​«Күйеуімді тастап кеткеніме қуанамын»: алматылық келіншекті күйеуі тонап кеткен

0
1 265

«Сезімнен пайда таппадым, енді сүймейтін адамның тоқалы болған дұрыс па?»


​«Күйеуімді тастап кеткеніме қуанамын»: алматылық келіншекті күйеуі тонап кеткен
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қыз баланың тағдырының өте қиын екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Келін болу, бала табу, оны жақсы адам етіп тәрбиелеуден алдын, оған жар таңдау жауапкершілігі жүктеледі. Осы жерден сүрінбеу керек. Кім болса соның жетегіне еріп, сезіміне елітіп кете берсең, ертеңгі күні өмірің өксікпен өтуі мүмкін», - дейді Бибінұр есімді келіншек.


Оқырманымыз жар таңдауда қателескенін айтып, басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жасым 32-де. Осы жасыма дейін әйел болып жарқырап киініп, жадырап күлмеппін десем кейбіреулер тіпті сенбейтін шығар. Бірақ бұл шындық. Тұрмыс құрғалы жоқшылықтан көз ашпадым. Алланың сынағы шығар деп ойлаймын, бірақ пендеміз ғой, қысқа ғана ғұмырда адам сияқты өмір сүргің келеді екен.


Кішкене кезімізден анам інім екеумізді жалғыз өсірді. Ес білгелі әкемді көрген емеспін. Анамның айтуынша, әкем бізді кішкентай кезімізде тастап кеткен екен. Анама екі баланы жалғыз өсіру қиын болғаны белгілі ғой, сондықтан інім екеуміз де жоғары оқу орнына түсе алмадық. Мектепті бітіргеннен кейін бірден еңбекке араластым. Ауылда жұмыс жоқ болғасын қалаға көшіп келіп, пәтер жалдап тұрдық.


Жұмыс істеп жүріп колледжге түсіп, тігінші мамандығын алып шықтым. Күндердің бір күнінде группалас досымның туған күніне барып, сол жерде күзетші боп бір жігітпен таныстым. Бір үйдің жалғыз ұлы екен, қыр-соңымнан қалмай қойды. Бірнеше ай кездесіп жүрдік. Обалы не керек, мамам Нұрғазы деген жігітті ұнатып жүргенімді айтқанымда «қызым, сен әлі жассың, тұрмысқа шығуға асықпа, біраз жұмыс істе, ертең өзіңе жақсы жар болатын адамды өкінбейтіндей таңда» деп ақылын айтып еді. Мен әлі күнге анамның осы ақылына құлақ аспағаныма өкінемін.


Нұрғазыны ұнатқандықтан мен оның дегеніне көніп, соңынан еріп жүре беретінмін. Екеуміз көп ұзамай жақын қарым-қатынасқа да бардық. Ол өзінің туған күнінде мені үй ішімен таныстыруға апарды. Туған күн кешінде ішімдікке қызып алған туған-туыстары үйлендіреміз деп қалжыңдап отырып, әзілдің соңы шындыққа ұласып, басыма орамал салып, мені сол күні алып қалды. Соңымнан қуғыншы болып, анамның сіңілісі, інім келді. Мен өз еркіммен келгенімді айтып аттаған босағамда қалатынымды айттым.


Сонымен не керек үйлендік, бір жылдан кейін қызды болдық. Күйеуім күзетшілік жұмысынан шығып қалды. Өйткені ол бір ішсе тоқтай алмай, бірнеше күн ішіп, уақытында жұмысқа шықпай қалатын әдет шығарды. Ата-енем жұмыс істейді, олардың тапқан-тергені тамақтан аспайды. Мен баламен үйде отырмын, күйеуім болса әрнәрсені сылтауратып жұмысқа шықпай қойды. Бір жұмысқа кіреді, бір апта болмай шығып қалады, ары кеткенде бір ай істейді, жалақысын қайда жұмсайтынын білмейміз.


Абырой болғанда ата-енеміздің үйі бар. Әйтеуір баспанамыздың барына тәубә деп әупіріммен күн көрдік. Енем біздің тойымызға деп несие алған, тапқан-тергенін несие өтеуге жұмсайды. Менің таңғалатыным, ашуланатыным, ата-енем балаларына «неге жұмыс істемейсің, ақша таппайсың, арамтамақсың» деп айтпайды. Мен Нұрғазыға қабақ шытып ренжісем, мені оған қарсы сөйлетпейді, бірден балаларын жақтап шығады.


Мейлі, «әйтеуір бір ақыл кірер» деп үндемей жүре бердім. Бірақ санасыз адамға дауа жоқ екен. Қызымды бақшаға беріп, перде тігіп сататын ательеге жұмысқа кірдім. Күнделікті ақша түсіп тұрған жақсы екен, қызыма киім алып, үйге азық-түлік тасып, әжептеуір берекеміз кіріп қалды. Ал Нұрғазының жұмысы бірде бар, бірде жоқ. Кейде онымен ашық сөйлесіп, тұрмысымызды жақсартайық, жаспыз ғой, жұмыс істейік, ертең тағы да балаларымыз болады деп талаптандыруға тырысамын. Ол бәрін түсінгендей болады, бірақ жалқаулығы басым және ата-анасы оған жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік бермегендіктен бе өте босбелбеу болатын.


Екі жыл өткенде құрбым екеуміз ақшамызды тірнектеп жинап, өзімізге жеке салон аштық. Тапсырысқа перде алып, тігіп, орнатып беруді мойнымызға жүктедік. Бастапқыда ешқандай пайда түспеді. Бірақ кейін тұрақты клиенттерді тауып, ісіміз дөңгелеп жүрді. Бір күні тапсырысқа деп тастап кеткен клиенттің 200 мың теңгесін Нұрғазы сөмкемнен ұрлап алып, ойын автоматына салып жіберіпті. Сонысымен қоймай «алсам не бопты, сенің табысың отбасымыздың табысы емес пе» деп міз бақпай қарағанда шыдамым шегіне жетті. Түбегейлі ажырасып, қызымды жетектеп анамның үйіне кеттім.


Ата-енем жалынып артымнан екі рет келді. Бірақ оларға мен емес, менің табысым, баласына қызметші керек екенін түсіндім. Олар өз балаларының өзгергенін қаламайды екен, «бары сол ғой енді, әбден еркелеп өскен» деп ақтап алғысы келді. Ал Нұрғазыға мен бармын ба, жоқпын ба, қызының болашағы қандай болады, бәрібір секілді, ойланбайды. Кешірім сұрап келген де жоқ, ақшаны тауып беруге тырысқан да жоқ.


Ажырасудың абырой емес екені түсінікті ғой, бірақ мен күйеуіммен ресми түрде ажырасып, өмірімді анам мен қызыма арнауды шештім. Міне, ажырасқанымызға қазір 3 жылдай болып қалды. Шынымды айтсам күйеуімнен құтылғаныма қуанамын. Күн демей, түн демей жұмыс істеп шаршап жүрсем де, миым тыныш. Өзі ақша таппайтын, ішіп келіп миыңды атала қылатын, қателігін сезінбейтін, қит етсе, жұдырығын ала жүгіретін күйеу түзелмейді екен.


Қазір маған бір кісі сезімін білдіріп жүр. Кәсіпкер азамат екен. Отбасы бола тұра қыр-соңымнан қалмайды. «Жағдайыңды жасап қоям, қызыңа жақсы әке болам» деп уәдесін беріп жатыр. Керек болса да, болмаса да маған үлкен көлемде тапсырыс беріп кетті, соның пердесін тігіп әуремін. Ол кісінің ұлы жоқ екен. Оның маған қойып отырған шарты, мен оған бірнеше бала туып беруім керек сияқты. Бірақ мен отбасылы адамның екінші әйелі болуға қалай келісім берерімді білмей отырмын. Оның үстіне ол кісіге деген сезім де жоқ. Ал сүйіп қосылған адамнан ешқандай рахат көрмедім. Қысқасы, әрі-сәрі күйдемін. Қайтпек керек, ақыл-кеңес айтыңыздаршы».