«Басқа емес, құдамды сүйіп қалғаныма қатты өкінемін»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Осы уаққа дейін аш жүрсем де, жоқшылықтан әбден қиналсам да біреудің ала жібін аттамаппын. Біреуді алдау, арбау деген табиғатыма жат нәрсе. Ондайға дәті баратындарды да түсінбеймін. Таяуда сондай бір алаяқтың құрығына түсіп қалып, өкініштен бармағымды шайнап отырмын», - дейді Дариға есімді оралдық әйел.
Дариға ханым өзге емес, өз құдасының сан соқтырып кеткенін айтады. Сол себепті үстінен арыз жазарын да, жазбасын да білмей, тығырыққа тіреліп отырған көрінеді. Болған жағдайды Дариға ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
«Өзім Құдайға қараған адаммын. Әр ісімді «Құдай көріп тұр» деп шын пейілмен, адал ниетпен істеймін. Қыздай қосылған күйеуім жол апатынан қайтыс болып, жалғыз қызымды құшақтап қалғанда да өзге әйелдер сияқты ата-енеден жасырынып еркектермен кездескен емеспін. Бар ойым қызымды ешкімнен кем етпей өсіру, біреудің қолына қаратпау болды. Сол себепті күн-түн демей жұмыс істедім. Өзім мейірбикемін, ауысыммен істейміз, одан шыққасын жекеменшік ине егу бөлмелеріне барып қызмет көрсетемін. Сөйтіп жүріп жалғызымды қатарға қостым. Әрине, ата-енем де көп жәрдемдесті. Қызыма қарап, сабағына апарып, әкеліп, тәрбиенің негізін сол кісілер қалады.
Осыдан бес жыл бұрын ол кісілерді ақтық сапарға шығарып салдық. Енем марқұм қайтыс боларынан бір ай бұрын мені отырғызып қойып «Қызым, екі дүниеде де өзіңе ризамын. Баламның көзі кеткелі атымызға кір келтірмей, жұмысыңа тіке барып, тіке келіп жүрдің. Еріңе адал болғаның Алладан қайтсын. Біз рұқсатымызды берсек те күйеуге тиюді ойламадың. Ендігі қызың өсті, біз де қашанғы жүреміз. Қыз өз жұртына кетсе жалғыз қаласың ба деп уайымдаймын. Атаң да сені ойлай-ойлай кетті. Алда-жалда мен артынан кетсем, сен мұнда сопиып жалғыз қалма. Өзіңді сыйлайтын, жаныңды түсінетін кісі кездессе, етегінен ұста. Саған айтар аналық ақылым осы, шырағым» деп ақ батасын берген. Енем алтын адам еді, өзінің кетерін сезген екен-ау. Бір ай өтер-өтпес атамыздың жанына кете барды.
Былтыр қызымды өзі сүйген жігітке ұзаттым. Күйеу балам өте жақсы адам боп шықты. Оқыған, білімді, бірнеше тіл білетін, өте мәдениетті жігіт екен. Ағайын-туыспен бірге тойларын істеп, жасауын беріп, шығарып салдық. Құдағи бір жыл бұрын қатерлі ісікке шалдығып, өмірден өткен екен. Оған дейін бір қызын ұзатып үлгеріпті. Тойды құданың өзі атқарды. Қарындастары, қыздары жәрдемдескен шығар. Бәрін орын-орнымен, жөн-жөнімен әкеліпті.
Той-томалақтың бәрі өтіп болғасын бір күні қызым тамаққа шақырды. «Папамыздың туған күні, әрі менің қандай келін болып жүргенімді көргіңіз келмей ме, келіп, екі күн жанымда қонып кетіңізші» деп қиылып тұрып алды. Туған күн болғасын барымды киіп, жасанып, құдама деген сыйлығымды алып бардым. Құданың достары, бауырлары келген екен. Арқа-жарқа әңгіме айтып, көңілді отырдық. Ертеңіне құда үйге дейін шығарып салды. Жолда келе жатып әйелі қайтқалы жағдайы болмай жүргенін, жалғыздықтан шаршағанын айтты. Мүмкіндік болса анда-санда құда-құдағи ретінде кездесіп, шай ішіп тұрғысы келетінін білдірді. Мен оның бұл ұсынысына қарсы болмадым. Себебі өзім де қызым кеткелі ішім пысып, жалғыздықтан жабырқап жүргем. Құдам ғой, туысым ғой, шай ішкенде тұрған не бар деп ойладым.
Сыдық құдамен жиі-жиі кездесіп жүріп, соңы үлкен сезімге ұласып кетті. Мені ұнататынын айтып, көлігімен баратын жеріме жеткізіп салып, алып кетіп жүріп көңілімді жаулады. Бастапқыда «мұнымыз дұрыс емес, балалардан ұят» деп көнбей жүргем. «Балалардың бізде шаруасы болмасын, өздері үйленді, біздің де бақытты болуға қақымыз бар шығар» деп әдемі сөздермен айналдырып алды.
Екі жақтағы туыстарымыз білмейді, бірақ Сыдық аптасына бір-екі мәрте менің үйіме келіп тұрады. Кәдімгі ерлі-зайыптылардай сырымызды айтып, тірлігімізді бірлесе тындырып жүрдік. Құдам әрі сүйген адамым болғасын мен оған Құдайдай сендім. Үйдің бір кілтін беріп те қойғанмын. Мен жұмыстан келгенше тамақ істеп қоятын.
Бір күні құрбым тойға шақырып, үстіме бар әдемімді киіп, алтындарымды тағайын десем, қойған жерімнен таппаймын. Алтын тығатын бір-ақ жерім бар, әбден ақтардым. Жерге кіріп кеткендей, жоқ. Табан астында көңілім нілдей бұзылып сала берді. Үйге бөтен адам келген жоқ. Ұры түссе білінер еді, сонда оны кім алды? «Сыдық! Одан басқа үйге ешкім келген жоқ!» деген ой сап ете қалды. Дереу телефон соғып ем, «алған жоқпын» деп мойындамады. Жалтарғанымен қоймай, өкпелеп, тұтқаны қоя салды. «Қап, бекер ренжітіп алдым-ау» деп өкініп қалғам.
Екі-үш күннен кейін жұмыстан қайтар жолда Сыдықтың көлігіне отырдым. «Бензин құйып алайын» деп бекетке тоқтаған. Ойымда түк жоқ, тарағын алып, шашымды тарай салайын деп «бордочокты» ашып қалсам, ломбардтың қағазы сырғып түсті. Құдам әрі жігітім менен ұрлап алған алтындарды ломбардқа өткізіп, беті бүлк етпей маған өтірік айтыпты.
Екеуміз қырық-пышақ болып ұрыстық. «Біреуден қарыз едім, саған білдірмей аламын да, кейін байқатпай орнына қоямын деп ойладым. Басқадай ниетім болған жоқ» деп ақталумен болды. Мен оның өтірік сөйлеп, түк болмағандай өкпелеп қалғанына қатты қапаландым. Көңілім бірден суып кетті. «Алтынды дереу әпер де, екінші үйге келуші болма» деп шарт қойдым.
Содан бері екі апта өтті, Сыдықтан хабар жоқ. Звондасам телефонын көтермейді. Кеше қызымның үйіне қыдырып барып, өзімен бетпе-бет жолығайын дегем. Қызым «Папамыз алдыңғы күні Ақтөбедегі туыстарымыздың тойына кетті. Құдалығын өткізіп, бір аптадан кейін келеді» деді. Оған болған жағдайды айтарымды да, айтпасымды да білмей, екі ортада күйіп отырмын.
Осынша жыл «етегіме намаз оқып» жүріп, басқа емес, туған құдаммен шатысқаныма ұяттан өртеніп барамын. Ол да тәуір адам болып шықса мейлі ғой, беті жылтыраған алаяқ екен. Не істейтінімді білмей отырмын. Үстінен шағымданайын ба, әлде әліптің артын баққаным дұрыс па? Үндемей қоя салатын емес, бір миллион теңгенің алтыны қолды болып отыр...»