​«Енесін сотқа берген»: құрбысының басынан өткеніне күйінген әйел бәрін жайын салды

0
4 216

«Маған бір жігітті жіберіп, күйеуімді әдейі шақыртыпты»


​«Енесін сотқа берген»: құрбысының басынан өткеніне күйінген әйел бәрін жайын салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Пенде болғасын кейде болмашы нәрсеге көңілің толмай, шүкіршілігіңді ұмытып кетіп жатасың ғой. Мен де осы уаққа дейін енемді кім көрінгенге жамандап жүретіндердің бірі едім. Жақында шаштаразда істейтін танысымның әңгімесін есітіп, енеме деген көзқарасым түбегейлі өзгерді», - дейді Үміт есімді келіншек.


Үміттің құрбысы енесін сотқа беріпті. Оқиғаның жай-жапсарын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Гүлжан деген құрбым көпбалалы ана. Анда-санда шашымды қысқартып, боятуға барып тұратыным болмаса, анау айтқандай араласып, ашылып әңгімелеспеген екенбіз. Өткен жолы салонға ертерек барып қалып, екеуміз әңгіменің тиегін ағыттық.


«Келесі айда босанам» деді маған. Сырт келбетінен аяғы ауыр адамға ұқсамайды. «Сен былтыр ғана бесіншіңді туып едің ғой, қай уақытта үлгеріп жүрсің?» деп күлдім. Сөйткенімше болған жоқ, шаштаразым ішіндегі сырын ақтарып салды.


«Келін боп түскен кезімде «Құдай берсе туа берем» деп ата-енемнің көзінше өзіме ант бергем. Сол уәденің үдесінен шығу үшін алтыншысын күтіп отырмын. Қайтемін, енем мені «бала тумайды, бедеу» деп төркініме қумақшы болды ғой, - деп әңгімесін бастады ол. - Мен 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Мектеп бітіре сала шаштараздың курсын бітіріп, қаладағы той көйлектерінің салонына жұмысқа кірдім. Қазіргі енем сол салонның қожайыны еді. Екеуміз бір жыл тату-тәтті әріптес болдық. Ол мені өз қызындай жақсы көріп, мерекелерде сыйлық беріп тұратын.


Ол кезде менің жүретін жігітім болған. Екеуміз үйленетін боп, келісіп қойғанбыз. Бастығыма «орныма адам іздеңіз, бір аптадан кейін мені жігітім алып қашады» деп айтып қойғам. Сөйтсем бастығым баласына мен туралы айтып, «Осы Гүлжанды ал, еті тірі қыз, ертең қор болмайсың» деп айтып қойыпты. Оның баласын алдын бір-екі мәрте көріп жүргенім болмаса, сөйлеспегем. Жұмыстан шыққан бетте басып алып қашып, бастығыма келін етіп апарды. Амал жоқ, босаға аттап қойған соң қалдым.


Күйеуім Қарағандыда оқитын, бір айдан кейін сол жаққа көшіп кеттік. Ол студент, мен салонда жұмыс істеп, тікемнен тік тұрып кешке дейін ақша табам. Екі жыл күйеуімді өзім асырадым. Екеуміз де баламыз ғой, балалы болуды ойламай жүре беріппіз. Екі жылдан соң ауылға демалысқа келдік. Арада екі-үш күн өткенде таң атпай әке-шешем келді. Аң-таңмын, сөйтсем енем «әңгіме бар, тез жетіңіздер» деп шақыртқан екен. Зыр жүгіріп шай дайындап, төркінім келді деп қуанып жүрсем, енем «мына қыздарыңыз бала тумайды, алып кетіңіздер» деп әңгіме айтсын...


Әлгі жерде қаным басыма шапты. Әкем отыр-ау демедім, «Сіз кімді ақымақ етіп отырсыз, екі жыл балаңызды асырап отырғандағы айтқан рахметіңіз осы ма?» деп ашуланып, жылап қалдым. Сөйтіп отырғанда әкем сөз алды.

«Құдағи, менің қызымды тексертіп, бедеу екенін білдіңіз бе?» деп сұрады. Енемде үн жоқ. «Олай болса мен қазір қызым мен баланы өзіммен бірге алып кетіп, Ташкентке тексертем. Егер кінә менің қызымнан болса, онда әңгіме жоқ. Ал кінә күйеу баладан болса, онда, құдағи, қызыма жала жауып, осы әңгімені бықсытқаныңыз үшін сізді сотқа берем» деп әңгімені аяқтады.


Не керек, күйеуім екеумізді әкем сол күні Ташкентке алып кетті. Бастан-аяқ қаралдық. «Екеуі де сап-сау, балалы болуға толық мүмкіндіктері бар» деді ондағылар. Айтқандай-ақ, қыркүйекте Қарағандыға кеттік те, қараша айында аяғым ауырлады.


Бір жылдан кейін баламызбен Шымкентке көшіп келдік. Қалада пәтер жалдап, күйеуім жұмысқа тұрып, содан бері өз күнімізді өзіміз көріп келеміз. Бірақ енемнің хас жауы мен болдым. Басында үлкен кісі ғой деп бетіне қарсы келмей, не айтса да үндемей бас шұлғи беретінмін. Сөйтсем енем мені «кінәлі болған соң қарсы сөз айта алмайды» деп жұртқа өсек таратады екен.


Екінші баламды жаңа босанған кезім, дәл осындай Жаңа жылдың уақыты еді. Клиенттерім «үйіңе барайық, шашымызды істеп берші» деген соң үйде адам қабылдай бастағам. Одан енем хабардар ғой.

Бір күні маған звондап, «Пәленшенің баласы барады, шашын қысқартып берші» деді. «Клиентім көп» дегенімді тыңдамады. Сөйтіп көп ұзамай бір жігіт келді үйге. Кішкене ішіп алған, келгеннен маған тиісе бастады. «Күйеуі бар әйелге ұқсамайсың» деп әңгіме айтып, ақырында зорлауға әрекеттенді. Бақырып, жылап, үйден қашып шыға бастағанда күйеуім келіп қалды. Оны көрген әлгі жігіт терезеден қашып шығып, құтылып кетті.


«Сен қатын немен айналысып жатсың» деп күйеуім әбден ұрды. Айтқанымды тыңдамады. Кейін, бәрі басылған соң күйеуімнен «сен жұмыста едің ғой, қалай келіп қалдың» деп сұрасам, шешесі хабарласыпты. «Әйелің біреумен ойнастық жасап жүр, сенбесең бүгін бар, өзің көресің» деген екен. Яғни әлгі жігітті шақырып, мені күйеуіме жаманатты етіп көрсету үшін әдейі ұйымдастырған.


«Көксегеніңіз не?! Тумайды деп едіңіз туып бердім, басқа қатындар сияқты күйеуімнің тапқанын ішіп-жеп жатқан жоқпын, туа сала табыс тауып отырмын, не арманың бар?» деп үйде үлкен жанжал шығардым. «Сен жүргішсің, менің балама тең емессің» деп шықты. Тіпті әке-шешемді шақыртып, «қыздарың бұзылған, маған бұндай келін керек емес» деп шу шығарды.

Папам да қызуқанды адам ғой, «менің қызымды тумайды деп бір айттың, енді бұзылған деп жала жауып отырсың, осы сөзің үшін сотқа берем» деп қырғын салды. Айтқандай-ақ, ертеңіне әкем мені аудандық сотқа сүйреп апарып арыз жаздырған. Ақырында әулеттің үлкендері маған келіп, енем үшін кешірім сұрап, екеумізді татуластырды.


Күйеуім де қазір шешесінің мінезін біліп алған. Маған қарсы бір ауыз сөз айтпайды. Енемді көрерге көзім жоқ, араласпаймын. Күйеуім мен балаларым өздері ауылға барып тұрады. Барса да «арамтамақтар, нанның бәрін опырып жеп жатсыңдар» деп немерелеріне сөйлейді екен. Осы күні олар да «апам бізді бәрібір жақтырмайды» деп бармайтын болды».


Гүлжанның енесі жайлы айтқанын тыңдап отырып, осы күніме шүкіршілік еттім. Осындай енелерге не жетпейді осы? Ұл-қыздары ешкімге салмақ салмай, өз арбаларын сүйреп кетсе, ана үшін одан басқа не керек?! Бірақ соны Гүлжанның енесі сияқты кісілер кеш түсінеді-ау, сол өкінішті...»