлі әпкем бар, алдымен сол кісі тұрмысқа шықсын» деп айтып, уақытты кейін созып жүргенмін. Ал енді мынандай жағдай болды. Таразының бір шетінде әке-шешемнің уайымым мен өтініші, екінші басында сүйген жігітім тұрды. Тез арада таңдау жасап, шешім қабылдауға тура келді. Ойлана келе әке-шешемнің ұсынысын қабылдадым.
«Құда балаға не айтамыз, ол мені алуға көнер ме екен?» деп сұрадым анамнан. «Ол жағын бізге қалдыр, бәрін өзіміз келістіреміз» деп айтты. Сол кезде ол кісілердің нендей мәміле жасағандарын білмеймін, әйтеуір екі күн ішінде асығыс киімдерімді қарыштап, төсек-орнымды дайындап, белгіленген күні әке-шешем ботадай боздап мені ұзатып салды.
Қазір ойлап отырсам күйеуімдікі де, менің шешімім де үлкен ерлік болға екен. «Мен оның әпкесін ұнаттым, сіңлісі керек емес» демеді, мен де «жігітім бар, тимеймін» деп айта алмадым. Солай әпкемнің сырға салу рәсімінде көрген жігіттің етегінен ұстадым. Бірақ бақытыма орай ата-енем, келін боп түскен жерім өте жақсы адамдар боп шықты. Күйеуім оқыған, ауылдың мал дәрігері боп істейді. Өте реңді, байсалды азамат. Қазір екеуміз төрт қыз, бір ұл тауып, үш қызды ұзаттық. Анам маған «барған жеріңе сіңісіп кетші, бізді жерге қаратпашы» деп қайта-қайта айтып жіберген. Сол кісілердің жүзін жерге қаратпайын деп барымды салдым.
Енді әпкем жайлы айтайын. Ол әлгі жігітпен қашып кеткен соң екі жылға дейін төркінге келе алмай жүрді. Әкемнің «бетімді көрмесін, есігімнен аттамасын» дегені бар, әйтеуір араға адам салып жүріп бірнеше жыл дегенде араласа бастады. Бір таңғалатыным, күйеуім, міне, біздің үйленгенімізге 30 жыл болды ғой, «Сенің әпкең...» деп бір ауыз сөз айтқан емес. Не болса да бәрі ішінде сақтаулы. Мен де көңілдерін ауыртпайын деп ол жайлы жақ ашпаймын.
Біз енді әпкеммен тек той-жиында ғана көрісеміз. Басқа уақытта сөйлеспейміз де, үйімізге мейман болып бармаймыз да. Той-томалақта әпкемнің түріне қараймын. Сонда ішінде бір өкініші барын сезем. Бізге тесіліп, қызыға да, қызғана да қарайды. «Бекер істедім-ау» дегенін көзінен оқып қоям. Себебі ол әлгі жігітпен шын бақытты сезінбеді. Екі ұл, бір қыз тапты. Бірақ күйеуі араға көп жыл салып басқа бір әйелге үйленіп кетті. Қазір ол әйелден тағы бір баласы бар екен.
Қазақта бата бұзу қарғыс арқалаумен тең деп жатады ғой. Сол кезде екі бірдей жігітпен жүріп, балалықпен орны толмас қателікке бой алдырып қойды. Дегенмен соның зардабын тартты, сенген күйеуі басқамен кетіп қалды. Сондықтан әрбір қыз, әрбір жігіт үйлену ісіне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Отбасын құру ойыншық емес дегім келеді.