«ЕНЕМ бөлмемізге рұқсатсыз кіреді»: түркістандық келіншек ренішін айтты

0
8 010

​Ол "мұндай ене тек менде ғана бар ма?" дейді. Сіздің енеңіз қандай?


«ЕНЕМ бөлмемізге рұқсатсыз кіреді»: түркістандық келіншек ренішін айтты

(Фото ашық дереккөзден алынды)

Неліктен келін ата-енеден бөлек тұрғысы келеді? Бұның себебі көп. Сіздіңше, ең басты себеп қайсы?

Түркістандық Қамажай есімді келіншек: «Ең басты себеп – ұл мен келіннің бөлмесіне рұқсатсыз кіретіні», - дейді. Қамажайдың енесімен ерегісіне, күйеуімен керісіне және бөлек кетіп қалуына да осы себептер түрткі бопты. Ол енелерге де тәрбие керек дейді.


Енелерге ой салса екен деген мақсатта ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында Қамажай былай дейді:

«Мен күйеуімнің екінші әйелімін. Нақтырақ айтқанда, Қанат бұрын отбасылы болған. Келіншегі енесімен тіл табыса алмай, алты айдан соң ажырасып кеткен екен. Заңды некеге де тұрып үлгермеген, араларында бала жоқ. Оның үстіне мені қатты сүйеді. Сондықтан да мен Қанатқа жар болуға келісім бердім.

Енемнің қулық, сұмдығы жоқ. Ұлын қызғанбайды. Күйеуім екеуміздің арамызға от салмайды. Кешкі асты дайындап қойғанын да міндет қылған емес. Ашуы шәйі орамал кепкенше тарқап кететін ақкөңіл жан. Сонда неге күйеуімінң бірінші әйелі ененің көңілі шыға алмады деп ойлайтынмын. Меніңше, ол енемнің жаман әдетіне көне алмаған сияқты.

Иә, енемнің бір жаман әдеті бар. Ол біздің жатын бөлмемізге кез келген уақытта кіре береді. Есікті қағып, рұқсат сұрап кірсе болады ғой. Жоқ, таңертең бізден бұрын тұрса, баса көктеп кіреді де терезені ашады. Бұнысы бөлмелерді желдеткені екен. Алғашқыда түсіністікпен қарап, үндемейтінмін. Бірақ кейде үстіміз ашылып қалады, кейде күйеуімнің махаббаты таң атқанда оянып, құшақтай берген енем кіріп келеді. Бірнеше рет ыңғайсыз жағдайға қалған жайымыз бар. Өз бөлмемізде өзіміз ұрлық жасағандай қысылып, есік жаққа алаңдап жатамыз. Келін бір-ақ жерде еркін тыныстап, еркін киіммен отыра алатын болса, ол оның жатын бөлмесі ғой.

Анама айттым. Анам «Әр адам әр түрлі. Мінезі ғой оның. Үндеме» деді. Бірақ үндемеген сайын енем тым еркінсіп кетті. Мен бір жаққа шыға қалсам, бөлмемдегі шкафымды ақтаратынды шығарды.

Бастапқыда білмейтінмін. Бір күні үйге алыс жамағайынының бір келіні келген еді, енем қолына ұстататын нәрсе таппай қалды. Менің бөлмеме жүгіріп кіріп, екі күн бұрын жеңгем сыйлаған сүлгіні алып шығып берді. Таң қалғандықтан сөйлей де алмай қалдым.

Қонақ кеткен соң «Менің сүлгім ғой. Неге менен рұқсат сұрамайсыз?» дедім ашуланып. «Ой, әлі ұсталмаған бес-алты жаңа сүлгің тұр ғой. Неғыласың оның бәрін» деп, одан сайын ашуландырды. Менде қанша сүлгі бар екенін қайдан біледі?

Енем менің киімдерімді, шкафымды ақтаратынын жасырмайтын да болды. Ол тіпті бірде абысыны құдалық той жасағанда менің артымнан келген жаңа орамалдарымның бәрін «Қосқаным» деп апарып бергенін айтқанда, аңтарылған күйі қала бердім. «Бәрібір сен көшеде орамал тағып жүрмейсің ғой. Үйге бір орамал да жетеді» деді де асүйге кіріп кетті. Өз қателігін түсінбеген адамға қанша айтсаң да бәрібір екен.

Шыдамым шегіне жетті. Әрине үндемедім, бірақ енем үйде жоқта бөлмемізге құлып орнатқыздым. Жұмысқа кетерде бөлмемді кілттеп кететін болдым.

Кешке мені қатулы қабағымен күтіп алды. «Бөлмеңді құлттап, атаң екеумізді жау санайсың ба?» деп, жоқ жерден ұрыс шығарды. Ұрыс отын өршітпеуге тырысып, кешкі асты да ішпей жатып қалдым. Ал ертеңіне жұмыстан келсем, енем бөлмеміздің есігін кілтсіз ашып тастапты. Онысына өзі мәз. Мен де қарап тұрмай, «Есіктің құлпын кім бұзған?» дедім кино көріп отырған атам мен енеме қарап. Енем «Мен. Не ұрасың ба, сотқа бересің бе?» деді миығынан күліп.

Ертеңіне жұмыстан соң төркініме кетіп қалдым. Төркінімнен қатынап жүрдім. Өзім екіқабатпын. Соңымнан келген күйеуіме ары қарай енеммен бірге тұра алмайтынымды айтып жыладым.

Ескі, арзандау пәтер тауып бөлек шығып кеттік. Енем әдейі істей ме, білмеймін, әлде өз қателігін білмей ме, оны түсіне алмадым. Демалыс күндері таң атысымен бізге пісірген ыстық бәлішін алып кеп береді. Онысына рахмет қой, бірақ мен жоқта келіп шкафымды ақтаратын әдетін қоймады. Ол біздің пәтерімізге қандай жаңа зат сатып алды екен деген қызығушылықпен келетін сияқты. Жай қызығушылық болса да мейлі-ау, сандығымды ақтарып орамал, жаңа шұлық, мата болса алып кетеді.

Бөлек тұрсам да тыныштық бермейтініне қынжыламын. Сандықты, шкафты құлттап қойғаннан пайда жоқ, ол бұз салады. Бұл ісінен ұялмайды да.

Тек менің енем осындай ма екен? Әлде мұндай енелер көп пе? Егер келін енесінің заттарын ол жоқта ақтарып, жаңа заттарын рұқсатсыз алса, «әдепсіз, тәрбие көрмеген» болады. Ал енелер ше? Тәрбиесіз енелердің де болғаны ғой. Оларға да тәрбие керек...»

Қамажай енелер де әдеп сақтаса екен дейді. Сіз не дейсіз, оқырман?


Ұқсас оқиғалар:


«Үш қызымды 3 еркектен туғаныма өкінбеймін»: тараздық келіншек күйеуі білмейтін құпиясымен бөлісті


«Отбасылы еркекпен жүрме»: алматылық келіншек анасын тыңдамағанына өкінеді