«Балама қыз әперем» деп қорқытады»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Қазақтың менталитетінде кіші үлкендерді жамандамайды, әсіресе ата-ананы, ата-ененің қылығын айтуға болмайды. Бәлкім мені қазір кей кісілер «көргенсіз» деп сөгетін шығар, себебі енемді жамандайын деп отырмын. Қайтейін, айтпайын десем ішім толып кетті» дейді Кәусар есімді әйел.
Он жыл бұрын келін болған оқырманымыз бедеулігіне енесін кінәлап отыр. «Екі баламды еркімнен тыс алдырып тастады» деді Кәусар ERNUR.KZ тілшісіне.
«Жасым 35-те, жоғары білімді маманмын, жақсы қызметкермін. Табысым да керемет. Тәп-тәуір күйеуім бар. Бірақ арамызда бала жоқ. Ал оған менің енем кінәлі...
«Күйеуім үйінің жалғыз баласы. Онымен үшінші курста оқып жүргенде танысқам. Папасы инвалид, мамасы үй шаруасындағы адам екен. «Үйдегілерді өз айлығыммен асырап отырмын» деп жиі айтатын. Өзім көпбалалы отбасыдан шығып, ағаларымның бала-шағасын бағып әбден шаршағам ба, «бір үйдің жалғыз келіні болған рахат шығар, миыңды ашытатын адам жоқ, еркелеп жүресің» деп келте ойладым. Күйеуім бірақ жалғыз балаға ұқсамайтын, тәрбиелі, салмақты, көп сөйлемейтін жігіт болатын.
Сонымен, мен дипломымды алып, жұмысқа тұрып алғасын үйлендік. Үйленген соң «қап...» деп қалдым. Себебі үйде енем бастық екен. Төсекке таңылған атам да, күйеуім де енемнің айтқанынан аса алмайды. Ол кісі кезінде бір мекемеде есепші боп істеген, әбден өзгелерге билігін жүргізіп қалған, адуынды адам боп шықты.
Тойды күйеуім шама-шарқына қарай кішігірім етіп, құдалықпен бірге өткізді. Қайтсін енді, жалғыз өзі істейді, әкесінің мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысы бар, қайсыбіріне жеткізсін. Менің әке-шешем «бақытты боп кетсеңдер болды» деп жасаған ізет-жоралғыларын қанағат етті. Солай біздің отбасылық өміріміз басталып кетті.
Мен жекеменшік мекемеге бухгалтер боп жұмысқа кіргем. Күйеуім «қайда барасың, кіммен келдің» деп сұрамайды. Алайда енем әр қадамымды аңдып, сұрақтың астына алатын. Әр қадамымды аңдып отырғадай тынысым тарылатын. Бір күні ол біздің бөлмеге келіп, бір әңгіменің шетін шығарды. «Кәусар, қазір алып-ұшып тұрсыңдар ғой, өздерің әлі бала сияқтысыңдар. Сондықтан балалы болуға асықпаңдар, сақтанып жүр» деді. Мұндай әңгімені күтпегем, ештеңе дей алмай, басымды шұлғи салдым.
Кешкісін осы әңгімені күйеуіме айтып ем, «Мамамдікі де дұрыс шығар, той-томалақпен қарызданып қалдық. Папамның түрі анау, мамам соған қарап отыр, сен де декретке шығып кетсең қайтіп өмір сүреміз. Бір жылдай қоя тұрайық» деді.
Дегенмен біздің қазақ қойсын ба, әсіресе төркінімдегі әпкелерім, анам «Көтердің ба, жаңалық бар ма?» деп звондаған сайын сұрайтын. Сондықтан мен сақтанбай, бала туып алуды ойладым. Бірақ бала көтере алмай екі жыл жүріп қалдық. Жұмыс арасында сұранып, дәрігерлерге барып тексеріліп жүрдім. «Сізде бәрі дұрыс, күйеуіңізбен келіңіз» деді. Күйеуімді әрең дегенде көндіріп, екеуміз бір айдай емделдік. Нәтижесінде аяғым ауырлады. Бұл жаңалықты естігенде мен де, күйеуім де қуандық. «Мамаға айтпай тұрайықшы, ішім білінгенде өзі көреді ғой» дедім. Сонымен жүре бердік.
Бірақ қуанышымызды енем су сепкендей басып қойды. Жүрегім айнып, тамаққа қарауға шамам келмей қалғанда «Сен осы көтеріп қойған жоқсың ба?» деп бас салды. «Мама, мен білмеймін» деп көзіне тіке қарауға қорықтым. Сөйткен енем «ертең сені өзімнің таныс дәрігеріме ертіп апарам» деп қысқа қайырды.
Дәрігерден сыр жасыру мүмкін бе, ертеңіне-ақ «келініңіздің аяғы ауыр, үш апталық» деп сүйіншілетті. Бірақ енемнің жүзінен қуаныш емес, өкінішті байқадым. Сыртқа шыққасын аурухананың ауласында отырғызып қойып, «Саған айтып едім ғой, қоя тұрыңдар деп... Сен декретке шықсаң біздің күніміз не болады, атаңның жатысы анау...» деп бірталай әңгме айтты. Бала болған екем, «Мама, Құдайдың бергені ғой...» деп міңгірлеп, жылай салдым. Енеме де сол керек болғандай, одан бетер даусын қатайтып, ашуланып, «қазір алдырып тастасаң, кейін бала көтере бересің, срогың әлі кішкентай, алдыма түс» деп қайтадан ауруханаға ертіп апарып, аборт жасатты.
Екінші балама екі жылдан кейін жүкті болдым. Ол кезде атамыз өмірден өтіп кеткен. Күйеуімнің табысы артып, қызметі жоғарылаған. Енді енем де жұмыс істеуге шығатын шығар, немерелі болғанына қуанатын шығар деп өзім сүйінші сұрадым. Бірақ енем баяғы әуеніне қайта басты. «Баланы алдыр» деп күнде миымды жеді. Мені көндіре алмағасын баласын айналдырды. Үйде күнде ұрыс-керіс. «Қатының ондай, бүйтпеді, сөйтпеді» деп енем күнде кешке «бір букет шағымын» жинап отыратын. Ондайға еркек шыдасын ба, ішіп келіп «алдыра салшы сол баланы» деп маған тиісетін болды. Күнде жылап-жылап ақыры ол бала түсіп қалды. Бұл менің жаныма қатты батты. Депрессияға түсіп, ауруханаға жатып шықтым.
Осындай жағдайлардан кейін мен жиі ауыратын болдым. Енем атамыз қайтқалы жақсарып, жасарып кеткен. Жұмысқа тұрып, менімен салғыласуға уақыты жоқ. Баяғыдай емес, кішкене мейірімді, ақкөңіл, әңгімешіл адам боп кетті. Соған қарағанда өзіне лайық біреумен көңіл жарастырды ма деп ойладым.
Бір күні енем «Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсарды ғой, енді балалы болуды ойлаңдар» деп қуантты. Бірақ қанша рет дәрігерге қаралып, емделсем де бала көтере алмай-ақ қойдым. «34 жас уже поздний срок, риск көп» деп шықты дәрігерлер. Содан бері екі жыл өтті, етеккірім келген сайын стресс, күту, жылау...
Енді енем «бала таппайсың, немене бәле» деп тиісетін болды. Қазір ойлап отырсам, енем мені тек айлығым үшін келін еткен сияқты. Енді өз жағдайлары жақсарғасын «бала тумайтын адам» деп бір теуіп шығарып тастайтын ниеті бар. Өйткені бір сөзінде «Туа алмасаң туатын әйел әперем, менің балама әлі он сегіз жасар қыз қарайды» деп қалды. Ақымақ болған екем, кезінде бекерге түсік жасатыппын деп әр күнім өкінішпен өтіп жатыр».