«Жұмыстан босағасын ешкімге керегім болмай қалды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Қырыққа келіп түсінгенім, қазақтың әр мақалының, әр мәтелінің астында терең мағына жатыр екен. «Сауаптың түбі тесік» дегенді енді түсініп отырмын. Себебі адамның бәрі бірдей емес, жетесізге жақсылық жасасаң, олар сені осылай істеуге міндетті деп санайды. Тірлігі бітіп, дегеніне жеткен соң сені адам ғұрлы көрмей кетеді. Мен сондай адам болдым, қайын жұртым әбден пайдаланып, ақырында «тряпка» қылып тастап кетті», - дейді Сандуғаш есімді әйел.
Ол басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Менің бар кінәм, жасым отызға таяп қалса да сезімімді ақылға салмай, сұлу жігітке ғашық болғаным. Жігіттің жан дүниесіне, жүрегіне үңілмей, бетінің жылтырағанына еріп түстім. Оның бұрын ажырасқаны да, басқасы да қызықтырмады. Бірақ себебін сұрадым, «Жас болдық, ерке болдық, кім қателік жасамайды дейсің?» деп жауап берді.
Расында да жігітім бес әпкесіне еркелеп өскен, әке-шешесінің зарыға күткен жалғыз баласы еді. Мектепті әупірімдеп бітіріп, университетті үшінші курста тастап кеткені де мені қызықтырмады. Бастысы көрікті, астында жап-жаңа көлігі бар, тілі майда, жанында жүрсең ішің пыспайды, соған «сындым».
Кейін, үйленгесін білдім ғой, бірінші әйелі де өте жақсы, тәрбиелі, білімді қыз болған екен. Күйеуім басқа біреумен жүріп кетіп, ақырында «неге жүресің» деген сөзі үшін өлгенше таяқ жеп, төркіні әкетіп қалыпты. Осыны естігенде біртүрлі, өз адамыма тұрмысқа шықпағандай өкініп қалғам. Бірақ артқа шегінетін жол жоқ, тіршілікті ары қарай жалғастыра бердік.
Мен университетті бітіре сала жақсы жерде қызметке тұрдым. Нағашым жақсы қызметте істейтін, сол кісінің ықпалымен төрт жылда бөлім басшысы қызметіне көтерілдім. Ол уақытта адамдар жерге онша қызықпайтын, бәрі пәтер кезегіне тұрушы еді ғой, қалада бос жерлер көп, соны менің күйеуім мен қайын әпкелерім жақсы білген екен.
«Өзіміздің болашағымыз үшін ғой, давай жақсы жерден 3-4 телім алып қояйық» деді бір күні. «Болашағымыз үшін» десе әйелдің жаны кірмей ме, бір сөзге келмей қазіргі ең мықты деген ауданнан үш жерді алып, күйеуімнің атына рәсімдеп қойдық. Көп ұзамай Бейбіттің ең үлкен әпкесі жер үй салатын болды да, бізге «жерлеріңнің біреуін маған сатыңдар, мен сендерге үш бөлмелі пәтерімді берейін, үстіндегі ақшасын банктен несие алып құтыласыңдар» деп айналдырды. Не керек, әпкеміздің үйін менің атыма несие алып, жартысына жер, жартысына ақша беріп алдық. Осылайша банкке «тығылдым».
Күйеуім еш жерде жұмыс істемейді, тек әлгі үлкен әпкесі базарда кілем сатумен айналысады, бұл соның жанында көмекші. Қалтасында мырш-мырш ақша жүретін. Соған қарамастан әлгі несиені өзім төледім. Себебі төлем уақыты келгенде күйеуімнің ақшасы болмай қалатын. Ақырында күйетін өзім ғой, пайызы өсіп кетсе, өзіме кесір ғой, пәлесінен аулақ деп төлей салушы едім.
Күйеуіммен төрт жыл отастық. Қазір қарап отырсам, күйеуімнің төрт жылы қыдырумен, той-думанмен өткен екен. Сол кезде қандай ақымақ болғанмын деп қазір таңғалам. Әпкелерімнің бәрі біздің отбасымызды басқаратын. Үйге келгенде «әйелді былай ұстау керек» деп күйеуіме ақыл айтып, мені кекетіп-мұқатып кететін.
Соған қарамастан әрқайсысы ұлдарына сүндет той істесе «Тай-пай деп жүреміз бе, бір жер сыйлай салайық» деп мені алдап-сулап көндіріп, менің қызмет етіп тапқан бар байлығым - алып қойған жерлерімді шетінен бес әпкесіне де сыйлаппын ғой.
Баламды босанып, үйде, декреттік демалыста отырғанда күйеуімнің мінез-құлқы күрт өзгерді. Сау күнінен мас боп жүруі, мені балағаттап сөйлеуі көбейді. «Балаңның аузын жап!» деп айқайлап, түн ішінде басқа бөлмеге қашып кететін. Еркектік міндетін дұрыс орындамай, әрдеңені бір сылтауратып жатып қалушы еді. Онысы бергі жағы екен, арада 5-6 ай өткенде мені ұратын әдет пайда болды.
Адам істегенінің жазасын өтемей қалушы ма еді? Жығылғанға жұдырық деп менің қызметімді асыра пайдаланғаным басшылардың да құлағына жетіпті. Жазамды алып, біраз шығындалдым. Абырой болғанда қызметтен шеттетілумен құтылдым.
Жұмыстан шығып қалған соң қадірім тіпті кеміді. Қит етсе кінә тағып, күйеуім таяқтың астына алады. Бәріне мен кінәлімін. Сөйтеді де, көлігіне мініп, тайып тұрады. Бірнеше күннен соң қайтып келеді. Келеді де тағы ұрады. Ақырында мамам мен нағашым келіп, мені үйге әкетіп қалды.
Күйеуім менің кеткенімді керек те қылған жоқ, өйткені менен енді оған пайда жоқ қой. Және жүріп жүрген адамы бар. Біз ажырасқан соң бір-екі жылда жер бағасы шарықтап, жұртты бәрі жер алуға қызу кірісті. Сол кезде кезінде өзім сыйлаған жердің рахатын күйеуімнің әпкелері көрді. Бірі жерін сатып дүкен ашты, екіншісі дүркіретіп үй салып алды. Үшіншісі жерін сатып, Қытайдан тауар тасып, саудамен айналысты. Айналасы 5-6 жылда байып, жағдайларын көтеріп алды. Бірақ ешбірі артымнан іздеп келмеді, тіпті баламмен бақшадан келе жатсақ көрмегендей өте шығатын. Ал ұятсыз күйеуім өзім несиесін төлеген пәтерді бөліске салып, жарты ақшасын қалтасына басып алды. Мен қарыздан құтылғаныма мәз болдым.
Ақымақ басым, сол жерлерлерді анама, нағашыларыма сыйласамшы... Күйеуімнің әпкелері риза болсын деп бар тапқанымды соларға таси беріппін. Ажырасып, олар байып кеткенде ішім қатты ашыды. «Сендерді Құдай тапсын!» деп қарғадым, жасырып қайтем, күйіп кеттім себебі. «Балам бар еді, жағдайы қалай» деп іздеп келмеген күйеуіме ренжідім. «Лох» болғаныма намыстанып кетем кейде.
Қазір екінші рет тұрмысқа шыққам, бастысы ол мені сүйеді. Арамызда бала бар. Бірақ баспанамыз жоқ, пәтер жалдап тұрамыз. Екеуміздің жалақымыз аз болғасын несие де, ипотека да рәсімдей алмаймыз. Осы күніме шүкіршілік етіп өмір сүріп жатырмын.
«Әйелдің өзі сүйгені – соры» деп жатады ғой, қазір еркекке сеніп тірлік қылатын заман емес. Қолыңнан келіп тұрса, алдымен өзіңді жарылқау керек екен. Дүние бір орында тұрмайды, ең бірінші орынға өзіңді қойып, өз жағдайыңды жасағаның дұрыс. Қыздарға айтарым – осы».