​«Бөбектер үйіне өтіп кеткен жиенімді алғым келеді»: қарағандылық жігіт отбасындағы қиын жағдайды айтты

0
5 520

«Түрмеден шыққан әкемді кешіргенім дұрыс па?»


​«Бөбектер үйіне өтіп кеткен жиенімді алғым келеді»: қарағандылық жігіт отбасындағы қиын жағдайды айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Көзімнің жасы құрғамай-ақ қойды. Бала болып ойнап-күле алмадым. Өскен соң қатарға қосылып, бақытты болам ба дегем, бірақ оның ауылы әлі алыс сияқты. Маңдайымның соры бес елі екен», - дейді Айдос есімді қарағандылық жігіт.


Жастайынан жетімдіктің зардабын тартқан жас жігіт енді жетім қалғанын жиенін ойлап, уайымдап жүр екен. Сайтмыздың тұрақты оқырманы басынан өткен шым-шытырық оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне ақтарып салды.


«Жасым жиырмаға енді толады. Бірақ өткен өміріме көз жүгіртсем, бірталай жыл өмір сүріп, талай тауқыметті бастан кешірген сияқтымын.


Анам, әкем, әпкем, төртеуміз өмір сүріп жаттық. Анам біздің тәрбиемізбен үйде отыратын. Денсаулығы жоқ еді, жиі жүрегі ауырып, жатып қалатын. Ал әкемнің ішуден қолы босамайтын. Ішіп келіп, тыныш жата салса мейлі ғой, үйдің тас-талқанын шығарып, бәрімізді қырып-жоюшы еді. Сонысы ақыры бәріміздің түбімізге жетті.


Мен ол кезде бірінші сыныпқа енді барған бала едім. Әпкем бесінші сыныпқа барған. Кешкісін анам, үшеуміз тамағымызды ішіп, теледидар көріп отырғанбыз. Үйге кіргеннен ақырған әкем анама «Неге тамағың дайын боп, үстелдің үстінде тұра қалмады» деп тиісті. Онымен қоймай түн ішінде әпкем екеумізді араққа жұмсады. Анам байғұс шырылдап «дала қараңғы, бұлар саған қайдан арақ тауып әкеледі» деп араша түсіп еді, әкем орнынан тәлтіректеп тұрды да, астында тұрған орындықпен анамның басына бір ұрды. Есінен танып қалған анамды көргенде жаным шығып кете жаздады. Дереу көршілердің үйіне жүгіріп, «Жедел жәрдем» шақырттық. Бірақ бәрі кеш еді, анам сол сәтте үзіліп кеткен екен.


Үйге полицейлер келіп, әкемді тұтқындап әкетті. Артынша сот болып, әкем он жылға бас бостандығынан айырылды. Әкем бізден жылап тұрып кешірім сұрады. Істеген ісі үшін өкінетінін айтты. Бірақ одан не пайда? Соттың шешімімен біз балалар үйіне кеттік.


Біз балалар үйіне келген соң үйренісіп кету оңай болған жоқ. Кейде анамды, бірге ойнаған достарымды сағынып жылап алатынмын. Ең бастысы, әпкем жанымда болды, соған шүкіршілік ететінмін. Балалар үйінде балалық шағымыз өтті. Әпкем 18 жасқа толған соң мемлекеттің қамқорлығымен университетке гратқа түсті. Артынан мен де есейіп, ер жетіп, студент атандым. Бүкіл уақытымды сабаққа арнап, жақсы адам болуға, біліммен, өз күшіммен діттеген мақсатыма жетуге барымды салдым. Кейіннен табыс табу үшін мейрамханаларда даяшы болып істедім.


Бір күні әпкем мені өзінің сүйген жігітімен таныстырды. «Мынау сенің болашақ жездең болады» деп түр-сипаты келіскен бір жігітті көрсетті. Үшеуміз кафеде кешкі ас ішіп, біраз әңгімелестік. Бір көргене жібі түзу, жақсы адам сияқты көрінген. «Әпкемнің де жарқырайтын, бақытқа кенелетін кезі келді-ау» деп іштей шүкір етіп, қуанып қалып едім. Бірақ әлгі жігіт бір айдан кейін ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Әпкемнің аяғы ауыр екен. Бұл жаңалықты үйіндегілерге айтқан екен, шешесі «Дымы жоқ жетім қызды келін қылмаймын, босағама әкелме» деп шарт қойыпты. Анау шешесінің сөзінен аса алмаған.


«Енді не істеймін?» деп шарасыз күйге түскен әпкем ақырында «баланың түк кінәсі жоқ, өмірге әкелемін» деп шешті. Айы-күні жеткенше тынбай жұмыс істеді. «Баламен үйде отырғанда ақша керек болады» деп екі ауысымда еңбек етті. Сол кезде денсаулығына қарамай қойды ма, әлде тағдырдың пешенемізге жазғаны, өлшеп берген өмірі сондай ма, айы-күні жетіп, толғақпен перзентханаға түскен әпкем босану залынан қайтып шықпады. «Әпкеңіздің жүрегі тоқтап қалды, толғақ үстінде қатты қиналды. Бекем болыңыз» деген дәрігердің сөзі әлі құлағымнан кетпей тұр...


Мұншалықты сормаңдай болар ма едім. Шешемнен әкемнің кесірінен айырылдым, әпкемнен әлгі сүмелектің кесірінен айырылдым. Түптеп келгенде жалғыз қалдым. Әпкемнің артында қалған баланы қарап, бағуға шамам жетпейді, амал жоқ бөбектер үйіне өткізіп жібердім. Бірақ өмірге келмей жатып жетімдіктің қамытын киген кішкентай нәрестені ойласам ет-жүрегім езіліп кетеді. Әттең қыз боп тумадым, әйтпесе өзім шомылдырып, ас-ауқатын беріп, қарар едім деп ойланамын.


Әпкемнің қазасынан кейін әлі өз-өзіме келе алмай жүрмін. Алдап, аяғы ауыр кезде тастап кеткен жігітті іздеп тауып, баласы барын айтсам ба, әлде кішкене аяққа тұрғанша күтіп, үйленіп, жиенімді өз қамқорлығыма алғаным дұрыс па? Ағайындардан естігенім, әкем де түрмеден шығыпты. Астана жақта біреудің көлік жөндеу орталығында жұмыс істеп жүр екен. Істеген ісіне өкініп, түрмеде намазға жығылыпты. Әкеммен татуласып, екеуміз бірлесе тірлік етсек қалай болады? Осы жағынан ақылын айтып, кеңесін беретін, мүмкіндік болса аяқтан тұрып кетуіме көмектесетін жомарт жандар болса деймін...»