"Енем БАРЛЫҚ БАЛАСЫН келіндерінен АЖЫРАТЫП алғысы келеді"

0
2 017

Ал қайным "Апама ұнаған қызды алам, әйтпесе тағы ажырасармыз" дейді


Иллюстрациялық сурет vladtime.ru сайтынан алынды

"Сәлеметсіздер ме, қымбатты редакция ұжымы!" деп бастапты сөзін ERNUR.KZ тілшісінің әлеуметтік желідегі парақшасына хат жазған Алтынай атты келіншек.

"Қазір мен отбасыммен бірге ата-енеден бөлек тұрамын. Былайша сырттай қараған адамға барлығы жақсы. Аллаға шүкір, бақытты отбасымыз деп айта аламын. Жолдасым, балаларым жанымда. Өмірдің ешқандай қиындығын көрмедім, барлығына оңай жеттім дей алмаймын. Десе де, қазіргі күніме шүкір етемін. Өйткені, қазақта айтады ғой, «бұдан да жаман күнімде тойға барғанмын» деп, дәл сол сияқты менің де басымнан бұдан да қиын күндер өтті ғой, оның несін жасырамын?

Менің жағдайымды бастан кешіп, бірақ оны сыртқа білдірмей, іштей жылап, сырттай күліп жүрген қаншама жан бар. Соларға қарап, олардың да жайын түсінемін, жаным да ашиды. Кезінде маған да солай жаны ашып, мүсіркеп қараған жандар болған шығар, оны білмеймін.

Қайдағыны еске түсіруге тура келіп тұр. Осы басылымды оқи отыра, ене мен келіннің арасындағы бітпейтін текетіресті оқыған кезде еріксіз өз енеммен арадағы болған жағдайлар көз алдымнан өтеді. Тек осы басылымнан емес, айналамызда қаншама әйел, қаншама тағдыр бар. Солардың өмірлері жайлы естігенде, әңгімелерін естіп отырғанда шыны керек, жайсыз күй кешіп, мазасызданып кетемін. Өйткені, ол кезеңнен өтіп кеткеніммен, жүректе мәңгі қалатын бір дақ бар. Қанша жерден өшіруге, ұмытуға тырыссам да, ол менің өткен өмірімдегі жүріп өткен жолым. Сондықтан, ұмыту мүмкін емес. Тек адам есейген сайын, өмірдің сан қилы соқпақтарымен жүріп өткен сайын ақылына ақыл қосып, сабырға келеді екен. Басқа ештеңе де емес. Ал жүрекке түскен жара, ауыр дақ сол күйі жазылмайды. Орны көмескіленіп, ескіруі мүмкін, бірақ кей жағдайлар сол көмескі жараның орнын тырмалап, жаңғыртып отырады екен.

Енем өте адуынды, адуындыдан бұрын, шайпау, жайсыз мінезді еді. Әлі де бар ғой, тек біз ол кісіден бөлек тұрамыз. Амалсыздан күйеуімнің анасы, балаларымның әжесі болғандықтан, араласып тұруға мәжбүрміз. Ол кісімен бет көріспей кеткен жоқпын. Алыстан сыйласып, мейлінше өтірік болса да сыйластығымды танытып, келіндік міндетім ғой деп барған сайын көйлек-көншек, орамалымды апарып, жүз шайыспауға тырысып жүрмін. Үлкен кісі ғой, болмысы солай, енді ол кісімен тек осылай ғана қарым-қатынас құра аламын деп ойлаймын.

Мұны жазудағы мақсатым, кейбір келіндер енелеріне ренжіп, ол кісінің ауыр сөздерін көтере алмай, бетіне шапшып шықпасын, өмір барлығын реттейді, барлығы өз орнына келеді, тек қана сабырлы болыңыздар дегім келеді. Өйткені, жолдасыңды сүйетін болсаң, жолдасыңнан зәбір көрмей, керісінше қолдау көріп отырсаң, мұның барлығы уақытша нәрсе. Жалпы адам бір-біріне уақытша, бәріміз бұл өмірге қонақпыз. Тек қана сыйластық таныта білейік дегім келеді.

Енемнің қолында тұрғанда көрген күнім күн емес еді. Ылғи жекіп сөйлейтін. Басында жылап қалатынмын. Көп жыладым. Кейін етім үйренді. Сонда да жас келін болып, ақ босағаны алғаш аттаған күннен бастап, арыстандай ақырып қарсы алған енемнің алдында көжектей болып, қалтырап-дірілдеп, қорқып отыратынмын.

«Әй, сары қатын!», «Үүүй, қобыраған албасты» деп әңгімесінің әлқиссасын бастайтын енемнің жаттанды сөздерінен тіпті алғашқы күндері ұйықтап жатқан жерімнен шошып оянатын халге жеттім.

Талай рет осындай мінездеріне шыдай алмай, кетіп қалмақ болып оқталғанмын. Алайда, күйеуімді жақсы көрдім, ол жалынып алып қалатын.

Обалы не керек, күйеуім де мені жақсы көрді. Анасының көзінше оған қарсы сөз айтпаса да, үнемі мен қорғап, қолдап жүретін еді. Күйеуімнің осы қолдауының арқасында өз-өзімді жоғалтып алмай, осы күнге жеттім.

Ал қазір бөлек тұрып жатырмыз. Енемнің де бұрынғыдай қауқары жоқ, күші қайтып, қайраты басылды. Бірақ сонда да менен кейін осы отбасына келін болып түскен келіндер шыдай алмай, ажырасып кетіп жатты. Келіндер деп көпше түрде айтып отырғаным – жалғыз қайнымның алған әйелдері. Қайным үйленген кезде мен отбасымызға келетін келін мінезді, өз құқығын біреуге таптайпайтын, сондай қайсар келін болса екен деп тіледім. Өйткені, енемізге кез келген келіннің шыдай алмасын жақсы білемін.

Қорыққаным алдымнан шығып, келіндер шыдамады. Қайным екі рет үйленді. Екеуі де жап-жақсы келіндер еді. Алғашқысын қайным өзі сүйіп қосылған, бір жылдай қыз бен жігіт болып жүргенін, менімен таныстырғанын әлі де сағынышпен еске аламын. Өйткені, қайнымның сүйген қызы өте жақсы, мінезі де биязы, сабырлы жан еді. Бірақ іштей қорқынышым болды, енемнің бұл қызды келін етіп қабылдап, ары қарай бұл қыз да енемнің мінезіне шыдап, отбасы болып кете ала ма деген үрей болды.

Шынында да енемнің түртпегіне шыдамаған келін ақыры кетіп тынды. Қайным осыдан кейін күйзеліске түсіп, енді үйленбеймін деп бүк түсіп жатып алған болатын. Бірақ, барлығымыз жабылып, ақылымызды айтып екінші рет үйлендіруге тырыстық. Алдымен енеме ұнайтын қызды табайық деп ойладық. Енеме біз көрсеткен қыздардың ішінен біреуі ұнады әйтеуір. Қайным да «анама ұнағанын алайын, мен тағы да ажырасып, тағы да жаныма жара салғым келмейді» деп келісті. Сөйтіп, екінші рет үйленді. Енді тынышталатын шығар деп қуандық. Бірақ сол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Енеміздің өзі «таңдап алған» келіні бар-жоғы үш ай ғана шыдады. Оған да ақылымызды айтып, «бөлек шығарайық, отбасыңды бұзба!» деп қанша жалынсақ та «Бөлек тұрсам да ол кісінің бетіне қарай алмаймын, одан да өз өмірімді сүрейін» деп бас тартты. Содан бері қайным қайтып үйленбеді, ішкілікке салынды.

Ал біз бөлек тұрып жатырмыз, қайта баруға құлқымыз жоқ. Айына екі рет барып, үйін тазалап, кір-қоңын жуып беріп кетемін. Соның өзінде әрең шыдаймын, шыны керек. Мен ғана емес, туған қыздары да қазір қашатын болған. Қартайған шақта өз балаларына сый-құрметі қалмаған енемді аяймын бір жағынан."