​«Екі сағаттың ішінде үйленіп кеттік»: түркістандық әйел тұрмысқа шыққан кезін есіне алды

0
5 094

«Орамалға барам деп орамалды болдым»


​«Екі сағаттың ішінде үйленіп кеттік»: түркістандық әйел тұрмысқа шыққан кезін есіне алды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Жаз келе жастардың шаңырақ құруы көбейіп, той маусымының басталатыны белгілі. Күнде той, жұмысқа барғандай кете беретін болдық. Үйлену, қыз ұзату, бесік той, мерейтойдан бас көтермей жүргенде ағамыз бен жеңгеміз «Інжу тойға шақырамыз» деп шақыру видеосын жіберіпті. Оған да бардық, бірақ барғанымызға арзитын қызықты оқиғаны есітіп қайттық.


Ағам үйленгенде бала болғанбыз ба, қай жерден қыз әкелді, олар қалай танысты, біреуін де сұрамаған екенбіз. Осы тойдан соң жеңгем болашақ күйеуі, яғни ағаммен қалай танысқанын майын тамыза айтып берді. Қызықты оқиғаны ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісуді жөн көрдім. Жеңгем менің ағама бір көріп, сол күні тұрмысқа шыққан екен.


«Ол кезде қазіргідей жігітпен жүріп-тұру деген сирек болатын. Тіпті жігіті бар қыздардың өзі қазіргідей ырғалтып-жырғалтып, құлағына сырға салып, құда түсіп кетпейтін. Өзім ер мінезді қыз болдым, алдымда алты ағам бар. Әке-шешемнің Құдайдан тілеп алған қызы болсам да еркекшоралау, тік сөйлеп, көбіне сыныптағы балалармен дос болған қыз едім. «Пошымың бар болсын, мына түріңмен жүре берсең ертең сені кім алады?» деп әжем марқұм ернін сылп еткізіп отыратын.


Мектеп бітірген соң «жалғыз қызды алысқа жібермеймізі» деп қаладағы педагогикалық институттың сырттай бөліміне түсірді. Сөйтіп ауылдағы мектепке мұғалім етіп кіргізіп қойды. Алты ағамның айбатынан қорқа ма, басқа жігіттер түгілі өз сыныптарым аяқ баспайтын. Ешқайда бармаймын, ертелі-кеш мектепте сабақ беріп, жұмысымды беріле істедім.


Сөйтіп жүргенде құрбыларымның қатары сиреді. Қыздардың бәрі тұрмысқа шығып жатты. Ал менің не жігітім жоқ, не «мынаған тұрмысқа шығайын» деген нақты ешкімім жоқ. Сөйте тұра жеңгелерім «Бикеш, мына жігіт қалай, Пәленшенің інісі ше?» деп әңгіме айтса бұртиып, ренжіп, бөлмеме қашушы едім. Сол мінезімді білген соң олар да маған жігіт туралы айтпайтын болды.


Бір күні қалада тұратын үлкен жеңгем үйге телефон соқты. Ол кезде қазіргідей сотка да жоқ қой, «Бикеш, Ақмаралдың үйіне барып келші. Өткен жолы соның үйіне отырысқа барғанда орамалым қалып қойыпты. Бас киім ғой, соны үйге әкеліп қоя аласың ба?» деді. Мен сол хабарды естісімен көрші көшеде тұратын Ақмарал жеңгенің үйіне бардым. Кірсем төрде бір жігіт отыр екен. «Бикеш, кел, жоғары шық» деп бәйек болып жатыр. «Асығыспын, жеңгемнің орамалына келіп едім» дегенімді тыңдаған да жоқ, сүйрелеген күйі төріне отырғызып қойды. «Еттің қамырын салып жатырмын, дайын астан жеп кетші» деп жалынды.


Жеңгеміз де пысық кісі еді, аузы-аузына жұқпай төрдегі жігітпен таныстырды. Ағайын інісі екен. «Есімім Аманғали» деді. Мінезі ашық, әңгімешіл екен, лезде тіл табысып кеттік. Жеңгем де ананы-мынаны сылтауратып, қамырын айтып далаға қайта-қайта шығып кете берді. Осы сәтте Аманғали әңгімені төтесінен қойып қалды. «Шынымды айтсам, мен сендердің ауылдарыңа қыз көруге келгенмін. Әпкем көрсетем деген қыз әрдеңені бір сылтауратып келмей қалды. Көріп, жақсы қыз болса алып қашам деген оймен келгем негізі. Үйленбесем болмайды, бір аптадан соң інім келіншек әкелмекші. Бәлкім менің тағдырым сен шығарсың, маған тұрмысқа шығасың ба?» деді.


Бұрын-соңды жігіттерден мұндай нақты ұсыныс естімеген басым, абдырап қалдым. Бірақ оның батылдығы маған ұнады. «Сені әлі жақсы танымаймын ғой, бір көре салып үйлену қалай болар екен?! Араласып, сырымызды, мінезімізді білейік әуелі» дедім оған. Бірақ Аманғали айтқанынан қайтпай тұрып алды. «Келіссең де, келіспесең де сені бүгін алып қашам» деп қоймады. Сосын ойланып қалдым. Сыныпта күйеуге тимеген екі-ақ қыз қалғанбыз. Жақын арада маған үйлене қоятын жігіт жоқ. Ертең күз келсе тағы мектепке кіріп, жұмыстан бас алмай кетем. Бәлкім бұл жігітті маған Құдай жіберіп тұрған шығар, бағым болар» деп ойладым. Бірақ сол үйден алып қашып кеткенін қаламадым. «Бір көрген адамға тұрмысқа шығуға үлкен жүрек керек, ол өмір саудасы. Бірақ саған сеніп тұрмын, ішкі түйсігім жақсы адам екеніңді айтып жатыр. Мейлі, тәуекел деп етегіңнен ұстайын. Бірақ алдымен үйге барып, үсті-басымды реттеп, жеңгеме шет-жағасын айтып шығайын» дедім.


Күн кешкіріп қалған шақ еді, жеңгемнің орамалы ма, басқа м, әйтеуір Ақмарал жеңгем бір орамалды ұстатып жіберді. Соны алып үйге бардым. Дереу жуынып, киімдерімді ауыстырып, керек-жарағымды түгелдеп, сөмкеме салып алдым. Сыртта кешкі астың қамымен жүрген жеңгеме тұрмысқа шығатынымды, бүгін мені бір жігіттің алып қашып кететінін сыбырлап айттым. «Қойыңызшы, бикеш, әзіліңіз бе, қайдағы жігіт?» деді. Сосын асықпауға, тағы да ойланып көруге үгіттеді. Бірақ мен өз шешіміме сенімді болдым. «Сол жігітпен бақытты болатынымды сезіп тұрмын» дедім де, үйдің қақпасынан шығып кеттім. Үйдегілер ағайындардың тойында-тұғын, ешкім ештеңені білмей қалды.


Ағаңа рахмет, отыз жылдан асып барады, маңдайымнан шерткен емес. Келіспей қалсақ үндемей жеңеді. Соның арқасында отбасымызда ерекше сыйластық, құрмет салтанат құрды. Құдайдың бергендерін өсіріп, ұялаттық, қиялаттық. Ел қатарлы тіршілік кешіп келеміз. Мен бір-ақ рет көріп тұрмысқа шықсам да, жар таңдаудан жаңылыспағаныма шүкіршілік етемін».


Отыз жыл бұрын болған оқиғаны естідім де, жеңгемің батылдығына риза болдым. Өмірінде көрмеген, білмеген адамға айналдырған екі-үш сағат ішінде разылығын беріп, етегінен ұстап кете беру көзсіз батырлық емей немене?! Ал сіз қалай тұрмысқа шықтыңыз? Осындай ерекше әлі қызықты оқиғаларыңыз болса, бізбен бөлісе отырыңыз.


Байланыс нөміріміз – 8-771-669-36-69.