​«Қайным жүкті етіп қойыпты»: түркістандық келіншек сіңлісінің жағдайына алаңдайтынын айтты

0
1 594

«Үйленбеймін, ол қызды жақсы көрмеймін» деп қашып отыр»


​«Қайным жүкті етіп қойыпты»: түркістандық келіншек сіңлісінің жағдайына алаңдайтынын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Отбасылық өмірдің машақаты, ағайын-туыс, құда-жекжат арасындағы проблемалар мені қажытып жіберді. Қазіргі жағдайымыз шиеленісіп тұр. Екі адамның тағдыры, екі елдің абыройы таразыға салынып жатыр», - дейді Гүлмира есімді келіншек.


Оқырманның айтуынша, туған сіңлісі мен қайнысы қателік жасаған. Оқиғаның жай-жапсарын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Біз үйленіп, қалаға қоныс аударған жылы үйге атамыздың інісінің ұлы келді. Қалаға оқуға түскен жылы еді, «сендермен бірге тұрсын, ауылдың аңғал баласы ғой, өздерің бас-көз болыңдар» деп әке-шешесі ертіп келгесін қабылдадық.Үй кең, жер үйді жалдағанбыз, қысылмай-қымтырылмай өмір сүріп жаттық.


Қайным ашық мінезді, әңгіменің майын тамызатын көңілді жігіт. Екеуміз тез тіл табысып кеттік. Өңкей бала болғасын ба, асханаға жақын екен. Сабақтан босай қалса үй шаруасына көмектесіп, екі жылда өз баламдай боп кетті.


Екі жыл дегенде менің туған сіңлім қалаға оқуға түсті де, ол да біздің үйде тұра бастады. Бір емес, екі «няняның» табыла кеткені бізге жақсы болды, екі баланы беймарал үйге тастап, жұмысқа шығып кеттік. Біз де жаспыз, кейде күйеуіміз екеуміз балаларды сіңлім мен қайныма тастап қыдырып келеміз. Жолдастарымызбен жиі бас қосамыз, қысқасы, еш арам ойсыз екі жасқа сеніп жүре беріппіз.


Сөйтсек бала көріп жүрген құда бала мен құдаша бізден жасырын кездесе бастапты. Үйде жоқ кезде көңіл жарастырып, орны толмас қателікке жол берген. Оны ешқайсымыз білмейміз. Бір күні қайным аяқ астынан әскерге кететінін айтты. «Әй, сенің оқуың не болады, әке-шешең біле ме бұл шешіміңді» деп ағасы сұрақтың астына алған.

«Білмейді, бірақ айтамын. Олар қарсы болмайды, оқуымды келген соң қайта жалғастырам» деп кетіп қалды. Сөйтсек бала ауылына барып, ата-анасына мән-жайды түсіндіріп айтыпты. Олар да ештеңеден хабарсыз, «мейлі, барсаң барып кел, әскери билет бәрібір керек қой» деп келіскен.


Ал мына жақта сіңлімнің мазасы жоқ. Бұрын сабақтан келгесін екі баламмен алысып, ойнап-күліп отыратын еді. Қазір бөлмесінен шықпайды. Не болғанын білмек боп әңгімеге тартып ем, солқылдап жылап жіберді. «Мені Еркебұлан бүлдіріп қойды. Ол маған өлердегі сөзін айтып, «саған ғашықпын» деп алдап, айтқанына көндірді. Оның үстіне мен де ұнатып қалған едім. Енді болары болған кезде «біз құдаша мен құда баламыз, үйленуге болмайды, жұрт дұрыс түсінбей қалады, осымен бәрі бітсін» деп қашып отыр. Ішімде бала бар, «алдырып таста» деп ақша беріп кетті» деп сіңлім бүкіл шындықты жайып салды.


Мына сұмдықты естігенше жер қақ айырылып, астына түсе салғаным жақсы еді. Сіңлімді әке-шешем маған аманат етіп тапсырған ғой, ал мен оның оңбай ұрынғанын байқамай қалғам. Енді оларға қай бетіммен қараймын?


Болған жағдайды Әсетке айтып едім, «сол сіңліңді бекер жүргіздік, тып-тыныш өмірімізден береке кетті...» деп мыңғырласын. Сол жерде қырылдық та қалдық. «Сенің сіңлің кінәлі» дейді, мен «бәленің бәрі анау ініңнен шықты» деп шырылдадым. Не керек, ажырасудың сәл-ақ алдында тұрмыз. «Аборт жасатам да, үйдегілерге айтпай жүре берем» деп сіңлім еңіреп отыр.


Кешегі апта Әсетке айтпай ауылға барып, болған жағдайды ата-енеме айттым. «Ойбуй, масқара болдық-ау, құдаларға не айтамыз енді» деп абдырап қалды. Дереу қайынағамыз бен абысынды шақырып, жағдайды жеткізген. «Екеуін үйлендірмеске амал жоқ, құдалардың алдынан өтейік, бәсе, бала неге шала бүлініп армиялап қалды десек...» деп абысыным жылап жіберді.


Үйлеріне барып, өзара ақылдасып, құдалықтың жайын қозғаса, қайным «мен ол қызды сүймеймін, үйленбеймін» деп азар да безер боп шығыпты. Баламдай көріп, ақ төсегіме жатқызып, аузына барымды тосып баққан қайныма айтарға сөз таба алмай отырмын.


Әлі біздің үйдегілер ештеңе хабарсыз, оларға не деп жеткізерімді білмей отырмын. Тек үлкен әпкем біледі, «анау қайның үйленбейтін болса сотқа берем» деп тас-түйін бекініп отыр. Абысыныма әпкемнің сөзін жеткіздім. "Балаңыз істеген ісін мойнымен көтерсін, сіңліме үйленіп, баласын өзі асырайды, әйтпесе әпкем екеуміз балаңызды сотқа береміз" деп қорқытып кеттім.


Үйленбеске амалы жоқ, сіңлімді алатын шығар. Бірақ кейін олар тату-тәтті отбасы боп кете ала ма, осы жағы күмәнді. Екеуі де мұндай қадамға дайын емес еді, ойнақтап жүріп от басты...»