Үндемесем, «Неге жауап бермейсің?» деп қол көтереді. Сөйлесем «Неге сөз қайтарасың?» деп тағы...
"Адам басына түскен қандай қиындық болса да көтере алады екен. Адамның жаны сірі деп әсте бекер айтылмаса керек" деген ой-түйінін жеткізді өзін Айзере деп таныстырған ERNUR.KZ порталының оқырманы.
"Бірінші күйеуім осыдан он жыл бұрын жол-көлік апатына түсіп, қайтыс болды. Қызым сол кезде үш жаста болатын. Жолдасым екеуміз тойға баратын болып жолға шықтық. Қызымды енеме қалдырғанмын. Тойдан қайтып келе жатқанымызда осындай қайғылы оқиға орын алды. Өзім сол кезде жүктімін. Қатты жылдамдықпен келе жатып, сайға қарай аударылып кеттік. Есімді жисам, жан сақтау бөлімінде жатыр екем. Күйеуімнің қайтыс болғанын үйге келіп естідім. Бұл маған ауыр соққы болды.
Бауырларым бар, Аллаға шүкір. Сол кезде анам марқұм тірі болатын. Арқасүйер азаматымнан бір, іштегі баламнан екі айрылып, құсадан өліп кете жаздағанымда анам қасымда болды. Қызыммен бірге үйге әкеліп қарайласты. Ол кезде өзімді жоғалтып ала жаздап жүрген шағым еді. Анам марқұм көп қолдау, көп демеу көрсетті. Солай есімді жиып, адам қатарына қосылдым.
Бірақ, анам қайтыс болған соң бауырларымның үйіне сыймадым. Дұрысы сыйғызбады. Ар-намысыма тиетін неше түрлі сөз болды. Сөздері сүйектен өтті. Ағаларым көңіліме қарап, бетіме келіп ештеңе демегенімен, жеңгелеріме ауыр салмақ болған шығармын.
Содан оларға ашуланып, «кетсем кетейінші осы үйден» деп бір көрген адамға күйеуге шығып кеттім. Екінші күйеуімнің әйелі қайтыс болған, жалғыз қызы тұрмыста екен.
Ауылда тұрдық. Күйеуім ескі көлігімен қалаға адам тасиды. Қалған уақытта бос. Қызыма әкесі жоқ болғаны үшін жәрдемақы төленеді. Сонымен күн өтіп жатты.
Күйеуім қызғаншақ болып шықты. Тіпті бауырларыммен сөйлесуге тыйым салды. Әуелі телефонымды тартып алды. Артынан арақ ішетінді шығарды. Арақ ішіп алады да, бейәдеп сөз айта бастайды. Үндемеймін. «Неге жауап бермейсің?» деп қол көтереді. Сөйлесем «Неге сөз қайтарасың?» деп тағы ұрды.
Қоятын шығар деп шыдап жүрдім. Ұрып-соғу, азаптау, қорлау осылай жалғаса берді. Үйге кетейін десем, «Осы үйден өлігің шығады» деп пышақты ала жүгіреді. Үрейден қызым екеуміздің жүрегіміз ұшып кете жаздайды. Ешкіммен сөйлеспейміз, күйеуім көріп қойса таяқ жейміз бе деп қорқамыз. Қашып шығайын десек, жолдан ұстап ала ма деп алаңдаймыз. Енді қайда барам, қайда қашам, білмеймін..."