"Көре алмайтындардың кесірінен енем өте ауыр сөз айтты"

0
359

"Қызбалыққа салынып «кетем» десем де, сол жерде менікі дұрыс болатын еді"


"Осында жазылатын ене мен келіннің текетіресі күн тәртібінен түспей тұр. Бұл тақырып өмір бойы жалғаса беретін түрі бар. Сонда да айтайыншы, ене мен келіннің арасындағы түсінбестіктерге шектеу қоюға болады, мен сол жолда қызмет етемін. Өзімнің енеммен қарым-қатынасымыз ана мен қыздың қарым-қатынасындай жақын болады деп өзімді сендірген болатынмын" - оқырман ERNUR.KZ тілшісіне естелігімен бөлісті.


"Өз-өзіме іштей берген уәдемнің үдесіне шыға алмадым демеймін, бізде барлығы жақсы, Аллаға шүкір. Енеммен қарым-қатынасымыз түзу. Бірақ ене мен келін анасы мен қызындай бола алады деген түсініктің кереғар пікір екеніне көзім жетті. Шынында да әркім өз орнын, өзінің миссиясын дұрыс білсе, өмірдің заңдылығы бұзылмайды екен.

Ене келінін қызымдай көремін деп, келін енемді өз анамдай көремін десе де, келін – қыз, ене – ана бола алмайтынын ешқашан ұмытпауымыз керек сияқты.

Мен енемді жақсы көремін. Жақсы адам екенін мойындаймын. Бұрын алғаш келін болып, осы табалдырықты аттаған кезімде оны қатты жақсы көрдім. Туған анамдай қабылдадым. Жүрген жерімде аузымнан түспейтін. Өзін жақсы көріп, сыйлап тұрған келінді жақсы көрмеуі мүмкін емес қой, енем де мені жақсы көретін. Сыйластығымыз керемет еді. Көрген жан сүйсінетін, қызығатын. Кім біледі, қызығып қарайтын адамдардың іштей қызғанышы да болған шығар. Көз тиді ме, сөз тиді ме білмедім, бір күні жанымды қатты ауыртты. Біраз уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдім. Байқаусызда айтқан шығар осындай ауыр сөзді. Ол да пенде ғой, өзгелердің арандатуына ерді ме екен? Кейін кешірдім дедім. Бірақ санамнан ешқашан өшкен емес, ұмытылмайды сол бір сәт.

Одан бері үш жылдай өтті. Енемді сыйлаймын, бірақ бұрынғыдай қатты жақсы көре алмаймын. Бетіне келіп бір ауыз сөз айтып көрген емеспін. Ол кісі де мүмкін өкінетін шығар.

Маған қазір жақсы қарайды. Балалар десе де жанын беруге әзір, немерелерін қатты жақсы көреді. Сол махаббаты үшін мен енемді кешірдім және жүрекке салған жараның орнын бүркемелеп, емдеп-жазуға тырысып жатырмын.

Өзіме сөз бердім, ешқашан енемнің бетінен келмеймін деп. Мен әрқашан ата-енемнің қас-қабағына қарап жүретінмін. Жалпы үлкендердің қас-қабағына қарап өскен адаммын. Анам "үлкендерге ренжуге болмайды" деп тәрбиеледі. Соны бойыма сіңіріп алғанмын. «Ересек адам, өзіңнен үлкен біреу дұрыс емес бірдеңе жасап, сені ренжітсе де, оған ренжуге хақың жоқ, өйткені ол – үлкен адам. Демек, сені ренжіткені үшін өзің кінәлісің» деген блок тұрады.

Ешқашан мінезімді көрсетіп, айқай-шу шығарған емеспін. Тіпті, күйеуіммен ұрысып қалсақ та, ата-енемнің алдында ұрыспағандай күйде боламын. Ал ол көрсетіп жүре беретін. "Әкеміз, анамыз уайымдамасын, одан да білдірмей-ақ қояйық" дейтінмін. Мен өзімнің қалауымды, шынымен де не сезініп жүргенімді күйеуіме де, енеме де айта алмайтынмын.

Сол кезде енем көңілімді қалдырып, қатты ауыр сөз айтқан кезінде жүрегіме қанжар сұғып алғандай болғанымен, оған бір ауыз ләм-мим деп қарсы дауыс көтермедім. Бар қолымнан келгені - көз жасыма ерік беріп, бөлмеден шығып кеткен болатынмын. Бәлкім, сол кезде мен де оған қарсы сөз айтып, жүрегіне ауыр тиетін сөздерді айтқанымда ұрыс-керіс өршіп, бір-біріміздің бетімізге қарай алмайтындай күйде жүрер ме едік.

Әрине, ол кездердің барлығы артта қалды. Бірден емес, біртіндеп ұмытыла бастады. Арамыз салқындап, мен енеме сөйлемей, томсырайып жүрген кезде ол кісі де өзінің қателігін түсінді деп ойлаймын. Кейін өзінің артық кеткенін мойындап, кешірім сұрап, татуласқандай болдық.

Әрине, мен күйеуімді жақсы көріп тұрғанда, одан кете алмайтыным белгілі болып тұрғанда және, ең бастысы, ортамызда төрт баланың бар екенін ойласақ, бұл да оңай шаруа емес. Қызбалыққа салынып «кетем» десем де ол жерде менікі дұрыс болатын еді.

Бірақ мен қызбалыққа салынбай, ойланып шешім қабылдадым. Енем де менің осы қасиетімді бағалады және осы үшін сол оқиғадан кейін қайтып көңіліме келетін сөз айтпаған. Керісінше, бұрынғыдан да гөрі қамқорлығын көрсетіп, сол бір ағаттығының орнын толтырып, қателігін жуып-шаюға тырысып жүр.

Әлбетте, жолдасыма да үй ішіндегі «салқын ауа-райы» ұнамайтыны анық. Сондықтан, мен де өзімнің ішкі ренішімді барынша жеңуге тырысып келемін. Ол кісі де мәңгілік өмір сүрмейді, адам бұл өмірге қонақ. Сондықтан, кешірімді болғанның да осындай пайдасы бар екенін айтқым келеді."